Микрофон және тыныштық. Кітапхананың функциясы қандай?

Оқырманға кітапханада өтіп жататын жиындар қалыпты нәрсе секілденіп кеткелі қашан. Әртүрлі тұсаукесер, галерея, еске алу кештері, дөңгелек үстел, тағысын тағыларының шақыру қағаздарында кітапханалардың мекенжайы жиі беріледі. Ал кітапхананың негізгі функциясы қандай? Іс-шара, жиын-жиналыс уақытын арнайы бөліп, ізденуге келгендерге кедергі болмай ма? Біз осы тақырыпта арнайы сауалнама жүргіздік.
Оқырмандар не дейді?
Сауалнамаға 16-65 жас аралығындағы кітапханаға жиі баратын 140 азамат (негізінен Алматы мен Астана қаласы бойынша) қатысты. Олардың 44 пайызы кітапханаларда оқырманға кедергі келтіретін әртүрлі жағдайлардың кездесетінін растады. Қалған 56 пайызы ондай кедергі жоқ екенін айтты. Ал кітапханада өтетін іс-шаралар туралы сұраққа оқырмандардың 22 пайызы – «кедергі келтіреді», 32,6 пайызы – «кейде ғана кедергі келтіреді», қалған 45,4 пайызы – «кедергі келтірмейді» деп жауап берді. Мәселен, дипломдық жұмыс жазып жүрген Сәуленің айтуынша, іс-шаралар арнайы залда өтсе де жұмыс процесіне айтарлықтай кедергі келтіреді екен. Топ-топ адамның кіріп-шығуы, олардың қарбаласқан жүрісі, дабырласқан сөздері оқырман залына да жетіп жатады. Ал Батыржанның (есімі өзгертілді) сөзінше, бірде Алматыдағы Жамбыл кітапханасының қызметкерлері: «Бізде іс-шара өтіп жатыр еді, 2 сағаттан келуіңізді өтінеміз», – деп шығарып салған. Енді бір шағын кітапханаларда тұсаукесер, кеш өтті дегенше оқырмандар сабылып, қызмет көрсететін кітапханашы таппай қалып жататын көрінеді.
Әрине, кейбір респонденттер айтқандай «жылына бір-екі рет болса ештеңе етпес еді», бірақ соңғы жылдары кітапханада шара өткізу кітапхананың қосымша қызметіне емес, негізгі міндеттерінің біріне айналып барады. Ал негізі кітапхана деген парақталған кітаптың дыбысы ғана естілуі тиіс орын емес пе? Мәселен, АҚШ-тың астанасы Вашингтонда оқып жатқан журналист Дүйсенәлі Әлімақын ондағы кітапханаларда іс-шара өткізбек түгіл, дыбыс шығарып сөйлеуге қатаң тыйым салынған дейді.
«Бұл жақтағы кітапханаларға кірсең шыққың келмей қалады. Тып-тыныш, айнала құлаққа ұрған танадай. Осындай жайлы ортада ғана адам білім іздеумен, ғылыммен айналыса алады. Өзім оқу залына аптасына 2-3 рет барып отырамын. Сағаттап кітап оқимын. Себебі миллиондаған кітаптың арасынан өзіңе керек еңбектерді табу қажет. Бір тақырыпты бірнеше қырынан зерттеу үшін әртүрлі авторды, әртүрлі жанрды, әртүрлі кезеңді қарайсың. Ізденіс үшін бәрін ақтару керек болады. Осындай мықты концентрацияны талап ететін жұмыс барысында айнала шу болып жатса, әлбетте кедергі келтіреді.
Біздің университеттің Гельман кітапханасы Вашингтондағы ең ірі кітапханалардың бірі. Жеті қабаттан тұрады. 24 сағат жұмыс істесе де қашан барсаң адам тола, қашан барсаң кезек. Тоқтаусыз қызу процесс жүріп жатады. Бірақ шу жоқ. Бұл жерде іс-шара өткізбек түгіл сөйлеуге де болмайды. Конференц-залдар мен концерт залдары университеттің басқа ғимараттарында орналасқан. Ал кітапханада артық сөз де, қозғалыс та жоқ. Ондағы атмосфера ынтаны аша түседі. Білім-ғылым деген шексіз нәрсе ғой. Сондықтан ізденем деген адамға осындай қолайлы орта қалыптасқаны жақсы. Алайда еліміздегі жағдай сәл өзгеше. Біздің Ұлттық кітапхана бұрыннан Наурызбай, Медеу аудандарының оқушыларын жинап алып, шаралар өткізіп жататын. Ондай артық қимыл-қозғалыстың ешбір кітапханада болмағаны жақсы. Оқырман оқуға, кітапқа келеді. Сол себептен де алдымен ізденіске жағдай жасалу керек».
Түркияда білім алып жатқан студент Ақерке Бисенғали де осы сарындас пікір айтады.
«Қазақстандағы кітапханалар мен мұндағы кітапханалардың айырмашылығы айтарлықтай. Қалалық, университет кітапханаларынан бөлек, жағалаудағы, көшелердегі кітапханаларда да өлі тыныштық. Олар аптасына жеті күн сағат 9:00-дан 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітапханадағы жайлылық жұмыс істеуге құмарыңды аша түседі. Тіпті жүргенде аяғыңның дыбысы естіледі, әрі-бері қозғала беруге де ұяласың. Ал бізде жүрмек түгілі микрофонмен де шараларын жүргізе беретіні таңғалдырады».
Кітапханашылар не дейді?
Еліміздегі ірі кітапханалардың басшыларымен байланысып, арнайы сауал қойдық. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева (Ғазиза Құдайберген) мұндай шаралардың тізбесін әр кітапхана өзі дайындайтынын, жылдық, айлық, апталық жоспар жасау міндеттелгенін айтты. Бұл орайда мәдениет, руханият, әдебиетке қатысты мерейлі даталар ескеріледі екен. Кітапты қорға енгізу, библиография бөлімдерінен бөлек, арнайы іс-шара өткізетін, осы жұмыстармен айналысатын бөлім де бар.
«Көп кітапханалар мәдени немесе концерт жасайтын орталыққа айналып бара жатқаны рас. Кітапханашылар жиыны өткен кезде де осы мәселені айтып жүрмін. Бірақ қалай қарасақ та іс-шаралар кітапхананың ажырамас бөлігі. Сондықтан мәселені шешу үшін алдымен форматты реттеген жөн. Мәселен, оқырмандарға кедергі келтірмейтіндей оқырмандар конференциясы, талқылау, әдеби рецензия сынды форматтар таңдауға тырысамыз. Бөлек залда өтетіндіктен мұндай форматтар қатты шу тудырмайды, ешкімге кедергі келтірмейді.
Біздің кітапханаға сол жағалаудағы жалғыз үлкен кітапхана болған соң мәдени шаралардың ошағы осында деуге болады. Аталған жоспарлы шаралардан бөлек, жоспарланбағандары тағы бар. Себебі журналистер, басқа да мамандар локация сұрап жиі хабарласады. Мүлде келіспей қоюға да болмайды. Бірақ сондай жоспарлы, жоспарсыз іс-шаралар өткенше тынышым кетеді. Өйткені әр оқырман жұмыс істеуге арнайылап, уақыт бөліп келеді. Оларға кедергі келтірмей, жағдай жасау – кітапхананың міндеті. Сондықтан да «соңғы уақыттары оқырман көбейді» деп көп шараларды өткізуге келісім бермей жүрміз. Құзыретім жеткенше жоспардан тыс шараларды азайтып жатырмын. Кітапханашы ретінде шаралардың барынша аз өткенін қолдаймын. Алайда мүлде өткізбей тастау деген нұсқаны қарастыра алмаймыз. Бұл жерде халықтың мәдениеті де маңызды. Кітапханаға келген адам шараға келсе де, басқаға келсе де, шуламай-ақ, тып-тыныш кіріп-шығуына болады. Қоғамдық орында өзін-өзі ұстау жағы да ескерілуі тиіс».
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы да мәдени шараларды өткізгенде оқу залдарында оқырманға қажетті тыныштықты, жайлылықты қамтамасыз ету басты назарда дейді. Оның сөзінше, Ұлттық кітапханада мәдени іс-шаралар арнайы залдарда өткізіледі, оқырмандарға да, қызметкерлерге де кедергі жасалмауы қадағаланады. Бірақ кітапханада орта есеппен аптасына 2-3 шара өтеді. Кейде бірнеше күн қатар үлкен форумдар болып жатады. Олардың ың-шыңсыз өтіп кететініне сену қиын. Осы жайлы сұрағанымызда кітапхананың баспасөз қызметі: «Бізде іс-шаралар өтетін залдар бірінші қабатта орналасқан. Оқырман залы 2, 3 қабатта. Сондықтан аса кедергі келтірмейді. Бірақ біз өз тарапымыздан шараларды көп өткізуді мақсат тұтпаймыз. Мұның бәрін жоспарлап, ұйымдастыратын көрмелер және мәдени бағдарламалар бөлімі», – деп жауап берді.
Ал Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар желісінің директоры Мейрам Бектембаев: «Кітапханалар кітап сақтайтын орын ғана емес, заман сұраныстарына бейімделген қоғамды дамыту орталығы. Әртүрлі іс-шаралар өткізу оқырмандардың қызығушылығын оятып, оларды мәдени өмірге тартады. Өз кезегінде іс-шаралардың көбейіп кетпеуіне де назар аударамыз», – дейді. Жоғарыда айтылған «2 сағаттан кейін келдің» жайын да сұрадық. Желі басшылығының мәліметінше, Жамбыл кітапханасына да, басқа кітапаханаларға да ондай шағым түспеген (немесе шағым «жоғарыға» жетпеген).
Кітапхана айналасындағы тұлғалардың өзі шаралардың жайсыздық тудыратынын терістемейді. Ал кітапханада өтіп жатқан іс-шаралар азаматтарды мәдени өмірге тартады, оқырмандарды кітап оқуға қызықтырады деген арнайы дәлелдеуді, тіпті зерттеуді қажет ететін сөз.
Сөз басында айтылған сауалнамаға қатысқандардың тек 35,8 пайызы ғана мұндай іс-шаралардың өтуі қалыпты деп санайды. 51 пайызы – «кітапханада іс-шаралар өткізуге болады, бірақ жиі емес» десе, 13,2 пайызы – «мүлде өткізбеу керек» деп есептейді. Оқырмандардан бөлек 35 жыл кітапханашы болып қызмет атқарған зейнеткер Бағдат Дәрімбекованың айтуынша, кітапханада өтетін шаралардың дені – құр жиын.
«Қатысушылар сол саны көп жиыннан бір нәрсе алса жақсы. Бірақ бірінен соң бірі өтіп жатқан шаралардың тыңдалатындары сирек. Оларды қаз-қатар өткізе бергеннен гөрі, айына бір-екі ғана тағылымы мол кеш ұйымдастырған тиімдірек. Бірақ өз тәжірибемнен білемін, кітапханаларға «ананы өткіз, мынаны ұйымдастыр» деген тапсырма көбейіп кетті. Осыдан 20-25 жыл бұрын бұлай болмаған. Бұл ең әуелі тапсырманы беруші органдар тарапынан реттелетін мәселе. Іс-шараларды азайтудан бөлек, кітапханаларға жұмыс жүйесін жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу артық етпейді. Мәселен, толық апта демалыссыз режимге көшу, жұмыс уақытын ұзарту, тәулік бойы қызмет көрсету. Бұл білім іздегендерге қолайлы жағдай қалыптастырары сөзсіз. Мұның оқырмандар үшін тиімді екені, ұсыныстар көп екені айтылып жүр. Дегенмен апта немесе тәулік бойы жұмыс істеу қаражат пен қосымша штат бірліктерін талап етеді. Қазіргі таңда Алматыдағы екі кітапхана пилоттық режимде тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Олардың оқырман үшін тиімділігі дәлелденіп те жатыр. Сондықтан алдағы уақытта ірі қалалар мен мегаполистерде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар жасақтау ісі қаралып жатса құба-құп. Оқырманға тыныштықтан бастап барлық жайлылық жасалуы керек», – дейді тәжірибелі кітапханашы.
Баян Мұратбекқызы