Микроқаржы ұйымдары: Олар тұзаққа түскендер
«Ranking» мониторинг агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде елде белсенді жұмыс істеп жатқан микроқаржы ұйымдарының қарыз портфелі бірден 62 пайызға ұлғайған. Осылайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды.
Тіпті еліміздің қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының банкке айналуына да рұқсат берді. Қазір қажетті талап, құқықтық база жасалып жатыр. Ол талапқа сай болса микроқаржы ұйымдары болашақта банктермен үзеңгі қағыстырып, иық тіресе алады.
Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының қарқынды дамып жатқанына қызықса керек, өткенде ресейлік банкир Игорь Ким еліміздегі «Береке» микроқаржы ұйымын сатып алды. Бұған дейін елдегі капиталы ірі үш ломбардтың иесі болған Ким енді микроқаржы арқылы табысын асыра түспек болған сияқты. Аталмыш микроқаржы ұйымының еліміз бойынша төрт облыста және оншақты ауданда «Ауыл халқына көмектесу» мақсатында құрылған филиалы бар. Білетіндер бұл салаға ресейлік банкирлердің дендей енуі де алаңдатпай қоймады дейді.
Пайызбен тұншықтыру
Негізінде, біздің заң бойынша микронесие ұйымдары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі қатаң шектелген. Атап айтқанда, жылдық сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемі кепілзатсыз банктік заемдар мен микрокредиттер бойынша 56 пайыздан аса алмайды. Ал кепілзат қойып алынған заемдар бойынша шекті мәні – 40 пайызды, ипотека бойынша – 25 пайызды құрайды. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді микронесиелер бойынша 20 пайыздан аспауы шарт.
Алайда микроқаржылық ұйымдағылар бұл талапты сақтамайды. Олар бұл талапты айналып өтіп, елді жоғары пайызбен тұншықтырудың жолын әбден меңгерген.
Зерттеп көрсек, микроқаржы ұйымдарының беретін несие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай. Бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұзса, ұйымның сыйақысы шарықтап шыға келеді.
Мысалы, біздегі микроқаржы ұйымдарынан 5-10 миллион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп алуға болады. Ал кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі, оның мөлшері алдын ала келісімшартта көрсетілгендей, 739 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мұны олар кейде «APR» деген терминмен де бүркемелейді екен. Бұл «Annual Percentage Rate», яғни максималды жылдық пайыздық ставка дегенді білдіреді. Дамыған елдерде мұндай жылдық сыйақы халыққа тиімді шартпен есептеледі. Қазақстанда бұл нағыз қарапайым халықты қанаудың шегі.
Сөзіміз дәйекті болуы үшін біз бірді-екілі микроқаржы ұйымдарына барып көрдік. «Жалақыдан жалақыға» деген жарнамасы жер жарып тұрған «Koke.kz» маркасымен белгілі «Creditum» микроқаржы ұйымының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 1,22 пайыздан басталады. Ал жаңағы APR-ы – 365 пайыз. «Tengo.kz» маркасымен танылған қаржы ұйымының жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1,22 пайыздан басталып, APR-ы – 365 пайызға жетеді. Ал «Zaimer.kz» маркасын пайдаланатын «Робокэш.кз» ұйымының жылдық сыйақы мөлшері 0,12 пайыздан басталса, APR-ы – тіптен 739,86 пайыз.
Бастапқыда жарнамасына қызығып, тіпті өзің де микронесие алғың келеді. Қаржыгерлерден АРR дегеннің (максималды жылдық пайыздық ставка) не екенін жақсылап түсініп алған соң ғана, өзіңе тоқтау айтасың. Ақиқатын айту керек, бүгінде микроқаржыға жүгінетін жұрттың басым көпшілігі қолына қаржы тисе болды, келісімшартты оқымайды да.
Микроқаржы ұйымдарын аралап жүріп сондай бір кейіпкерді кездестірдік. Алматылық Мұхтар Нүсіпов есімді азаматтың сөзіне сүйенсек, 2015 жылы несиесін уақытылы төлей алмаған оған банктердің есігі тарс жабылған. Несие тарихы бұзылып, «қара тізімге» ілінген кейіпкеріміз былтыр микроқаржы ұйымдарын маңайлап көріпті. Талабы жеңіл екенін байқаған ол бастапқыда аз сомада несие алып көрген. Кейіннен ұйымнан алатын соманы арттыруға болатынын біліп, 15 минутта 5 млн теңге рәсімдеген. Кейіпкеріміз, тіпті несие алатын кезде таныстарының атын да, телефон нөмірлерін де өтірік көрсеткен. 5 млн теңге қолына тигеннен кейін ол өзінің телефон нөмірін де, жұмысын да, тұратын пәтерін де ауыстырады. Осылайша, «қаржы ұйымынан айламды асырдым, олар енді мені таппай қалады» деп жүргенде жеке сот орындаушыларынан түрлі хабарламалар келе бастайды. Бүгінде ол 5 млн теңгенің үстіне тағы 5 млн қосып, 10 млн теңге төлеуге мәжбүр.
Лудомандар мен лотоклубтар. Берме десең де береді
Елдегі микроқаржы жүйесі алаяқтардың, құмар ойын ойнаушылардың, лотоклубтарда ойнайтындардың да көңілін қалдырмайды екен. Қаржы ұйымын аралау барысында кезіктірген тағы бір кейіпкеріміз – Айдана есімді әйел. Ол күйеуінің лудоман екенін, құмар ойынға әбден елігіп кеткенін айтады. Айдананың жары нақ осы микроқаржы ұйымдарынан қаражат алып, оны ойынға тіге бастаған. Оны білген бойда әйел күйеуі қарыз алған микроқаржы ұйымының басшылығына жазбаша өтініш тастап, күйеуіне бұдан былай қарыз бермеуді сұраған. Әйтсе де, бұл жазбаша мәлімдемеге құлақ асқан қаржы ұйымдары болмаған, керісінше, бірінің артынан бірі несие беріп, бұл отбасы қарызға батып, ақыры ажырасып тынған. Бірақ шағын несие ұйымынан күйеуі әйелдің де атынан несие алып тастағандықтан, қазір Айдана ол несиені өтеуге мәжбүр.
Ұлттық банк ұйымды қорғайды
Деректерге жүгінсек, 2022 жылы МҚҰ-ның берген микрокредиттерінің сомасы 756,2 млрд теңгеге жетіпті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 62,1 пайызға көп. Соңғы бес жыл бойы микроқаржы ұйымдарының несие сомасы жыл сайын орта есеппен 47,4 пайызға артып отырған. Мұндай қарқынды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі.
Негізінде, микроқаржы ұйымдарына қатысты заңды қатайту керек деп айтылып-ақ келеді. Бұған қатысты 2020 жылдан бері талапқа сай емес, бірді-екілі МҚҰ-ның лицензиясы алынған болды. Бірақ ол қаржы ұйымдарының да артында ірі олигархтардың тұруы әбден мүмкін екенін ескерсек, тағы сол, 2020 жылы Ұлттық банк МҚҰ-лардың дамуына кедергі болған шектеулерді жойды. Содан бері микроқаржы ұйымдары қор жинақтаудың жаңа көзіне қол жеткізді. Олар биржадан, қор нарығынан, тіпті шетелден – халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндік оларда болмаған. Одан қалды микроқаржылық ұйымдағылар төл облигацияларын шығарып, орналастыру арқылы биржадан белсенді түрде қаражат жұмылдырып жатыр. Бүгінде «KASE» және «AIX» отандық биржаларында 15-тен астам МҚҰ құнды қағаздарын саудалайды. Олардың бірнешеуі екінші деңгейлі банкке трансформациялауға әзірленіп жатыр. Осылайша, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының қанат жаюына барынша жағдай жасауда. Ал олардың тұзағына түсіп, тозағына батқан халықты қорғауға ешкім асықпайды.
Тарихқа үңілсек...
Тарихын таразыласақ, микронесиенің тұжырымдамасын АҚШ-та оқыған Бангладеш профессоры Мұхаммед Юнус жасаған. Ол 1974 жылы Бангладештегі аштыққа қарсы күрес жүргізген. Профессор сол кезде елеусіз ғана несиенің өзі кедейлердің күнкөрісін күрт жақсартып жіберуі мүмкін екеніне көз жеткізді. Сөйтіп, ол алғашқы кредитін бамбук ағашынан жиһаз жасайтын 10 әйелге берген. Банктердің табысы жоқ кәсіпкерлерге несие үлестіруге құлықсыз екенін аңғарған Мұхаммед Юнус осылайша кедейлерге микронесие берумен айналысқан. Қарызды қайтару амалы ретінде қазіргідей кепілдеме беру жүйесін енгізген. Сөйтіп, микронесие берудің жаңа моделі АҚШ-тан бастап, дамыған және дамушы мемлекеттерді қызықтыра бастады. Халықаралық қайта құру және даму банкінің дерегінше, қазір әлемде 7 мыңнан астам микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Олар дамушы мемлекеттердегі шамамен 16 млн адамға қызмет көрсетіп отыр. Негізгі мақсат – кедей отбасыларға көмек көрсету.
Маман не дейді?!
Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы:
– Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары нарығын нақты реттеуі керек. Жұмыстары заңды болса мұндай ұйымдарға мүмкіндік берген дұрыс. Әттеген-айы, бізде заңсыздық көп. Пайыздық ставка үлкен. Міне, осындай заңсыздықтарға жол беретіндерді жазалау керек. Әдетте, заңсыз жұмыс істейтін несие ұйымдары ақшаны есірткі саудасынан, парадан, жасырын казинолардан, тағы басқа «көлеңкелі» ортадан алады. Сондықтан мемлекет жедел арада микроқаржы ұйымдарының қызметіне араласу керек. Қырғыз елінде аталмыш нарық жақсы дамыған. Оларда МҚҰ-ның жұмысы банкпен пара-пар. Бізде мыңдаған адам осындай ұйымдардың салдарынан тұрмыстарын төмендетіп алды. Несие алуға қабілетсіз болу адамды одан әрі кедейлендіре түседі. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк пен үкімет елдегі екінші деңгейлі банктердің пайыздық үстемесін түсіре алмады. Турасында оларға сөзі өтпеді. Ал енді микронесие ұйымдарына жуық арада сөзі өте қояды деу де қиын. Бұл ретте аталмыш инстанциялардың ықпалы төмен. Заң солқылдақ. «Кедей-кепшікті жарылқайды, қолы қысқа адамға мүмкіндік береді» деп құрылған несие ұйымдары қазір кедейді алдап, халықты қанап жатыр. Халықтың бәрінің көзі ашық деп тағы айта алмаймын. Олар келісімшарттағы АРR максималды ставка дегенді білмейді. Сондықтан бұл – өте улы бизнес. Мұның артында алпауыт бизнесмендер бар. Олар халықты қанау арқылы есепсіз байып жатыр. Демек, мұны үкімет реттеу керек.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ