Миландағы қысқы Олимпиадаға Қазақстан атынан қанша спортшы қатысады?
2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы 36 спортшымен қатысады.
Биылғы қысқы Олимпиадаға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы жиналады. Ал Қазақстан үшін бұл — тарихтағы тоғызыншы қысқы Олимпиада болмақ. Ұлттық құрама сапында 18 ер және 18 әйел спортшы өнер көрсетеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы Пекинде өткен Олимпиадада ел намысын 34 қазақстандық атлет қорғаған еді.
Қай өңірден қанша спортшы?
Ең көп спортшы Алматы қаласынан жолдама алған. Бұл өңірден бес спорт түрі бойынша жеті атлет қатысады. Екінші орында — Ақмола облысы. Бұл аймақтан екі спорт түрінде алты спортшы Олимпиадаға аттанады.
Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы, Астана және Шымкент қалалары түйіндеп тұр. Аталған өңірлердің әрқайсысынан төрт спортшыдан қатысады. Бұл ретте Шымкент пен Шығыс Қазақстан облысының спортшылары бір спорт түрінен бақ сынаса, Астанадан шыққан атлеттер үш түрлі дисциплинада өнер көрсетеді.
Одан кейінгі орындарда:
Павлодар облысы — үш спортшы (үш спорт түрі);
Алматы облысы — үш спортшы (бір спорт түрі);
Қостанай облысы — екі спортшы (бір спорт түрі).
Ал Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Абай облысынан бір-бір спортшыдан бір спорт түрі бойынша қатысады.
Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпан күндері өтеді.