Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:25, 17 Ақпан 2022

Миллиард теңгелік мектептің халі мүшкіл

None
None

Былтыр ғана іске қосылған облыс орталығындағы су жаңа мектептің бүгінгі күйі нашар.

Құрылыс құны миллиард теңгеге жуық білім ордасынан біршама заң бұзушылықтар анықталды.

 №282 мектеп-лицейі былтырғы жылдың ақпан айында оқушылар игілігіне берілді. Бүгінде 600 орынды білім ұясында 31 сыныпта 700-ден астам оқушы білім алуда. КБИ шағын ауданында орналасқан лицейдің жалпы құрылысына 974 миллион 400 мың теңге бөлінсе де аяқсыз қалған жұмыстары жеткілікті екен. Яғни, лифтісі іске қосылмаған, ал ойын алаңы талапқа сай емес. Келеңсіздікті «Әділдік жолы» ҚБ Қызылорда филиалы ата-аналар көмегімен әшкерелеген.

– Жобада кәсіби футбол алаңы, балалар сырғанақтары, әткеншектер қарастырылған. Бірақ олар темірден жасалған және жай ғана дәнекерленген. Ал кедергісіз қолжетімділік аясында мүмкіндігі шектеулі балалардың еркін жүріп-тұруы жоспарланса, барлық жерде кедергілер бар екені анықталды, – дейді филиал жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.

Бұдан бөлек, мүгедек балаларға арналған лифті орнатылғанмен іске қосылмаған. Өйткені, заңды құжаттары жоқ. Тексеріс барысында одан басқа да заң бұзушылықтар белгілі болды. Мәселен құны 6 миллион 898 мың теңге тұратын 24 графикалық проектор, 430 мың теңгеге 5 лингафондық жинақ сатып алынса да, оның орнына сыныпта тек орындықтар мен құлаққаптары бар үстелдер орнатылған. Ең сорақысы, балаларды маймен қамтамасыз ету мақсатында 715875 теңгеге май бөлгіш «Маслоделитель ручной РДМ-5» құрылғысы сатып алынған.

Мәселеге қатысты мектеп директорының қызметін уақытша атқарушы Болат Шураев бұл қызметке келгеніне небәрі екі күн болғандығын және анықталған бұзушылықтардың барлығы жойылатындығын алға тартты.

– Талқылау барысында мердігер компанияның өкілі ағымдағы жылдың қараша айында аяқталатын кепілдік мерзімінде заң бұзушылықтарды жояды деп сендірді. Барлығы заң аясында жасалады, – дейді директор.

Қалалық білім басқармасының басшысы Динара Баймұрзаева болса әзірге аталған олқылықтарға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сондай-ақ мектепке май бөлгіш құрылғының қажеті қанша екені де белгісіз күйінде қалып отыр.

Білім ордасын соққан мердігерлер кемшіліктердің барлығын осылайша құрылыс нысанының кепілдік мерзімі біткенше қарашаға дейін жоямыз деп уәде беріпті. Мұғалімдер мен ата-аналарды  мазалап отырған тағы бір мәселе, ол қабырғаның жарылуы. Бірінші қабаттан бастау алған кішкене сызық үшінші қабатта үлкен жарыққа айналған.

Мәселенің мәнін айтар тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс басқармасындағы шенділер болса, «бұл нысан облыстық білім басқармасының теңгерімінде» деп сұхбат беруден бас тартты. Білім басшылары да пікірлесуді жөн көрмеді. Олар тапсырыс берушілерден жауап алуымызды өтінді. Осылайша екі басқарма бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашып жатқанда, мектеп қабырғасындағы жарық ұлғайып кетпесін деп тілейік.

Тегтер: