Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:14, 13 Наурыз 2024

Миллиардер Өтемұратовтың «Ақордада танысы бар» туысы және оның миллиондары

Данияр Өтемұратов
Фото: из открытых источников

2 ақпанда кәсіпкер Болат Өтемұратовтың туыс інісі Данияр Өтемұратовқа қатысты сот үкімі өзгертілді. Былтыр қарашада ол «алаяқтық» бабымен 5 жылға шартты түрде сотталған еді.

 Бірақ жақында Астана соты шешімді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Сотта ол ақша алу себебін «Қызылордада ғимарат соғып жатыр едім, арматураға ақша жетпей қалды» деп түсіндірген.

Ақылға салып, ойланып көрсеңіз, «Назарбаевтың әмияны» делінетін миллиардердің туысына құрылыс кезінде ақша жетпей қалды деудің өзі күлкілі. Жылына 21 млн теңге салық төлеп жүрген кәсіпкердің 21 млн теңгелік арматураға ақша жетпей, біреулерді алдап, алаяқтық жасап, бизнесін құтқару үшін «құрбандыққа» баруы түсініксіз жағдай.

2021 жылы Атырауда Өтемұратовтың жиені бұрын сотталған ҰҚК-нің экс-қызметкері Төлеубаевпен кездескен. Қауіпсіздік комитетінің қызметкері жоғарғы сотта ақталып, жұмысқа қайта оралғысы келетінін айтқан. Данияр Өтемұратов президент әкімшілігінде, жоғарғы сотта таныстары барын айтып, көмектесуге уәде беріп, 50 мың долларын алған. Бірақ кейіннен уәдесінде тұрмаған, жәбірленуші хабарласса, телефон тұтқасын көтермеген. Содан Төлеубаев сотқа арызданған. Бірақ Данияр Өтемұратов ақшаны қайтаруға сонда да асықпаған. Тек былтыр қарашада полиция оны қамауға алған кезде ғана Төлеубаевтың ақшасын қайтарып берген. Сот кезінде Данияр Өтемұратов кінәсін толық мойындап, жоғарғы сотта да, ПӘ-де де ешқандай танысы жоғын айтқан. Ал ақшаны алу себебін Қызылордада құрылыс жүргізіп жатқанда арматураға ақша жетпей қалғандығымен түсіндірген. Сот оның кінәсін толық мойындағанын және ақшаны қайтарып бергенін ескеріп, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырған.

Миллиардер Болат Өтемұратовтың жиеніне «арматура алуға ақша жетпей қалды» деген сөзіне соттың қалай сенгені белгісіз. Біз оған сенбедік. Сенбегендіктен, қандай бизнестерге қатысы барын санамалап берейік. Сонымен, Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес:

Система безопасности - НС
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«Системы безопасности – НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2006 жылы 24 тамызда тіркелген. 2022 жылғы 1 ақпанда қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы – Утемуратов Данияр Ерболатович (бұдан былай компанияға қатысты адамдардың аты-жөні құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред.). Құрылтайшылары – Утемуратов Данияр Ерболатович, Трубников Глеб Олегович. Тұрғын үйлердің құрылысымен айналысады.

Орналасқан жері – Қызылорда қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 21Б.

Бұл компанияның ақша айналымы жыл өткен сайын бірде көбейіп, бірде азайып отырған. Мысалы, 2016 жылы 1 655 360 842 теңге болса, 2018 жылы 471 380 теңге, 2021 жылы қайтадан 1 472 467 842 теңгеге көтерілген. Ал 2022 жылы 426 242 842 теңгеге азайыпты.

Салық
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Мемлекетке 2021 жылы 21 146 938 теңге, 2022 жылы 2 368 679 теңге салық төлеген. Жалпы алған келісімшарттарының саны – 21. Оның он келісімшартын тікелей бір көзден алған.

Nomad Megapolis
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Nomad Megapolis жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласында алғаш рет 2018 жылы 22 ақпанда, кейіннен 2019 жылы 20 қыркүйекте тіркеуден өткен.

Бірінші басшысы – Джамбулов Айткен Аманжолович. Көтерме сауда қызмет түрімен айналысады. Құрылтайшылары – Джамбулов Айткен Аманжолович және Утемуратов Данияр Ерболатович. Мекенжайы – Астана қаласы, Железнодорожный көшесі, 12/2. Кейінгі екі жылдағы компания әрекеттері туралы мәлімет кездеспейді. 2021 жылғы ақша айналымы 238 620 789 теңге. Қазынаға аударған қаржысы 2021 жылы 4 490 038 теңге. Мемлекеттен 2018 жылы 96 млн-ға бір келісімшарт, 2020 жылы 153 679 589 теңгеге 51 келісімшарт алып орындаған. Жалпы келісімшарттар саны – 53.

«Утемуратов Данияр Ерболатович» жеке кәсіпкерлігі

Алматы қаласы Әуезов ауданында орналасқан. Шаштараз және сұлулық салондарында қызмет көрсету түрімен айналысады. Жеке кәсіпкерліктің 2022 жылғы ақша айналымы 217 930 734 теңге. Сол жылы төлеген салығы 4 447 566 теңге.

Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.

Балықшылар шаруашылықтардың қоғамы
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«Балықшылар шаруашылықтардың қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігі

Әділет министрлігінде 2018 жылы 28 наурызда тіркелген. Бірінші басшы – Утемуратов Данияр Ерболатович. Құрылтайшылары – Утемуратов Данияр Ерболатович, Бондарев Андрей Викторович, Кан Валерий Да-Черович, Мамедов Джасарат Ширханоглы, Кан Радион Валерьевич, Дуйсеков Есен Айкинбаевич, Омаров Данияр Талгатович, Дуйсекова Нургуль Серикбаевна, Имашева Гульмира Ерболатовна, Кумарова Нургуль Ерболатовна. Қоғамдық ұйымдардың қызмет түрімен айналысады. Орналасқан жері – Астана қаласы, Достық көшесі, 3.

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық төлегені туралы мәлімет жоқ. Кәсіпорында 40-50 адам жұмыс істеген. Дегенмен компанияның қызметі қазіргі күнде тоқтатылған. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездестірмедік. 2018 жылғы ақша айналымы 8 425 991 теңге болған. Сол жылы мемлекетке 171 959 теңге салық төлеген.

ADK – Building Group
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

ADK – Building Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2003 жылы 17 қарашада, кейіннен 2019 жылы 13 желтоқсанда тіркеуден өткен.

Бірінші басшысы – Утемуратов Данияр Ерболатович. Құрылтайшысы да жалғыз өзі. Құрылыс саласындағы қызмет түрлерімен айналысады.

Орналасқан жері – Алматы облысы, Есік қаласы, Алтын Адам аллеясы, 119Е. Кәсіпорынның кейінгі жылдардағы ақша айналымы төмен. Төлеген салығы да кездеспейді. Тек 2020 жылы 310 мың теңгеге мемлекеттен бір келісімшарт алып орындаған.

Көріп отырғанымыздай, Данияр Өтемұратов деген кәсіпкердің де нағашысы сияқты болмаса да «қаражаяу» емес екені белгілі болды. Енді елді шулатып жүрген «оған қолданылған жаза неге ақша берушіге қолданылмады?» деген сұраққа келейік. Ақылға салсаңыз, бұл да дұрыс. Ақша беруші Төлеубаев та заң жолын ұстанып тұрған жоқ. Оның да жаза арқалауы табиғи жағдай еді. Бірақ заңгерлер басқаша дейді.

«Біздегі қылмыстық заңға сәйкес, ақша алған адам сол сәтте ешқандай лауазымды қызметте, жұмысқа тұрғызатындай құзыреті болмаса, оның әрекеті алаяқтық болып есептеледі. Сондықтан оның ақшаны алған кезде қандай қызметте отырғанын ескеруіміз керек. Егер ол белгілі бір қызметте отырып ақша алған болса, алған да, берген де жазаланатын еді. Бірақ бұл тұста Данияр Өтемұратов кәсіпкер ретінде сотталып тұр. Ал жәбірленуші тараптың іс-әрекеті заң бойынша қылмысқа жатпайды. Ол алданып қалған болып есептеледі. Меніңше, Данияр Өтемұратовтың ісі сотта дұрыс қаралған» дейді адвокат Сейфолла Шыңғыс.

Заң бойынша келтірілген залал толық өтелсе, шартты жаза қолданылуы керек екен. Астана қаласының соты алдымен 5 жылға шартты жаза кескен. Бірақ 2 ақпанда шешімін өзгертіп отыр. Оның неге өзгергені әзірге белгісіз. Бұл сұрақ бойынша Астана қалалық сотына хабарластық. Олар: «Ресми ақпарат әлі шыққан жоқ. Жақын күндері соттың шешімі неге өзгергенін жариялайтын боламыз» деп жауап қайтарды.

Тұрсынбек Башар