Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:25, 13 Қараша 2024

"Миллиардтаған теңге талан-таражға салынды". Киногерлер Тоқаевқа тағы да үндеу жолдады

Қазақфильм
Фото: Qazaqfilm

Бүгін бір топ киногерлер мемлекет басшысыТоқаевқа, премьер-министр Бектеновке,  парламенті сенаты мен мәжіліс депутаттарына  үндеу жолдады.

Олардың айтуынша, кейінгі жылдары кино саласында бітпейтін жанжалдар көбейіп кетті, атап айтқанда, кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып, нағыз киногерлердің сөзін ешкім тыңдап жатқан жоқ.

"Біз, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері осы хат арқылы отандық кинематография саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып отырмыз. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұның бәрі бүкіл кино мамандардың алаңдаушылығын туғызды. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Жауапты орындарға жазылған хаттар мен шағымдарға мәселені еш зерттеместен бірсыдырғы жауаптар ғана беріледі. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек екені күн сайын сезілуде. Сол себепті біз, киногерлер отандық кино саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талап етіп, билікке қайрылуға мәжбүрміз", - дейді кино мамандары.

Бұдан бөлек киногерлер президент Тоқаевтан ұлттық студияға келіп, олардың мұң-зарын тыңдауды сұрады. 

"Біз сізден Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына келіп, киногерлермен тікелей кездесу өткізуіңізді немесе наразы киноқауым өкілдерін қабылдауыңызды сұраймыз. Өзіңіз тікелей араласып, жағдайды жеке бақылауыңызға алмасаңыз, мәселе шешілмейтін сияқты. Біздің жанайқайымыз жауапсыз қалмайды деп үміттенеміз", - деген үндеуге  Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Н. Ықтымбаев, Смағұл Елубай, Д. Жолжақсынов, Т. Теменов, Қанат Төребай сынды кино және мәдениет саласының танымал тұлғалары қол қойған.

Айта кетейік, бұған дейін киногерлер "Қазақфильм" алдында наразылық өткізіп, Тоқаевқа үндеу жолдаған болатын. Олар  Алматыдағы Рысқұлов даңғылының бойында «Қазақфильмге» тиесілі 1 гектар жері мен 2-3 ғимараты бар "Қазкино" кешені алдымен қалалық әкімдіктің балансына өтіп, кейіннен сатылғалы жатқанын хабарлады. Бірақ кейіннен "Қазақфильм" өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.  

Тегтер: