Миллиардтарды «жұтатын» мәжіліс сенен не пайда?
Жыл аралатып депутаттарды сайлауға бюджеттің миллиардтаған қаржысын шашып жатырмыз.
Мәселен, биылғы жылғы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге 33,4 млрд теңге қарастырылған көрінеді. Осы орайда, мәжілістің мінберінде ұлт мәселесін шешу орнына ұйықтап отыратын мәжілісмендер мен өздері қабылдаған заңға бірнеше жылдан соң өздері қарсы шығып отыратын сенаторлар, бұқараның мүддесінен гөрі, өз бизнесінің сойылын соққан мәслихат депутаттары осы бізге керек пе?!
Мәселен, бір мәжіліс депутатын бір жыл бойы асырау ел бюджетіне, шамамен, 92 миллион теңге салмақ салады екен. Ал осы соманы 106 депутатқа шақсақ мәжіліс депутаттарына жылына 10 млрд теңге бөлінетін көрінеді. Жалақысы, қызметтік пәтері, жеке көлігі мен көмекшілерінің жалақысы бәрі-бәрі, айналып келгенде, сіз бен біздің салығымыздың есебінен төленіп отыр. Ендеше, олар әрқашан өздері сайланған аймағының мәселесін көтеріп, соны шешуге, сол арқылы елімізді өркендетуге атсалысуы керек қой. Осы тұрғыдан алғанда, әрекеті «есегі судан өткенше» ғана депутаттарымыз сол орынға лайық деп айта аламыз ба?! Дүбірлетіп өткізіп, қазынадан сонша қаржы бөлінетін сайлаулар бюджетке айтарлықтай жүк. Мысалы, биыл ғана емес миллиард жұмсап отырғанымыз, 2011 жылы ҚР парламенті сенатының сайлауына қазынадан 256 миллион теңге бөлінсе, дәл сол жылы кезектен тыс Президент сайлауына бюджеттің 4,3 миллиард теңгесі жұмсалған. 2012 жылы мәжіліс пен мәслихат сайлауы деп шапқылап жүріп, бюджеттің 5 миллиард 200 миллион теңгесін жаратып жіберіппіз. 2013 жылы жергілікті әкімдер сайлауына қазынадан 334 миллион теңге жұмсалған. 2014 жылы да сайлау өткіздік. Бұл жолы сенат сайлауы. Қазынаның 369 миллион теңгесі жұмсалды бұл сайлауға. 2015 жылы кезектен тыс президент сайлауын өткіздік. Сайлау науқанына мемлекет бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлініпті. Айта берсек, таусылмас есепсіз қаржы. Осы орайда, сенат пен мәжілісті ықшамдап, тіпті, сенатты алып тастасақ та болар еді ғой. Мемлекетке масыл адамдар санын көбейте беруден кім не ұтып отыр?!
Дәл қазір әлеуметтік желіде біреулердің тапсырысы ма, жоқ әлде әркімнің өз қалауы ма әйтеуір, «депутаттыққа осы лайық», «Пәленше кетпеуі керек, өйткені тіл жанашыры», «Осы ағамыз осындай бір іс бастап еді, мәжілісте отырып аяғына жеткізуі керек», деген секілді бір-біріне ұқсас посттар көбейіп кетті. Яғни мәжіліске ұмтылушылар саны көбейіп тұр. Тегін үй, тегін көлік, жоғары жалақы, жайлы жұмыс кімге ұнамасын. Осы тұрғыдан келгенде, депутаттық мандат еліміздегі «майлы жіліктің» бірі деп айтуға болады. Осы шақырылым депутаттары не бітіріп еді. Мәселен, қаңтарда түйеқұсша құмға басын тыққанын ғана байқадық. Немесе күн санап өсіп бара жатқан қымбатшылық кезінде де халықтың жағдайымен санасып, қымбатшылықтың шығу төркініне үңіліп, оны ауыздықтауға тырысқанын жауапты органдарға қозғау салғанын байқамадық. Осыдан барып, ең бір жауапкершілігі төмен, бірақ «жанға жайлы» орынтақ көпті қызықтырары анық.
Ал өткен шақырылымда депутаттарымыз не бітіріп еді? Жақында саясаттанушы Данияр Әшімбаев ағымдағы VII шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалдар саны бойынша рейтингін жариялады. Онда соңғы жолдарды ақжолдық Хамзин мен аманаттық Қаратаев алғанын байқадық. Олардың әрқайсысы мемлекеттік органдарға 11 сауал жолдаған көрінеді. Басқалармен салыстырар болсақ, депутаттардың сауал жолдаған рейтингісін 26 сауалмен Қоңыров бастап тұр екен. Демек, депутаттардың ішінде де жанын салып істейтіні санаулы ғана. Шыны керек, соңғы жылдары сәл көзге түскен спортшы да, тіпті, мемлекет басшысына мақтау айтқан сөзге шешен әлдебіреу де, ақын да, жазушы да депутат бола беретін болды. Мұндай жағдайда «шымшықты қасапшысына» сойдыра алып отырмыз ба?! Әлде саны бар, сапасы жоқтығының зардабын тартып отырмыз ба? Осы тұрғыдан келгенде, жалпы, депутаттарымыздың ғана емес шенеуніктердің де санының тым көп екені аңғарылады. Кейбір дерек көздеріне сенсек, елімізде шенеуніктер корпусын ұстау үшін біздің елдің бюджетінен жыл сайын 600 миллиардтан артық қаражат бөлінеді екен. Ал белгілі бір мәселеде сонша шендінің арасынан жауапкершілікті мойнына алар ешкімді таппайсың.
Айта кету керек, дамыған елдермен салыстырғанда, бізде шенеуніктер саны тым көп. Мәселен, Швейцарияда небәрі 7, Канадада 27, Жапонияда 17 адам ғана қызмет ететін министрліктер бар екен. Бізде бір ведомствода жүздеген адам жұмыс істейді. Сондай ақ Жапонияда 128 млн халыққа небәрі 9 мың шенеунік қана қызмет көрсетсе, 145 млн адам тұратын Ресейде 1 млн 122 мың шенеунік бар екен. Ал Қазақстанда 18 млн адамға 99 мыңдай шенеунік жұмыс істейді. Осынша басы артық маманмен еліміз жуық арада есін жиып, еңсесін тіктеп, бюджеттің қоржынын қампайта алар ма екен?!