Миллиардтардың күлі көкке ұшқаны ма?

Павлодар облысына сақылдаған сары аяз әзір келе қойған жоқ. Соның өзінде екі бірдей қаланың тұрғындары азынаған пәтерлерінде дірдек қағып отыр.
Ал бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржыға салынған қазандық пен жылу магистралінен қайран болмай тұр.
Павлодар қаласынан 40 шақырым қашықтықта Ақсу деген металлургтердің шағын шаһары бар. Соңғы уақытта бұл қаланың атауы «Грэмми» алған алғашқы қазақ Иманбек Зейкенов арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Алайда есімі әлемге танымал болған музыкалық продюсердің жерлестері пәтерлерінде бүрсең қағып отыр.
Мәселе мынада: шағын шаһардағы тұрғын үйлер мен нысандардың барлығы соңғы жарты ғасырдан астам уақыт бойы Ақсу ферроқорытпа зауыты арқылы жылытылып келеді. Алайда бұл кәсіпорын желілерінің әбден тозығы жетіп, жылумен жүйелі түрде қамти алмай отыр. Сондықтан үнемі апаттық жағдайлар орын алып жатады. Осыдан екі апта бұрын зауыттың қазандықтары тағы да істен шығып, қала толығымен «қатып қалған» еді.
Жалғыз кәсіпорынға тәуелді болмау үшін осыдан бес жыл бұрын әкімдікке қарасты дербес қалалық қазандық құрылысы басталды. Ол үшін 2016 жылы бюджеттен 6,3 млрд теңге, 2017 жылы тағы 1,7 млрд теңге бөлінді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бұл сома да жетпей қалып, соңғы бір-екі жылда тағы қаржы қарастырылды. Сөйтіп, жобаның жалпы құны 11 млрд теңге болып шыға келді.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Жалпы қуаттылығы 180 гигакалорийді құрайтын алты қазандық дайын. Алайда ол әлі күнге дейін іске қосылған жоқ.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов оның тек келесі жылғы жылу маусымында қолданысқа тапсырылатынын айтты. «Қазіргі уақытта мұнда тарифке қатысты мәселе бар. Екі қазандықтан берілетін жылу тарифі екі түрлі болып тұр. Нақтысын айтсақ, жаңа қазандықты салуға көп қаржы жұмсалғандықтан әрі мұндағы қондырғылардың бәрі жаңа болғандықтан, оның тарифтік бағасы да ескісінен анағұрлым қымбат. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпкерлерге салмақ салмау үшін тиімді бағаны белгілеуіміз керек», – деп отыр аймақ басшысы.
Сөйтіп, тұрғындарға жылуды тағы бір жыл күтуге тура келейін деп тұр. Ал сол уақытта 11 млрд теңгеге салынған қазандық құр босқа тұрады.
Павлодар қаласы тұрғындарының да жылуға жарып отырғаны шамалы. Мұндағы екі бірдей шағынауданның жұртшылығы былтыр қыс бойы тоңып шыққандықтан, биыл №42 жылу магистралі салынды. «Ай – Су мелиорация» деп аталатын мердігер компания небәрі сегіз айдың ішінде төрт шақырымдық құбырларды тартты. Оған 3 млрд теңге ақша кетті. Бірақ жаңа магистраль да әлі іске қосылған жоқ. Оған сорғы станциясының орнатылмауы себеп болып отыр.
– Жаңа жылу құбырлары №1 жылу-электр орталығынан 30 метр төмен орналасқандықтан, орталықтан берілетін жылу магистарль арқылы үйлерге дұрыс тарамайды. Оны реттеу үшін сорғы станциясын салу керек. Тиісті қондырғылар қарашаның басында ғана жеткізілді. Сол себепті оны қарашаның соңында ғана іске қосамыз», – деп, өткен айда уәде берген еді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.
Бірақ шенеунік сөзінде тұрған жоқ. Қараша түгіл, желтоқсанның бел ортасы болса да, сорғы станциясы әлі пайдалануға берілген жоқ. Сондықтан «Усолка» мен «Дачный» шағынаудандарының тұрғындары пәтерлерінде тоңып отыр.
– Бюджеттен 3 млрд теңге бөліп, жаңа магистраль салды. Әкімдіктегілер «жаңа желілер жүргізілген соң тоңбайсыздар» деп уәдені үйіп-төкті. Алайда сөзінде тұрған жоқ. 20 градустық аязда үйде жаурап отырмыз. Ертеңгі күні –30, –40 градустық аяздар келгенде не істейміз? Сорғы станциясы жоқ магистраль жылуды тарата алмаса, миллиардтаған қаражатты неге жұмсады? Осы жұмыстың барлығын ертерек жоспарлап, жылу маусымы басталғанға дейін қосуға болмас па еді? – деп ашынды Қайрат Әлханов есімді тұрғын.
Көмір мен жылу электр энергиясының үстінде отырған Павлодар облысы осылайша бүрсең қағып отыр. Миллиардтаған теңгеге салынған қазандық пен жылу магистралі тұрғындарды жылыта алар емес. Бірақ бұған жергілікті билік онша-мұнша бас қатырмайтын секілді. Әйтпегенде тариф пен қондырғыларды сылтауратпай, нақты істерді қолға алар еді.