Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:31, 27 Қаңтар 2023

Миллиондар кәмпескеленді

None
None

Өңірдегі экономикалық және қаржылық заң бұзушылықтарды анықтайтын экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков өткен жылы анықталған біраз мәселенің басын қайырып берді.

Атап айтсақ, жалған мәміле жасап, қаражатты қолма-қолға айналдыру фактілерін, мұнай өнімдерін заңсыз өткізу, бюджеттік несие бағдарламасынан қаражат жымқырудың 2 заң бұзушылығы мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты шығарылған нәтижелер туралы баяндап берді.

– Шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену және өткізуге қатысты қылмыстық істің қорытындысы бойынша кәсіпкер М.Д. 2017 жылдан бастап өз кәсібін жүргізе отырып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ондаған мекемемен дизель сұйық отынын жеткізіп беруге келісімшартқа отырған. Алайда 2019 жылдан бастап 2022 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта 28 мемлекеттік мекемеге, 1 заңды тұлға мен 2 жеке тұлғаға заңсыз жолмен, яғни заңдылығын растайтын құжаттарсыз жалпы сомасы 274 млн 036 мың теңгенің дизель сұйық отынын тасымалдап, заңсыз жолмен табылған мүлікті заңдастырған. Сотқа қылмыстық іс түскеннен кейін сотталушы кінәсін толық мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасауға өтініш білдірген. Жалағаш аудандық сотының үкімімен ол 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және осы уақытқа пробациялық бақылау белгіленді, – деді Бақыт Қайшыбеков.

Бұдан бөлек несие алуға үміткер тұлғаларға несие серіктестігін құру арқылы 5 жылдан аспайтын несие қаражатын рәсімдеп бергені үшін облыстық экономикалық тергеу органы жалған құжаттар рәсімдеу жолымен жасалған қылмыстық әрекеттерге, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген тұлғаларды анықтап, сотқа жолдаған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша залал мөлшері 316 млн теңгені құрап, сотқа дейінгі тергеу барысында 124 млн теңге өндірілген. Заңсыз істерде 168 жеке тұлға зардап шеккен.

Бүгінде заңсыз ойынға қатысты қылмыстар ел экономикасына залал ғана емес, жастардың құмар ойындарға деген әуестігі әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Бұл тұста департаменттің тексеруі барысында былтыр 18 заңсыз ойынды әшкерелеп, жабылуына себеп болған. Ойын айналымынан рулетка, ноутбук, 103 монитор, 123 процессор, 6 телевизор, 14 кассалық аппарат, 10 терминал, 6 бейне жазғыш және 795 920 теңге ақша алынған.

Сондай-ақ жалған мәміле таратып, қаражатты қолма-қолға айналдыру фактілері бойынша өткен жылы өңірде 8 қылмыс болған, мемлекет бюджетіне келтірілген залал мөлшері 1 млрд 73 млн теңге. Салықтық әкімшілендіру жолымен 500 млн теңгеге жуық қосымша есептелген.

– 2018-2021 жылдар аралығында жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан «Жетіашар» ЖШС басшысы И.А. оннан аса фирманы осындай әрекетке тартып, әр мәміле бойынша қолма-қолға айналдырылған сомадан белгілі бір пайыздық мөлшерде сыйақы алып отырған. Бірнеше кәсіпкерлік нысанның, салықтан жалтару мақсатында, әртүрлі тауарларға есеп айырысқаны жөнінде қосымша құн салығы көрсетілген жалған шот-фактуралардың айналым сомасы 370 млн теңгеге жеткен, төленбеген салық түрінде барлығы 118 млн теңге көлемінде мемлекетке залал келтірілген. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды. Сондай-ақ осындай бірқатар мекеме, компания басшылығы жалған шот-фактуралар жазумен айналысқаны дәлелденіп, сот  үкімі бойынша берілген жазаға тартылуда, – дейді Бақыт Сапарғалиұлы.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, экономикалық өсу мен дамуға тосқауыл болатын қылмыстардың қатарында заңсыз ойын ұйымдастыру, контрабандалық жолмен тауарлар әкелу, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы және бюджет қаражатын жымқыру фактілері алдыңғы қатарда тұр.

Тегтер: