Мылтығы бар, пышағы жоқ билік және 800 мың киік

Киікті қайда қоярын білмей, Қытайға да сыйлап көрген қазақ билігі ақыры киік қырғын жасауға дайындалып жатыр. Биылғы жоспары – 800 мың киік!
Бұл өзі о бастан даулы тақырып. Қазақстан үкіметі 2023 жылы ғана киік атуға тәуекел етті. Билік сол кезде ақбөкен саны 2 миллионға жетті, ауылшаруашылығына 12 миллиард теңге шығын келтірді деген уәжді алға тартқан. Бірақ бұл шешімге экологтар мен халықтың көп бөлігі қарсы болды. Олар үкімет ұсынған деректерге күмәнмен қарайды. Мысалы, киіктердің нақты саны мен олар келтірген шығын сомасы шенділерге ғана аян, бұл статистикалардың ғылыми дәлелін халыққа ешкім көрсеткен жоқ. Билік фермерлердің шағымы мен экология министрлігінің есебіне ғана сүйеніп, киікті атуға үкім кесті.
Қазақстанда киік ату жайлы 2022 жылдан бастап айтыла бастады. Сол кездегі экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев алғаш болып, ақбөкенді ату керек деп мәлімдеген. Бұл мәлімдеменің соңы қып-қызыл дауға ұласты, халық қарсы болды, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы шілдеде асығыс шешім қабылдағаны үшін Брекешевке сөгіс жариялады. Осыдан кейін экс-министр райынан тез қайтып, 2023 жылдың аяғына дейін киік атпауға уәде еткен. Бірақ ол ақбөкен аулап, аңшы атана алған жоқ, 2023 жылдың басында қызметінен кетті. Оның орнына келіп, небәрі 9 ай министр болған, ет жемейтін Зүльфия Сүлейменова да киікке оқ атпастан кетті.
Бұл екеуіне қарағанда 2023 жылы 5 қыркүйекте тізгін ұстаған Ерлан Нысанбаев бірбеткей болып шықты. Ел-жұрттың қарсылығына қарамай, киік ату туралы бұйрыққа қол қойды. Науқан сол жылы 6 қазанда басталып, 10 желтоқсанға дейін жалғасты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ақбөкен ату науқаны болды. Әу бастағы жоспар бойынша Нысанбаевтың нысанасына 337 мың бас киік ілінуі керек болған, бірақ бұған биліктің шамасы жеткен жоқ. Ресми дерек бойынша 2 айда елде 42 мың бас киік атылды. 2024 жылы 10 ақпанда киік ату тоқтады.
Билік 2024 жылдан бастап әр жылы 1 қазан мен 15 қараша аралығын киік аулау кезеңі деп белгілеуді жоспарлаған. Бірақ былтыр бұл мезгіл тыныш өтті. 2023 жылғыдай науқан жүрген жоқ. Экология министрлігінің баспасөз қызметі бізге былтыр киік атылмағанын айтты. Дегенмен БАҚ-та 2024 жылы да киік атылғаны жайлы ақпараттар бар.
Есесіне, ел билігі 2025 жылы нағыз қан-қасап жасауға дайындалып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 25 маусым күні өткен брифингте жалпы киік популяциясының 20 пайызынан, яғни 800 мың басынан арылуымыз қажет деп мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, қазір Қазақстандағы киіктер саны 3,9 миллионға жеткен. Оның 2,8 миллионы – Оралды, 1,6 миллионы – Бетпақдаланы, 78 мыңы – Үстіртті мекендейтін көрінеді. Нысанбаев атылатын 800 мың ақбөкеннің 40 пайызы – аталық, 40 пайызы – аналық, қалған 20 пайызы – биыл туған төл болатынын айтты.
40 мыңмен даланы қан сасытқан Нысанбаев
Мамандар биліктің осы сан-цифрларына да сенбейді. Мысалы, агроблогер Кирилл Павловтың айтуынша, Қазақстанда киікті азайту қажет деген ғылыми әдістеме мен нақты цифр жоқ, экология министрлігі ұсынған санның нақты екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Маман министрлік ақбөкенді әлі ескі әдіспен, тікұшақ терезесінен қарап, саусақпен санап жүргенін айтады. Мұны нақты сан дегеннен гөрі болжам деген дұрыс. Сондай-ақ фермерлер мен ауылшаруашылығы министрлігі ұсынған киіктен келген залал мөлшері де күмән туғызады.
Ғасыр басында ақбөкеннің жойылып кету қаупі төнген. Ал қазір құтыла алмай отырмыз. Ашық дереккөздегі мәліметтер бойынша, 2003 жылы Қазақстанда – 21 мың, 2005 жылы – 48 мың, 2016 жылы – 110 мың, 2021 жылы – 800 мың (әр киік 7-8-ден төлдеген бе?), 2022 жылы – 1,3 млн, 2023 жылы – 2,6 млн, 2024 жылы – 3,6 млн бас болған. Ал биыл 4 миллионға жеткен көрінеді. Мән беріп қараған адам осы сан-цифрларда бірізділік жоқ екенін байқайды. Яғни бір жылы миллиондап өссе, кей жылы бірнеше жүз мың ғана қосылған. Табиғи өлім-жітімді ескерген күннің өзінде жыл сайынғы өсімде мұнша үлкен парық болмаса керек еді. Осының өзі үкімет қолындағы киік санының шынайылығына күмән туғызады.
Ерлан Нысанбаев биыл бір жылда 800 мың киік атуға бел буып отыр. Ол мұны қалай орындайтыны түсініксіз. 2023 жылы атылған 40 мың киіктің өзі қоғамда үлкен дау туғызған. Әлеуметтік желілерде иен далада шашылып жатқан киік өлекселерінің видеосы көптеп тарады. Ақбөкен аулаушылар жануарды атқан соң мүйізін ғана қағып алып, өлексесін далаға тастап кете берген. Киік етін ет комбинатына өткізіп, өңдейміз, сатамыз дегені де бос әңгіме болып шықты. Еттің комбинатқа жетпей бұзылып кеткені жайлы ақпарат көп. Үкіметтің 337 мың киік атамыз деген жоспары неге 42 мыңмен шектелді? Осының өзі-ақ биліктің киік етін пайдаға жаратуға дайын емес екенін көрсетіп берген. Ендеше, 2 жыл бұрын 300 мыңдық жоспарды орындай алмаған Нысанбаев биыл одан үш еседей көп киікті қалай атпақ?
Табиғат жоя алмаған киікті билік жояды
Тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет бізге 800 мың киікті атып болу мүмкін емес екенін, бұл жоспарды орындау үшін топтап қырып тастауға тура келетінін айтты. Ал эколог Мэлс Елеусізов билік ақбөкенді аса қымбат тұратын мүйізі үшін ғана атып жатыр деп санайды.
«Киік ежелден келе жатқан жануар. Олардың өзінің жүретін жолы болады. Фермерлер олар шаруашылығымызды таптады деп жүр, оған сену қиын. Таптап жатқаны рас болса, шаруалар жерін қоршап алсын. Киік бір жерде тұрмайтын жануар, олардың жүріп-тұрғаны табиғатқа да қажет. Оның үстіне ол бір кездері Қызыл кітапқа енген. Сондықтан киікке тиіспеу керек деп санаймын, оны атудың қажеті жоқ.
Ал билік атпасақ болмайды деп отыр. 2023 жылы қырып тастады. Соның бәрі мүйізі үшін деп есептеймін, саны артып кетті дегені жай сылтау ғана. Бұлар атқанда аталығын, ең үлкенін, мықтысын атады, өйткені оның мүйізі үлкенірек болады. Бұл ақбөкеннің табиғи көбеюін шектейді. Ірілері өліп, осалдары қалса, киік қалай көбейеді. Бұл табиғаттың заңы.
Ал мынау 800 мың киік ату деген – нағыз қырғын, жындылық. Бұлай жалғаса берсе, бір күні киіктер толық жойылып кетеді. Киік шектен тыс көбейіп кетті дегенге өз басым сенбеймін. Ақбөкенді атқандар мүйізін кесіп алады да, өлексесін тастай салады, оларға етінің қажеті жоқ. Бұлай жалғаса берсе, эпидемия болуы да мүмкін. Мысалы, 800 мың киікті атып, оның етін комбинатқа тасимыз дегеніне кім сенеді, оған қанша машина керек, қанша қаржы керек? Оның бәрін кім істейді? Барлығы өтірік деп ойлаймын.
Киік – мамонттар дәуірінен бері келе жатқан жануар. Мамонттар жойылып кетті, ақбөкен жойылған жоқ. Табиғат жоя алмаған киікті билік жойып жіберуі мүмкін. Бір кездері киікке жойылып кету қаупі төнгенін білесіздер ғой. Сол күн қайта келуі мүмкін. Сондықтан биліктің бұл шешіміне қарсы тұру керек деп санаймын», – дейді маман.
4 адам бір түнде 100 киік атса...
2023 жылы киік ату науқаны басталғанда халық дала қанға боялып, ақбөкендер өлексесі атылған жерде қалып жатқанын айтқан. Мамандардың айтуынша, науқан басталғанда адам күші жетіспегендіктен, 4 аңшыдан тұратын бір бригадаға бір түнде 100 киік ату нормасы берілген (бұл норма бойынша, 800 мың киікті ату үшін қанша адам жұмысқа тартылу керек?). Атып тастап кетуге болмайды, оларды жинап (ақбөкенді атқан соң 2 сағатта терісін сыпырып үлгермесе, еті бұзылып кетеді), етін сақтайтын орындарға жеткізу үшін қанша адам керек? Оны әрмен қарай ел-елге, жер-жерге тарату үшін қанша адам керек? Терісін, ішек-қарнын залалсыздандыру (көму, өртеу, т.б.) үшін қанша адам керек? Оны ойлап отырған Нысанбаев көрінбейді. Атам дейді, қалай ататынын білмейді.
Мамандар далада қалған өлекседен сасық иіс шығып, экологиялық апат туындауы мүмкін екенін айтады. Тіпті бір жолда бір миллион аң қырылса, елде төтенше жағдай жариялауға тура келеді. 2023 жылы билік киік ату бұйрығын шығарған кезде оның мүйізінен бастап, етіне дейін пайдаланамыз деп уәде берген. Бірақ бұл жоспар орындалған жоқ. Министрліктің мәліметінше, небәрі 630 тонна киік еті комбинатқа түскен. Киік етін жеп, кекірік атып жүрген қазақты көрмедік, демек, шенділер асырып айтты. Мейлі, солай болған күннің өзінде атылған 42 мың киіктің тең жартысының еті пайдаға асқан жоқ деген сөз. Оның үстіне халық тексерілмеген, ауру-сырқауы бар-жоғы белгісіз, қырғын қасаппен жеткен аң етін жеуге ынта танытпайды. Ал етті жоғары деңгейде өңдеп, консерві жасау біздің биліктің қолынан келген жоқ. Ойына да келген жоқ. Оның үстіне елде нәбәрі 13 ет комбинаты бар. Олар төрт түліктің етін толық қамти алмай отырғанда, киік етіне орын қайдан табылсын?
Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев 2023 жылғы киік ату науқанында кемшіліктер болғанын мойындап, биыл ондайға жол бермейміз деп отыр. Бірақ қалай? Әлі де бір нақты жоспары жоқ министрлік «қой көрмеген қуып жүріп өлтіреді» дегеннің керін келтіргелі отырғандай.
Ақбөкеннің әлемдік популяциясының 98 пайызы Қазақстанда екен. Яғни бұл жануарды еліміздің бренді деуге болады. Сарапшылар өзге елде жоқ осы жаратылысты пайдаланып, жыл сайын 20 миллиард доллар табыс табуға болатынын есептеген. Бірақ бұл үшін орасан дайындық керек. Екі жыл бойы соншалық дайындық жүргізіп жатқан ешкімді көрмедік. Демек, 20 млрд пайда қайда, салақтықтан, Нысанбаевтың бар ісі зиянға шығуы мүмкін.
Қытай президенті Си Цзиньпинге сыйланған 1,5 мың киікті Қытайға қалай жеткізіп берерін білмей, әлі басы қатып жүрген Нысанбаевтың 800 мың киікті арамдамай, ет комбинатына, одан дүкендерге топ еткізе қоятын ақылды жоспары жоқ сияқты. «Әрине, киіктерді айдап алып кете алмайды, қалай болғанда да көлікпен әкетеді. Әртүрлі тәсілдері бар», – деді 25 маусымдағы брифингте. 1 500 киіктің ретін таппай отырған адамнан 800 мыңның есебін қай бетімізбен сұраймыз? Десе де, бұл жоспары қалай жүзеге асыратыны жайында бірнеше нақтылама сұрақты министрлікке жолдадық.
Қуаныш Қаппас