Мың құбылған оқулық жұтқан миллиардтар

Жоғары аудиторлық палата оқулықтарды қайта-қайта өзгертудің салдарынан ел экономикасына 16 млрд теңге шығын келді деп мәлімдеме жасады.
ЖАП жүргізген аудит 2019 жылдан бергі кезеңді қамтиды. Осы бес жылда орта білім беру саласындағы стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына әкеп соққан.
«Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығындарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан.
Сол секілді оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер тек қағаз жүзінде жүргізіледі», – делінеді ЖАП есебінде.
Аудиторлардың айтуынша, орта білім беру жүйесін қаржыландырудың жалпы көлемі де бірнеше есе артқан. 2019 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2024 жылы 4,8 трлн теңгеге жеткен. Соған қарамастан, қабылданып жатқан шаралар тиімсіз, жүйелік кемшіліктер көп. Бұл туралы палата мүшесі Нұрлан Нұржанов айтты:
«Мәселе көп. Олар стратегиялық жоспарлауға, білім беру сапасын бағалауға, педагогтарды даярлауға және жұмысқа орналастыруға, оларды қайта даярлау сапасына, білім беру процесін әдіснамалық қамтамасыз етуге, мемлекеттік реттеу мен бақылауға қатысты. Білім беру саласындағы стратегиялық жоспарлау мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жиі өзгеруімен сипатталады. Стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына әкеп соғады. Осы себепті білім беру саясатында сабақтастық пен тұрақтылық жоқ».
Экс-премьер есеп жүргізбесе де, елдегі оқулықтардың жай-жапсары бәрімізге белгілі. Балалар түсінбейді, ата-аналар қапаланады да отырады. Ал педагогтар оқулықтардың сапасы жылдан-жылға нашарлап жатыр деп жүргелі біраз болды. Жалпы, жаппай білім беру үрдісі келіп, оқулық оқушының да, оқытушының да негізгі құралына айнала бастаған кезеңде біз тек орыс мамандар даярлаған орысша кітаптарды аударумен айналыстық. Сала мамандары да Қазақстанда егемендік алғанға дейін оқу басылымдарын әзірлеу мен мақұлдаудың ұлттық жүйесі болмағанын айтады. Яғни тәжірибе аз. Бірақ 2000 жылдардан бері 11-сыныпқа арналған оқулықтарды бір ізге түсіретін уақыт болды. Оған тиісті ресурс бөлініп те жатыр. Алайда әлі күнге аударылған кітаптар мен кальканың мәселесі шешілген жоқ, мазмұн мен құрылым балалар үшін күрделі, оқытушы үшін тиімсіз. Прогресс тек иллюстрациялар мен техникалық безендірілуде ғана байқалады десек шындықтан алыс кете қоймаймыз.
Жойылған бұйрықтар мен тұрақсыз бағдарламалар
«Жас Алаш» арнайы пікірін сұраған педагог Айнұр Дүйсенова айтып берді (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді):
«Бұрынғы кітаптар керемет еді демейміз. Заман жаңаруда, білім беру жүйесіне деген талаптар өзгеруде. Мұндағы мазмұн мен пәндердің мәні де, тиісті заңнамалар мен стандарттар да соған сай түрленіп жатыр. Ол дұрыс та. Жаһандану мен ғылым дамыған сайын, орта білім берудің де бағыты мен детальдары жаңарып, қадағаланып отырады. Десек те, елімізде оқулықтар бір ізге түсіп алып, кезекті мерзімінде жаңарып, сабақтастық орнады деп айтуға әлі тым ерте. Басы бар, аяғы жоқ, бел ортадан келе салған, аспаннан түсе салған, сосын оп-оңай жойыла беретін құжаттар мен бұйрықтардың әсерінен білім берудің мазмұны да, бағдарламасы да, сәйкесінше оқулықтар да тұрақталар емес. Біреуі келеді, аз уақытта басқа оқулық жасалады. Оның экономикалық зияны өз алдына. Ал білім сапасына келіп жатқан залалы одан да көп», – дейді.
Расында, оқулықтардың жаңа нұсқасы әр жыл сайын әзірленіп, мектептерге таратылады. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында жергілікті атқарушы органдар оқулық сатып алу үшін 18 баспамен келісімшарт жасаған. Ол кезде қазақ мектептеріндегі 2-сыныптың орыс тілі, қазақ және орыс тіліндегі мектептердегі 1-2 сыныптың цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу және бейнелеу өнері пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жаңадан сатып алынған. Ал биылғы 2024-2025 оқу жылында қазақ мектептері үшін 3-сыныптың орыс тілі, ағылшын тілі, еңбекке баулу, бейнелеу өнері оқулықтары, 7-сыныптың қазақ тілі, 8-сыныптың дүниежүзі тарихы, 9-сыныптың Қазақстан тарихы, география оқулықтары жаңарған.
«Оқулықтар бес жылда бір ауысып тұратын. 1-сыныптардікі – 2021 жылы, 2-сыныптардыкі – 2022 жылы келді. 3-сыныптың оқулықтарын 2018-де алғанбыз. Негізгі пәндері әлі де сол күйі тұр, кейбір пәндері ғана жаңарды. Олар ағылшын тілі бірінші сыныптан емес, үшінші сыныптан басталады деген өзгеріске, еңбек пен бейнелеу пәндерінің қосылып, қайта бөлінуіне, жаңадан енгізілген пәндерге қатысты.
Келесі оқу жылына 4-сыныптарға тапсырыс бергелі жатырмыз. Онда да негізгі пәндердің біразы ауыспайды деді. Неге ауыспайды деп сұрап жатқандар аз. Оған нақтылы жауап та жоқ. 2017-де 5 және 7-сыныпты алғанбыз. Олардың да жаңасы келетін уақыты өтті. Жақында біраз пәндерді біріктіргелі жатқаны айтылды. Не де болса, үлкен өзгерістер күтіп отырмыз. Оның жақсы жағына боларына сенім аз. Бірақ оқулықтар тағы да өзгеріп, жаңаратыны анық», – дейді мектеп кітапханасының меңгерушісі Бота Сапеева.
16 млрд ескі оқулықтарды жаңартуға емес, осындай асығыс шешімдер мен шала жобалардың тесігін жамауға кетіп жатыр. Ал енді алгебра мен геометрияны қосып бір оқулық жасаса, дүниежүзі тарихы мен құқық пәні біріксе, биология, физика, химия қосылса тағы қанша миллиардтар шығын болатыны анық. Ең жаманы сол, бірнеше жылдан кейін «бұл өзін ақтамаған жоба болды» деп, қайта бөліп, бөлек оқытатын болып, жаңа оқулық жасап жүруіміз мүмкін.
Жаңа оқулықтарды сараптау жағы да проблема. 2004 жылдан бастап мемлекет оқулық әзірлеуді нарыққа бергендіктен, авторларды баспа үйлері іріктейді. Жауапты мекемелер тек дайын оқулықтарды сараптамадан өткізеді, бекітеді. Ол тексеру шамамен 7 ай уақыт алатын көрінеді. Аталған сараптамаға педагогтар автоматты түрде араласуы үшін платформа жасалған-ды. Былтыр бірнеше облыста апробациядан өткен жүйе де ақшаға жасалды. Оны қолдануды үйрету де ресурсты қажет етеді. Айта берсек, осы сынды шығындар көп. Бұл тақырыптарға қатысты сауалдарымызбен республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығына хабарластық.
«Министрлік білім жүйесіндегі әлемдік тенденцияларға тұрақты негізде талдау жүргізеді, сондай-ақ озық елдердің тәжірибесін зерделейді. Зерттеулер негізінде және сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, бағдарламаларға өзгерістер енгізеді және олардың негізінде оқулықтар дайындалады.
Оқулықтардың жаңаруы бірнеше факторларға байланысты. Мәселен, оқу бағдарламасына сәйкес «Ағылшын тілін» 3-сыныптан бастап оқытатын болдық. Сол сияқты қазақ тілінде оқитын мектептер үшін «Орыс тілі» пәні 2-сыныптан бастап оқытылады. Тағы «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөлінді. Бұдан бөлек, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер бойынша оқулықтар әр 5 жыл сайын жаңартылып отырады. Әрі қолданыстағы жекелеген пәндер бойынша оқулықтардағы оқу материалдары қоғамдағы және әлеуметтік өмірдегі соңғы өзгерістерге сәйкес толықтырылып, статистикалық және фактологиялық материалдар жаңартылады. Осындай себептермен бағдарламалар мен оқулықтар жаңартылып отырады. Бұл тәжірибе біздің білім беру жүйесінде де сақталады», – дейді республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Демек, өзгерістер мен жаңалықтардың бәрі өз ретімен жүріп жатыр. Ал аудиторлық палата олай ойламайды. Естеріңізде болса, президент те оқулықтар сапасын сынаған. Қоғам да осы оқулықтарды ұнатпай-ақ қойды... Біз қандай оқулықтар жаңартылатынын, оның себебі мен шығыны туралы сауалдарымызды оқу-ағарту министрлігіне жолдадық. Жауап күтеміз.
Баян Мұратбекқызы