Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
01:46, 15 Наурыз 2022

Мінбеде министр тұр...

None
None

Асхат Аймағамбетовке шүйлігушілер нені көздейді?

Жалпы, өз басым қырық жылға жуық қолыма қалам ұстай жүріп, жете танымайтын және ешқашан пікірлесіп көрмеген адам жайлы қалам тербеп көрмеппін. Сонымен қатар, тапсырыспен мақала жазатын пендешілігім де жоқ. Алайда, қалам ұстаған қауымның өкілі болған соң ба, саясат пен билік басында жүрген кейбір азаматтардың аяқ алысына қарап, пікір білдіріп қоятын жағдайларымыз жоқ емес. Жақсысына сүйсінеміз, жаманына қынжыламыз, әрине. Осы орайда, жуырда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қарсы 8 мың адам қол қойған петиция президентке жолданды дегенді естігенде, өз құлағыма өзім сенбедім. Себебі, кейінгі жылдары білім саласында жасалып жатқан жұмыстарға көңілім толып жүретін еді. Сондықтан да Асхат Аймағамбетов сияқты ұлтжанды азаматтың жеке басына шүйлігу фактілерін көзім шалғанда, жан тыныштығын ойлап,  жайбарақат отыра алмадым, әрине.

Енді негізгі мәселеге тоқталайық. Турасын айтқанда, еліміз егемендік алғалы дау-дамайы бітпеген министрліктің бірі білім және ғылым министрлігі десек, қателеспеспіз. Өйткені, отыз жылдың ішінде бұл саланы кімдер басқармады десеңші. Олардың ішінде ғылым мен білімге еш қатысы жоқ адамдар да болды. Сонымен қатар, аталмыш министрлік қаншама өзгерістер мен ауыс-күйісті бастан кешірді. Тіпті, спортпен де, медицинамен де қосылды. Соның нәтижесінде, білім саласында кереметтей бір реформалар бой көрсетпегені анық. Себебі, ертегідегі шаян, шортан және аққу сияқты әр министр өз бағдарламасымен келеді. Келесі келген министр одан бас тартып, басқаша бағыт ұстанады. Оның нәтижесі құмға сіңген судай болатыны белгілі.

Осы орайда, білім мен ғылым саласын басқарған министрлердің ішінде ел есінде қалған бір министрді атап өткенді жөн көрдім.  Ол — Шәмшә Беркімбаева болатын. Шәмшә Көпбайқызы аталмыш салада қордаланып қалған біраз проблемалардың ара жігін ажыратып, жақсы идеяларды жүзеге асыруға тырысты. Әсіресе, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайларын жақсартуға, қазақ мектептерін көптеп ашқызуға мұрындық болды. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде оқу министрінің орынбасары қызметін атқарған және облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры қызметінде болған адамға аталмыш саланың барлық проблемалары бес саусақтай белгілі еді. Өкінішке қарай, министр қызметінде көп отырмағандықтан, Шәмшә Көпбайқызының алға қойған көп идеялары мен реформалары жүзеге аспай қалды. Сол жағы өкінішті, әрине. Сөйтіп, білім саласындағы жұмыстарға көңіліміз толмай жүргенде, аталмыш министрліктің тізгінін Асхат Аймағамбетов қолына алды. Алғашында зиялы қауым өкілдері тарапынан жаңа министрдің жастығына қарап, одан көп үміт күте қоймағаны да рас. Алайда, «Жас келсе – іске» демекші, жаңа министр жас болса да, жаңашылдығымен көзге түсе білді.

Дәлдеп айтсақ, Асхат Аймағамбетов мырза білім және ғылым  министрлігіне басшылыққа келгелі бері аталмыш салада түбегейлі өзгерістер орын алып, білім мен ғылым жүйесіндегі қатпарланып қалған біраз тоңның жібігенін мойындауымыз керек. Осы орайда, министрдің бірінші кезекте білім сапасы тиісті стандарттарға сай келмейтін жоғары оқу орындарын жабу туралы шешімі өте орынды болды. Бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша білім сапасы тиісті стандарттарға сай келмейтін 15-тен астам университеттің жабылуы білім саласын жақсартуға деген үлкен құлшыныстың белгісі екенінде дау жоқ. Сонымен қатар, білім беру саласындағы бәсекелестікті нығайту барысында 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының қабылдануы да өте құптарлық жағдай. Себебі, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жоғары оқу орындарының көпшілігінде студенттер сабаққа келмей, эмтиханды таныс-тамырлық және сыбайлас жемқорлық жолдарымен тапсырып жүргені қоғамда үлкен дақпырт тудырып жүрген мәселелердің бірі болғаны ащы шындық.

Өз басым қызмет барысында талай мәрте азаматтарды жұмысқа қабылдау комиссиясында болдым. Сол кезде мына екі оқиға есімде қатты сақталып қалды. Бірде заң факультетін қызыл дипломға бітіріп келген бір үміткермен әңгімелесу барысында: «Құқық және құқық бұзушылықтар дегеніміз не? Құқық бұзушылықтың қанша түрі бар?» деген сұрағыма жауап бере алмады. Сонда ол азамат төрт жыл бойы не оқығаны түсініксіз. Сонымен қатар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоғары оқу орындарында «кеден ісі» факультеттері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені жасырын емес. Тағы бірде «кеден ісі» факультетін қызыл дипломға бітіріп келген азаматшаға: «Кеден ісі дегеніміз не?» деген сұрақ қойдым. Ол жауап бере алмады. Сонда төрт жыл бойы кеден саласы немен айналысатынын білмейтін ол не оқыған? Міне, мәселе сонда. Сондықтан да аты бар да, заты жоқ жоғары оқу орындарын жабу еліміздің ертеңі, жастарымыздың болашағы үшін жасалған үлкен бір жеңісті қадам екені сөзсіз. Себебі, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте өз міндеттерін дұрыс атқара алмай жүрген мамандардың көпшілігі сондай оқу орнының түлектері екеніне ешкім дау айта қоймас. Сонымен қатар, отыз жыл ішінде сәтсіз жасалған экономикалық жобалардың талайында сондайлардың қолтаңбасы жатқаны ақиқат.

Шынын айтқанда, білім сапасы тиісті талапқа сай келмейтін жоғары оқу орындарын жабу оңай шаруа емес. Оның артында қаншама кландық байланыстар мен тамыр-таныстық және  сыбайластық жатқаны да ақиқат. Осы орайда, кезінде білім және ғылым министрлігін басқарған бір азамат өзінің министр қызметінен кетуіне талапқа сай келмейтін жоғары оқу орындарын жабуға талпынған әрекеті себеп болғанын күйіне айтқаны есімде. Міне, сондықтан да Асхат Аймағамбетовтың білім саласындағы тәртіпті жөнге келтіру жұмыстарының ішіндегі осы қадамы ерлікке пара-пар әрекет. Бұл жерде әрине, бірінші кезекте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тарапынан болып жатқан қолдаулардың нәтижесі екені де сөзсіз. Өйткені, жекеменшік білім ордасын ашқандардың ішінде министрге бой бермеуге тырысатын дөкейлер де жоқ емес.

Кейінгі кездері мұғалім мәртебесін көтеру жолында жасалып жатқан игі жұмыстар білім мен ғылым саласында еңбек ететін барлық мамандардың жұмысқа деген ынталарын арттыра бастады. Соның бір дәлелі ретінде үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өскенін айта кеткен орынды болар. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «… Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиядаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн...» деп атап өтті. Осы орайда, халықаралық зияткерлік олимпиадаларға қатысушыларды ынталандыру және қолдау үшін алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК, күміс – 1000 АЕК, қола – 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау шаралары жүзеге асып, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу мәселесінің қолға алынуы үлкен табандылықпен жүзеге асырылған жұмыс. Бұған қоса, мектеп бағдарламасына Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған «Әліппеміздің» қайта оралып, Ел президентінің Жарлығымен мұғалімдерге берілетін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» (стипендиясы 1000 АЕК) сияқты атақтардың дүниеге келуі де білім саласындағы үлкен жетістік. Сонымен қатар, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы тарапынан да мұғалімдердің әлеуметтік-материалдық жағдайларын жақсарту жолында жасалып жатқан жұмыстар да жетерлік. Бұндай ынталандыру шаралары бұрын-соңды болмаған жағдай, әрине.

Тағы да айта кетерлік жайт, Асхат Аймағамбетов келгелі әкімшілік тарапынан мұғалімдерді әртүрлі қоғамдық жұмыстарға жегу, орынсыз жүктеме жасау сияқты жағдайлардың бәріне тыйым салынды. Осы күнге дейін мұғалімдерді сенбілік ұйымдастыру, сайлау науқанына салу, халық санағына қатыстыру, көше сыпыру, т.б. сияқты жұмыстардың бәріне қосатын. Ол дегенің — білім сапасымен қоса мұғалімнің қолжаулық сияқты қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіргені де жасырын емес. Қазіргі уақытта осының бәрі тыйылды. Бұл да министрлік басшылығының талабы мен табандылығының арқасында жүзеге асқан шаруа. Мысалы, өткен жылы Семей қаласы әкімінің мұғалімдерді қосымша жұмысқа салғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны соның бір дәлелі. Яғни, қоғам мұғаліммен санасатын болды.

Асхат Аймағамбетовтың министр ретіндегі тағы бір ерекшелігі – әрдайым педагогика саласындағы үлкен тәжірибесі бар ұстаздармен сөйлесіп, ақыл-кеңестеріне құлақ асып отыратыны. Олай дейтінім, бірде маған есімі республикаға белгілі педагог-жазушы, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Орынша Қарабалина апай хабарласты. Көңіл-күйі көтеріңкі екен. Әңгіме арасында жаңа ғана министр Асхат Аймағамбетов телефон шалып, білім саласында болып жатқан өзгерістерге байланысты ақыл-кеңес сұрағанын және «Ұстаз жүгі: қиын, ауыр, қызық» атты кітабының шығуымен құттықтап, жақсы пікір айтқанын жеткізді. Содан кейін сөз соңында: «Міне, білім саласын басқаруға осындай жігіттердің келгені жақсы болды. Себебі, сөз саптауынан педагогика саласын жақсы білетін және өте ұлтжанды азамат екенін байқадым», — деді риза кейіппен.

Сонымен қатар, жуырда әлеуметтік желілерде Талдықорған қаласындағы №4 мектепте оқушы баланың мектеп мұғаліміне дөрекілік көрсеткені жөніндегі ақпарат тарап, қоғамда кәдімгідей дақпырт туғызды. Бұл жағдай да министрдің назарынан тыс қалмапты. Аталмыш оқиға жөнінде өзінің ФБ парақшасында былай деп жазыпты: «Бүгін мен №4 мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім. Баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек». Міне, қарамағындағы қызметкерлерін қызғыштай қорғай білетін нағыз басшыға тән қасиет десек, қателеспеспіз.

Қазіргі уақытта зайырлы қоғамдағы ең үлкен проблеманың бірі мемлекеттік тіл мәселесі екенінде дау жоқ. Кешегі қайғылы «Қаңтар оқиғасы» кезінде де көп көтерілген мәселенің бірі мемлекеттік тіл төңірегінде өрбіді. Осы орайда тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге үлкен ат салысып жүрген шенеуніктің бірі және бірегейі осы Асхат Аймағамбетов  десек, қателеспеспіз. Тіпті ол өткен жылы қазақ тілін өркендету үшін балалардың барлығын қазақша оқытып, қазақ мектептерін көбейту жөнінде айтқан сөзі үшін ұлтшыл атана жаздады. Ол аздай, Ресейлік баспасөз оны ұлтшыл деп қана емес, АҚШ-тың агенті деп те қаралады.

Бұған қоса бұқара халық қаншама жыл билік басында жүрген кейбір  шенеуніктердің бойынан іскерлік пен ұлтжандылықты көре алмай шаршағаны шындық. Әсіресе, жоғары мінбелерден қазақша екі ауыз сөздің басын құрай алмай немесе қолына жазып берген қағазды да оқи алмай тұрған «шала қазақтарды» көргенде ызаға булықты. Сондықтан да тіл мәселесі туралы белгілі саясаткер Әлихан Бәйменовтың: «Отыз жылда қазақ тілі байлар мен биліктің, қазақ тілі қарапайым халықтың тіліне айналды» деген сөзінің жаны бар, әрине. Осы орайда Асхат Аймағамбетов үшін қазақ тілі биліктің емес, білімдінің және бекзаттылықтың тілі болғаны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан болар, қаңтар айының басында үкімет отставкаға кеткен кезде әлеуметтік желілерде бұқара халық ішінен «Асхат Аймағамбетов орнында қалса екен» деген тілеулестер де көп болғаны шындық. 

Бұл әрине, қоғамдық пікір. Қалай десек те кез келген адамның азаматтық және іскерлік қабілеті жөніндегі бет-бейнесі қоғамдық пікір арқылы қалыптасары сөзсіз. Біздің аталмыш мақаланы жазуымызға да себеп болған қоғамдық пікірлердің нәтижесі. Осы орайда, қолынан іс келмейтін және бойында елге сүйкімі жоқ шенеунік өзі туралы қандай қоғамдық пікір қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан да Асхат Аймағамбетовтың жағымды образы туралы айтылып жүрген әңгімелер желісі негізсіз емес. Себебі, айтылған пікірлерді толықтыруға негіз болатын жұмыстар да жетерлік. Сонымен қатар біздің қоғам егемендік алған отыз жыл ішінде кадрлық саясатта нағыз меритократияның үлгісі болатын ұлтжанды тұлғаларды көптеп шығара алмағаны ақиқат. Керісінше, халық бір-екі жыл әкім немесе министр қызметінде отырып, миллионерлер мен миллиардерлер қатарына қосылып жатқандарды көрді. Олардың ішінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен еліміздің жарты байлығын уыстарында ұстаған 162 адамның біразы бар. Сол арқылы жастар арасында мемлекеттік қызметке ұлтқа қызмет ету үшін емес, материалдық жағдайын түзеу үшін бару жағдайлары көп орын алды. Бұл да бұқара халықтың көңіліне кірбің түсірген жайттардың бірі.

Қорыта айтқанда, бүгінгі мақаламыздың тақырыбын «Мінбеде министр тұр...» деп көп нүктемен атауымыздың да өзіндік мағынасы бар. Себебі, қазіргі уақытта жоғары мінбеге шығып жүрген әкімдер мен министрлер көп. Алайда, «Солардың барлығы ел алдындағы өз міндетін дұрыстап атқарып жүр ме?»  «Ұлттық мүддеге жандары аши ма?» «Барлығы бірдей жоғары мансапқа лайықты ма?» деген заңды сауал туындайды. Әрине, жоқ. Осы орайда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің артынан шам алып түсушілер «Оның бойынан қандай мін тапты екен?» деп ойлаймын. Қателеспейтін пенде жоқ, әрине. Егерде Асхат Аймағамбетов мырзаның ішіп-жеп қойғаны болса, баяғыда бұрқ етіп шығар еді. «Әлде, білім мен ғылым саласындағы қалыптасып қалған стеореотипті сындырып, талапты тым күшейтіп жібергені кейбіреулерге ұнамай қалды ма?» «Я болмаса ұлттың қамын жеп, ұлттық құндылықтарымызды ардақтау жолында жасап жүрген жұмыстары көре алмастардың көңілінен шықпай жүр ме?» Осы сұрақтардың жауабын министрдің оппоненттері мен оқырман қауымның еншісіне қалдырғанымыз жөн шығар.

Тегтер: