Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 29 Қаңтар 2021

Міндетті тұрғын үй жинағы: халыққа «хайп» емес, үкіметтің қолдауы керек

None
None

2021 жыл басталғалы қайта тағайындалған Мамин үкіметі әдеттегідей «бірқатар бастамаларды қолға аламыз» деп, жұртты елеңдетіп-ақ отыр.

Биыл сондай бастамалардың бірі  ретінде міндетті тұрғын үй жинағын қолданысқа енгізу ойластырылуда. Бұл ретте еліміздің  қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің екінші топтағы банктерді қадағалау бөлімінің бастығы Дәурен Нисинбаев былай дейді: «Қазіргі уақытта біздің агенттік үкіметпен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясаты және міндетті тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындаумен айналысуда. Алдағы алты айда біз оны мақұлдау бойынша жұмысты аяқтаймыз, соның нәтижесінде заң жобасы қабылданады деп ойлаймын».

      Сөйтіп, Нисинбаевтың айтуынша, міндетті тұрғын үй жинағы бастамасы баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қажет болып отыр. Ал сала мамандарының пайымдауынша, бұл баспанадан тарыққан елді құтқаратын жоба емес.  «Егер болашақта Отбасы банкіне елдің жаппай депозит жинауын міндеттейтін заң енсе,  қоғам наразылығын тудыратын болады» дейді сарапшылар.

                         Сингапур қайда, Қазақстан қайда?!

       Рас, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі айтып отырғандай, өзгеріске түсетін заң жобасында тұрғын үйге жаппай салым жинауға міндеттейтін бап бола ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ Отбасы банкі төрайымы Ләззат Ибрагимованың да бұл идеяны айтып жүргеніне біраз болды. Аталмыш бастаманы Ибрагимова ханым 2019 жылдан бері айтып келеді. Оның айтуынша, Сингапур мұндай тәжірибені 1960 жылдан бастап енгізген. Қазір жоба жемісін беріп, сингапурлықтардың 94 пайызы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.  Дегенмен сала мамандары Сингапур мен Қазақстанды салыстыру мүлде қисынға келмейтінін алға тартып отыр.

       «Жас Алашқа» пікір білдіргенқаржыгер Меруерт Молдабаеваның айтуынша, Сингапурда жалақы алатын азаматтар ай сайын табысының 37 пайызын міндетті тұрғын үй жинағына салып отырады екен. Бұл елде медициналық сақтандыру, зейнетақы жинағына ұсталынатын салық та жоғары. Өйткені ол елде халықтың табысы да жоғары. «Ал бізде соңғы сегіз жыл бойы халықтың табысы төмендеп, инфляцияға жем болып барады. Сондықтан өз басым мұндай бастамаларды қоғам қабылдайды деп айта алмаймын», – дейді қаржыгер. Маманның айтуынша, Сингапур ғана емес, Канада, Малайзия тәрізді елдерде бұл бастама өз жемісін берген.

    – Өзге елдердің үкіметі халықты қолдауға келгенде тың бастамаларды ойластыра қояды. Мысалы,  пандемия кезінде Канада табысынан айырылған әр азаматқа төрт ай бойы 2000 АҚШ долларын төлеп тұрды. Сингапур елінде де  осы шамада мемлекеттік көмек берілді. Ал біздің үкіметтің қиын кезеңде халықты қолдау үшін бөлген 42 500 теңгесінің әлеуметтік мәнінен символикалық атағы артып кетті. Шын мәнінде бұл халықты қиындықтан шығаратын қаражат емес еді. Үкімет азық-түлікке де жетпейтін көмек берді. Бірақ оның атағы жер жарды. Қазіргінің тілімен айтқанда, керемет «хайп» болды. Меніңше, осы міндетті тұрғын  үй жинағы да үкіметтің атағын шығаратын, халықтың назарын аударатын дау-дабырасы көп, нәтижесі аз жобалардың бірі болып қалатын тәрізді, – дейді Меруерт Молдабева.

               Бұл «Бәйтеректі» құлатпаудың амалы ма?

      Жалпы, деректерге жүгінсек,  Отбасы банкі Қазақстандағы ипотека нарығының 62 пайыз  үлесін алады. Қазір банк салымшыларының саны 1,7 млн адамға жеткен. Алдағы үш жылда салымшылар қатарын 2,7 миллион адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 25 пайызынан асып жығылады. Осы жағынан алғанда Отбасы банкі үшін қалған қазақстандықтарды мәжбүрлеп депозит аштырудың еш экономикалық негізі жоқ. Шын мәнінде баспана алғысы келген азаматтар Отбасы банкінен депозит ашу керегін онсыз да біледі. Отбасы банкінің жалғыз акционері «Бәйтерек» холдингі екені белгілі. Мамандар міндетті тұрғын үй жинағы бастамасы осы «Бәйтеректі» құлатпаудың амалы болуы мүмкін екенін айтуда. Бұл ретте экономист-ғалымЖұмаділда Баяхметов  бұл болжамның шындыққа жанасатынын алға тартты:

      –  Білесіздер, былтырғы жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір біз мүлдем басқа жағдайда тұрмыз. «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерін біріктіріп, қаржылық мүмкіндігі анағұрлым зор мекеме құру керек. Осы ретте штат санын 50 пайызға қысқарту керек», – деген тапсырма берген-ді. Бірақ сол тапсырма әлі орындала қойған жоқ. Расымен де, қазір біз қиын жағдайда тұрмыз. Бюджетті, ұлттық холдингтердің, әл-ауқат қорларының қаражатын барынша үнемдеу маңызды. Бұл арада Отбасы банкінің жалғыз акционері «Бәйтерек» холдингі екенін ұмытпаған жөн. Егер халық жаппай міндетті тұрғын үй жинағын жинай бастаса, онда айналымдағы қаражат көбейіп, холдингтің қазынасы толығады. Демек, мұны «Бәйтеректің» жұмысын арттырудың  бір амалы деп қарастыруға болады.

       Ипотеканы иіре алмадық, болашақтан не күтеміз?!

       Негізінде,  «тұрғын үй ипотекасы», «тұрғын үй қоры», «жалдамалы тұрғын үйлер» деген терминдер қазір жұрттың құлағына сіңісті болып та үлгерді. Жасыратыны жоқ, көптеген елдер тұрғын үй ипотекасын, тұрғын үйлерді жалға беру тәсілін барынша дөңгелетіп, үйлестіріп әкете алды. Ал біздің елімізде ипотека саласының екі иінінен демалып, дағдарып тұрғанын бүгінде мамандар  ашықмәлімдеуде. Осы орайда, экономист-сарапшыІлияс Исаев «халыққа қазір керегі – тұрғын үй жинағы емес, ипотеканың арзандауы» екенін мысал етті.  

      Сарапшының айтуынша, міндетті тұрғын үй жинағы ақылға қонымсыз  бастама. Қазір халықтың тұрақты жұмысы жоқ. Табысы аз. Жалақыдан жалақыға дейін әрең күнелтіп отырған елге «енді сен міндетті түрде тұрғын үй салымын төлеуің керек» деу ақылға сыймайды. Егер мұндай бастама енгізілетін болса, ең алдымен үкімет халықты жоғары жалақысы бар жұмыспен қамтуы керек.   

    – Біздегі ипотека көпшіліктің қолы жетерліктей күйде емес. Осы тұста мемлекет ипотекалық жүйеге балама ретінде пәтерлерді мемлекеттік жалға беру жүйесін жетілдіруге тиіс. Сондықтан бүгінде мемлекет ұсынып отырған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын дамыту керек. Ендігі кезекте біз осы бағдарламаны сауатты жүзеге асыра алсақ жөн болар еді, – дейді Ілияс Исаев.

       Ал сауатты жүзеге асыра алмасақ ше?! Халықтың үміт еткен арзан үйге қол жеткізетін күні туа ма?! Тіпті біздің жалпағынан жатқан кең даламызды көріп, өзге елдердің «осынша үлкен жерде баспанамен қамтылмаған халық неге көп» деп таңғалатынын да білеміз. Ойлап қарасақ, біз ипотеканы ұршықша иіре алмадық, ендігі кезекте пәтерлерді ұзақ мерзімді жалға беруді, арзан ипотека беруді ойластыру керек екені даусыз.  Егер бұл сала тоқыраса, тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Бұл – елімізде көпқабатты тұрғын үй салу тұралайды деген сөз. Ал мұнымен бірге экономикамызға үлкен серпін әкеліп отырған құрылыс саласы да құлдырап кетпек. Демек, жалдамалы пәтер, қолжетімді баспана, арзан әлеуметтік пәтерлер беру бағдарламасының шешімін табуға үкіметтің өзі ықыласты болуы тиіс. Ендеше таяу болашақта үкімет атағын шығаратын популистік бағдарламалар мен жобаларға емес, нақты реформаларға бас қатырады деп сенгіміз келеді.

Тегтер: