Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:28, 09 Наурыз 2023

Министр бүй дейді, сарапшы өй дейді...

None
None

Өткен аптада қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «алдағы екі-үш айда елдегі шарықтап кеткен өнім бағалары арзандауы мүмкін», деп жарияға жар салды.

Үкімет басшысының орынбасары және қаржы министрі Жамаубаевтың бұлай жорамалдауына доллар бағамының төмендеп жатқаны себеп болған.

«Соңғы кезде доллар бағамының төмендеуі байқалады. Былтыр тауар құны өскенде, үкімет оны шетелдік валюта курсының шарықтауымен байланыстырған болатын. Қазір доллардың теңгеге шаққандағы құны 442 төңірегінде. Сондықтан 2-3 айдың ішінде тауар бағаларының арзандауы күтіледі», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған қоса шенеунік: «Жалпы, экономикадағы инфляция да төмендейтін болады. Бюджетті нақтылау кезінде 7,5-9,5 пайыз дәлізінде көрсеттік. Енді осы аралықта шектеуді сақтаймыз», дегенді де қосып қойды.

Сол-ақ екен сала мамандарының біразы «осы уақытқа дейін доллар арзандаса да бағасы түскен тауар бағасын, азық-түлік бағасын көрмедік. Бұл халықты алдарқату», деп даурықты да қалды.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, біз үшін болашақта қымбатшылықты ауыздықтаудан бұрын – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру өте маңызды. Бұл ретте, мамандар «қазіргідей, қиын сәтте халықты ас-ауқаттан тарықтырмаудың жаңаша тетіктерін іздестірген абзал», деседі.

Бұған қатысты біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Айналып келгенде, азық-түліктің 60 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 94 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайтын көрінеді.

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Ертай Молдажановтың айтуынша, Қазақстан тәрізді негізгі фундаменті аграрлық ел болып қалыптасқан мемлекетке тек мұнай-газ саласына ғана иек артып отыру – қолда бар мүмкіндікті бос жіберу деген сөз. Азық-түлік нарығындағы беделімізді көтеру үшін алдымен, материалдық базамызды нығайтуымыз керек.

— Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайдан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай, әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Осы кемшіліктерді жойып алмай, азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан қымбатшылықтан бұрын алдымен, осы жайттарға мән берілуі тиіс. Сонда ғана біздің ел «болашақта азық-түлік таппай қаламыз ба» деген сауалдарға бас қатырмайтын болады. Қазіргідей, геосаяси жағдайда бұл өте маңызды дүние, – дейді.

Ал Жамаубаевтың «азық-түлік, басқа да тауар бағалары арзандауы мүмкін», дегенімен сала маманы келіспейді. Маманның пайымынша, қазіргі 20,5 пайыздық инфляцияны екі-үш айдың ішінде үкімет 7,5 пайызға түсіре алмайды.

– Біздің үкімет те, үкімет мүшелері де жалған популизмге құмар. Қазіргідей, шарықтап кеткен бағаны бірден екі есеге түседі деу — негізсіз. Ресей мен Украинадағы жағдайдың ушығуы, жалпы, әлемдік экономиканың салдарын есепке алсақ, әзірге, «доллардың құны 10 теңгеге арзандады екен» деп, тауарларының бағасын түсіре қоятын өндірушілер де, алып сатушылар да жоқ. Алда көктемдік науқан тұр. Тұқымдық себу, тұқымға өнім қалдыру деген бар. Үкімет осының барлығын дұрыс жүйелеуді ойлауы керек. Көктемнің әрбір күнін сауатты пайдалану — келер қыста тарықтырмайтынын сезіну қажет. Міне, осының барлығы, болашақта халықты аш құрсақ етпей, қиыншылықтан тарықтырмай, алып шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан үкімет келешекте ақылға қонымды болжамдар жасап, халықты тарықтырмаудың төте жолын сауатты меңгеруі тиіс, – дейді Ертай Молдажанов.

Тегтер: