Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 04 Шілде 2025

Министр емес Нұрбектің сынын министр Нұрбек шеше алмай жүр

Саясат Нұрбек
Фото: Жас Алаш коллаж

Ғылым және жоғары білім министріне мемлекеттік грант бойынша білім алған педагогтердің 90 пайызы жұмысқа орналаспаған.

 Мұндай есепті Жоғары аудиторлық палата берген. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау педагогтерді даярлауға бағытталған мемлекеттік тапсырыстың шынайы қажеттіліктерге негізделмегенін, бюджеттен 31,8 млрд артық шығын шыққан дейді. Бюджет тапшылығы асқынып тұрғанда Саясат Нұрбектің мұнысы несі?

Сөзге келгенде тартынбайтын Нұрбек Тауға: «Дәл солай, 90 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілмеді деген ақпарат берілді. Оның ішінде 35 мыңы жұмыссыз және 60 мың түлек туралы ақпарат берілмеген деген ақпарат болды. 60 мың түлектің дерегін толыққанды беруге дайынбыз. Олар жұмысқа орналастырылды», – деп жауап берді.

Бұл деректерді берген ЖАП қателесті ме, әлде министр 90 пайыз деген қорқынышты статистикадан ақталғысы келді ме, кім білсін, дерегі жоқ 60 мың түлекті түгел жұмысқа «орналастырып» тастай салды. Еліміздегі еңбек нарығы мен жоғары білімді мамандар арасындағы диссонанс бәрімізге белгілі. Соңғы уақытта дипломы бар азаматтардың үлесі артқанымен, олардың оқыған мамандығымен жұмыс істеп жатқаны шамалы. «Сандықтың түбінде қалады». Қоғамдағы осы үрдісті қатаң сынға алып, талай жерде сөз сөйлеген Нұрбектің министр қызметіне кіріскеніне үш жылға жуық уақыт өтті. Алайда ештеңе өзгермеген секілді. Иә, ол кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында «еңбек кедейлігі» деген тіркесті қолданып, қазақстандағы жұмыспен қамту ісі тиімсіз жүріп жатқанын айтқан. «Біздегі Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адам капиталын бірлесіп дамыта алмай отыр», – деген сабазың сонда.

Сөйтіп, Нұрбек өзі сынаған ведомствоға басшы болды. Еңбекмин де бірнеше басшы ауыстырып үлгерді. Алайда дипломы бар, жұмысы жоқтардың мәселесі мызғыған жоқ. 2018 жылы елімізде ЖОО түлектерінің 35 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаған, 40 пайызы бір жыл ішінде жұмысқа тұрмаған. Ал 2023 жылы түлектердің 77 пайызы мамандықпен жұмыс тапты деген статистика берілді. Әрине, мұндай «жылтыр» статистикаға сенімнен гөрі күмән басым. Былтырғы деректерге келсек, ғылым және жоғары білім министрлігі бізде ондай статистика жоқ деп, Еңбекминге жолдады. Екінші тарап та мұндай деректерді жинамаймыз деп қайырды. Бір анығы, пайыздарға сену қиын. Себебі ЖОО-лар біздің түлектеріміздің жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары деген атақ үшін әртүрлі қадамдарға барады. Шын мәнінде жастардың басым бөлігі жұмысты жеке сектордан іздеп жүргені жасырын емес.

Оның үстіне жылдан-жылға диплом алатындардың қатары қалыңдап келеді. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында студенттер саны 2019-2020 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға артқан. 2020 жылы – 575 мың студент болса, биылғы оқу жылында – 624 мың. Жыл сайынғы динамикамен қарағанда 2019 жылы – 117 мың, 2020 жылы – 140 мың, 2021 жылы – 161 мың, 2022 жылы – 168 мың, 2023 жылы – 171 мың оқушы мектепті аяқтаған. Осы оқу жылында 183 мың адам ЖОО-ға оқуға қабылданған. Соның бәрі 75-80 пайыз шегінде мамандықпен жұмысқа орналасып жатыр деуге біздің еңбек нарығымыздың өзі мүмкіндік бермейді.

Әрине, кейбір салаларда кадр тапшылығы анық байқалады. Бірақ басқа бір мамандық иелері жұмыс таппай қиналып жүр. Осы дисбалансты реттеу арқылы ғана адами ресурсты да, бюджетті де тиімді игеруге болады. Қазір жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары мамандықтар: информатика және робототехника – 98 пайыз, техникалық физика – 95 пайыз, пайдалы қазбаларды байыту – 93 пайыз, жалпы медицина – 92 пайыз. Бірақ дәл осы мамандықтарды игеру арқылы жұмыссыз қалмайсың деп те айту қиын. Өйткені сұраныс пен қажеттілік жылда өзгереді. Сол өзгерістерді бақылап, мемлекеттік білім беру гранттарын үлестіруі тиіс ведомство болса педагогтердің 90 пайызы жұмыссыз деген «ұрыс» естіп отыр.

Профориентолог Сәуле Нұртасова: Дипломы бар, теориядан аса алмайтын «маман» көп

«Қазақстанда мамандық бойынша жұмыс табу қиын. Ең алдымен, жоғары оқу орындарындағы басым бағыттар мен еңбек нарығының арасында үлкен алшақтық бар. Көптеген ЖОО-лар әлі күнге дейін сұранысы аз мамандықтарды көптеп даярлайды. Шартты түрде, елге 10 заңгер қажет десек, жылына 200 заңгер диплом алып жатыр. Мемлекеттік тапсырысты қоспағанда, ақылы бөлімдердің өзі солай. Әрі кадр сапасы деген де мәселе бар. Дипломы бар, бірақ теориядан әрі аса алмайтын мамандар көп. Практикалық дағдылары жоқ маманды үйретуге ынталы жұмыс берушілер сирек екенін ескерсек, бұл да үлкен бір тақырып.

Экономика мен еңбек нарығының жағдайы да керемет деуге келмейді. Аймақтарда жұмыс орындары шектеулі. Ғылыми бағыттағы, инновациялық мамандықтарды оқыған жастар мегаполистерге келіп, үлкен бәсеке алаңына түседі. Бірен-сараны орналасар, қалғаны күнелту үшін курьерге, салон маманына, кассирге айналады. Әрі осы сынды жеке сала маманы болу қалтаға тиімді. Дәрігерден гөрі сату менеджерлері жақсы жалақы алады», – дейді.

Бұл мәселеге тек жұмыспен қамтылғандар қырынан емес, жұмыссыздар жағынан да қараған дұрыс. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан үлкен жастағы халық санына шаққанда 65 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда 95,3 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайыз, яғни 450 мыңға жуық. Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқумен айналыспайтын жастардың үлесі – 6,5 пайыз.

Осы сандарға қарасақ, елдегі жұмыссыздық деңгейі «толерантты» шеңберде секілді көрінеді. Себебі жұмыссыздықтың 5 пайызға дейінгі деңгейі «табиғи» саналады. Десек те, бұл тек ресми тіркелген жұмыссыздық. Шын мәнінде, «жасырын» жұмыссыздық, маусымдық жұмыстар мен толық емес жүктемемен еңбек ететіндер, табысы тұрақсыздар әлдеқайда көп болуы ықтимал. Осыған келіп дипломы бар, жоғары білікті деп жүрген азаматтарымыз қосыла берсе, бір нарық толып, екіншісі босап жатса, арты не болмақ? Мұндай тиімсіз процесті сынағандар, сынап жүргендер аз емес. Тіпті Нұрбектің өзі министр болмай тұрған 2019 жылы: «Бірінші мәселе – білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жалпы ішкі өнімнің түсіп кеткеніне қарамастан, бізде тиімсіз жұмыс орындары сақталуда. Білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспайды. Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтуда. Диплом иелерінің жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді», – деген.

Оны аз десеңіз, Астана әлі Нұр-Сұлтан болып тұрған кезде BTS Digital білім беру орталығының басшысы ретінде жаңа мамандықтар атласын жасауды ұсынған. Ол жобасы да өзі министр болғалы көп айтылып жүр. Бірақ реализациясы ертеректе басталған жобадан келген пайда да, өзгеріс те жоқ.

Өңір-өңірде іске кіріскен «атластың» бірнеше жылдан бері қандай жетістіктерге жеткені және дипломы бар, жұмысы жоқ мамандарды азайтуда қандай стратегиялық шаралар қабылданып жатқаны туралы ресми сауалымызды ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Оған қоса түлектердің жұмыспен қамтылуы туралы деректердің қалай жиналатыны жайлы да толық зерделейтін боламыз. Әйтпесе, министрлік түлектің бәрінде дерлік жұмыс бар дейді, ал ЖАП пен парламент депутаттары «90 пайыз» деп отыр.

Баян Мұратбекқызы