Министр Қазақфильмдегі «автосалонға» қатысты пікір білдірді
Мәдениет және ақпарат министрі Қазақфильмдегі дауға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы zhasalash.kz сайты хабарлайды.
«Құрметті достар! «Қазақфильм» айналасында болып жатқан мәселелер жайында айта кеткім келеді. Шынында да, қазір біз айналысып жатқан жүйелі мәселелер бар. Осыған байланысты ұйымдастыру және заңнамалық шаралар қабылданатын болады. Аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқы көп ұзамай оралатынына сенімдімін. Алдағы уақытта сапалы фильмдер түсіріп, көрерменді қуанта береді деп ойлаймыз», деп жазды Аида Балаева фейсбуктағы парақшасында.
Естеріңізге салай кетейік, алғаш әлеуметтік желіде «Қазақфильм» киностудиясы автосолонға айналғаны туралы ақпараттар шыққан еді. Кинотанушы Айбек Құдабаев фейсбуктегі тәуелсіз кинематографистер ассоциациясы атты топта «Жаңа жылда автер, амбассадор, асаба Шәкен Айманов атындағы автосалонын ұсынады» деп жазба қалдырған.
Артынша бұл мәселеге қатысты актер Қуандық Дүйсенбаев та өз ойын айтқан еді.
«Мен бүгін бір адамға қатты таңқалып отырмын. Ол Қазақфильм киностудиясының басшысына. Азамат Сатыбалдыұлы, сізде кішкене қызметтік этика бар ма? Сіз білдей бір киностудияның президентісіз. Таңнан кешке дейін автокөлікті жарнамалайсыз. Ұят емес пе?» деді актер Қуандық Дүйсебаев фейсбук парақшасында.
Бұл ақпарат республикалық телеарналардың басты жаңалығына да айналып үлгерді. Актер, асаба Азамат Сатыбалды 2023 жылдың шілде айында «Қазақфильм» АҚ-ның басшылығына тағайындалған болатын. Оған дейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметінде болды. 2023 жылдың 11-ші қыркүйек күні ASPAN MOTORS компаниясының амбассадоры болғанын жариялаған. Содан бері 700 мың оқырманы бар инстаграм парақшасында аталған компания сататын автокөліктерді жарнамалап келеді.