Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:23, 01 Желтоқсан 2023

Министр Маржыпбаев спортты білмейді

Ермек Маржықпаев
Фото: из открытых источников

Биыл қыркүйекте бұрынғы мәдениет және спорт министрлігі бөлініп, спорт және туризм министрлігі құрылған. Жаңа мекеменің алғашқы басшысы болып Ермек Маржықпаев тағайындалды. 

Сол министр жақында Қостанай облысына сапарлап барып, «Тобыл» футбол клубы жайлы ойын айтыпты.

«Бұрын клуб бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы алатын, қазір ол қысқарды – 1,2 миллиардтан аспайды. Легионер шақыру әлемдік тәжірибе. Бірақ «Тобылда» негізінен жергілікті футболшылар өнер көрсетеді. Бүкіл облыс «Тобылға» жанкүйер болып отыр. Команда әдемі әрі сапалы ойын көрсетіп жүр. Сондай-ақ «Тобыл» – Қазақстан құрамасын спортшылармен қамтамасыз ететін негізгі команда. Сан-Мариноға екі гол соққан Ислам Чесноковтың өзі неге тұрады! Руслан Валиуллин де жақсы нәтиже көрсетіп жүр», – деді министр.

Біздің сужұқпас «шешен» шенділер сөз сөйлегенде таңғалмайтын адам жоқ. Бірі сөзден сүрініп, жұртқа күлкі болса, екіншісі абайсызда өз саласын анық білмейтінін аңғартып алады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейін аудан және облыс басқарған Маржықпаевқа министр креслосы ұнаған сияқты. Бірде боксшыларды сынға алып, бірде футболға «сарапшы» болып, шауып жүр. Бірақ аладоптан хабары аз сияқты. Әйтпесе, «Тобылды» Қазақстан құрамасының базалық командасы демес еді. Министр боксшыларды «тез шаршайды» деп сынағанда өзі бокстан спорт шебері ғой деп үндемеген едік, ал футбол жайлы ұшқары пікіріне үнсіз қала алмадық.

Біріншіден, «Тобыл» мың жерден мықты болса да, еш уақытта ұлттық құраманың базалық командасы болған емес. Тек ел чемпионы атанған 2021 жылы біршама ұлттық құрама ойыншыларын қатарына жинағаны есімізде. Бірақ оның көбі командада бір жыл ғана өнер көрсетті. Екіншіден, Маржықпаев атаған Чесноков пен Валиуллин қазір Қазақстан құрамасында ойнайтыны рас. Бірақ олар «Тобылдың» түлегі емес, бірі – Өскеменде, екіншісі – Оралда футбол әліппесін үйренген. Чесноков тіпті Қостанайға биыл ғана келді. Демек, Маржықпаевтың мәлімдемесі жалған. Ол не жергілікті жанкүйерлердің көңіліне қарап «Тобылды» өтірік мақтады, не спорт министрі болса да спортты толық білмейді.

Биылғы 10 матчта «Тобылдың» екі-ақ ойыншысы алаңға шықты. Ұлттық құрамаға спортшы дайындап беретін клуб деп «Таразды», алматылық «Қайратты», «Ақтөбені» айтуға болады. Дәл қазіргі сәтте «Ордабасы» мен «Астанада» құрама футболшылары көп. Бұл тізімнің ешқайсысына «Тобыл» енбейді. Ендеше, министр мырзаның өтірігіне жол болсын айтуға әбден қақымыз бар.

Жалпы, мәдениет пен спортты осы салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар басқарып жүргеніне көп болды. Мол білім мен үлкен мінезді талап ететін маңызды мекемені Ермұхамет Ертісбаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді кісілер де басқарды. Мұхамедиұлынан кейін тізгін ұстаған Ақтоты Райымқұлова хоккейден Қазақстан құрамасы мен «Барыс» клубын ажырата алмай күлкіге қалған.

2021 жылы мамырда хоккейден Қазақстан құрамасы Латвияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Сол кезде Райымқұлова: «Біздің команда топтық кезеңде жеті ойын өткізеді. Топтық кезеңде екі топқа бөлінген 16 команда бар. Біздің «Барыс» командасының басты мақсаты – плей-офф кезеңіне шығу. «Барыстың» плей-офф кезеңіне шығуына толық мүмкіндік бар» – деп айды аспанға шығарған. Халық құрама мен клубтың парқын білмейтін адам қалай министр болып отыр деп таңғалған.

Біздің елде спортты сол салаға мүлде қатысы жоқ адамдар басқаратыны жасырын емес. Федерацияларды миллионер-министрлер бөліп алған. Мысалы, хоккей федерациясын Асқар Мамин, бокс федерациясын Кеңес Рақышев, теннис федерациясын Болат Өтемұратов, жеңіл атлетика федерациясын Даниал Ахметов, күрес федерациясын Дәулет Тұрлыханов, велоспорт федерациясын Нұрлан Смағұлов басқарып отыр. Тізе берсек көп. Тіпті сотталып кеткен Кәрім Мәсімов те кезінде спорт федерациясын басқарған. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз елдің спорт саласына қатысы жоқ сияқты.

Қуаныш Қаппас