Министр Мырзағалиевтің мәлімдемесі диқандарды неге шошытты?
![None](/static/img/image.jpg)
Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұдан былай елдегі су тапшылығы мәселесін күріш пен мақта егістіктерінің алқабын азайту арқылы шешпек.
Бұл саланы басқарып отырған министр Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстанда су тұтынудың қазіргі үрдісі сақталса 2030 жылға қарай болжамды тапшылық 11,7 км³ болуы мүмкін.
«Осыған байланысты қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет. Су тапшылығын болдырмау үшін, біріншіден, күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен азайту қажет. Бұл бір текше километр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алқапта суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұдан орташа алғанда 30 пайызға дейін немесе 2,2 км³ су үнемделеді. Үшіншіден, ұзындығы 6 мың км суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистральдық каналда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына екі текше километр су үнемделеді», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министрдің бұл мәлімдемесін күріш пен мақта егіп, нәпақасын тауып отырған диқандар қауымы кешелі бері тосырқай қабылдады.
Күрішті күрмеп, егісті үнемдесе мәселе шешіле ме?
Диқандар ғана емес, сала мамандарының пайымынша, ылғалды дақылдар егістігін азайту, яғни күрішті күрмеп, мақтаны үнемдеп егу мәселені шешпейді. Тіпті министр бюджеттен сұрап отырған миллиардтар да (бұл шараларға 192 млрд теңге сұралды – авт.) сауатты жобаламаса көмектеспеуі әбден мүмкін. Бұл ретте «Жас Алашқа» пікір білдіргенэкономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын Goldman Sachs банкінің зерттеуінше, 2025 жылдан бастап Орталық Азия елдеріне су дағдарысы төне түседі. Бірқатар елдерде су тапшылығы орын алып, әсіресе ауызсу мәселесін шешу қиындай түседі. Ол тізімде Қазақстан да бар. Болжам бойынша 2025 жылға қарай Орталық Азия елдерінде өндіріс орындарының саны артады. Сол өндіріс орындарында суды пайдалану деңгейі өсе түсетінін, осыдан барып суды үнемдеп пайдалану үрдісі туындайтынын ескеруіміз керек. «Бұл жерде егіс алқаптарын азайтып, күріш егуді қысқарту тек диқандардың нәпақасын азайтады. Негізінде, тереңіне үңілсек, министр атап отырған үрдістер мәселені толық шеше алады деп айту қиын», – дейді Тоғжан Шаяхметова.
Бағдарламаға сенген 20 жыл
Жалпы,мамандардың пайымдауынша, бізде мәселені жіті зерттеу, тереңіне үңілу жағы кемшін. Гидрогеолог Ғазиза Айдарбекованың пайымынша, алдағы бес жылда, расымен де, Қазақстанда су тапшылығы анық сезіле бастайды. Қазірдің өзінде, яғни соңғы 29 жылда елде су тапшылығын сезініп отырған ауыл-аймақтардың көлемі артпаса, кеміген жоқ.
– Қазір бізде ауызсу мәселесі қатты өршіп тұр. Бұл түйткілді шешуді 2002 жылы қолға ала бастадық. Осы жылдары елдегі су тапшылығын шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдана бастады. Алдымен біз «халықты таза ауызсумен қамтиды» деп, «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. 2002 жылдан 2010 жылға дейін созылған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылуы керек еді. Бірақ бұл бағдарламаның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмады. Бұдан соң «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін су тапшылығын шешу үшін бюджеттен жыл сайын 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Бірақ бұл бағдарлама да айтарлықтай жетістік бере қоймады. Біздегі ауызсу мәселесі, суармалы жерлер жайы әлі басы ашық күйінде қалып отыр. Таза су орнына бақа-шаян араласқан өзен суын тұндырып ішіп отырған елді мекендер жайы көп айтылды. Қайсыбір деректер Қазақстанда 150-ден астам ауыл сусыз отырғанын көрсетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан аймақтарында қаншама елді мекен сусыз отыр. Тіпті қайсыбір ауылдарда 50-100 адам тұратын аймақтар бар. Сол ауылдық аймақтардың инфрақұрылымы жайлы тіпті сөз қозғамай-ақ қойсақ болады. Жиырма жылға жуық бағдарламаларға сендік. Бірақ ол сенім ақталмады, – дейді Ғазиза Айдарбекова.
Министр «судың өзі – саясат» екенін біле ме?
Маманның айтуынша, халықаралық сарапшылардың су дағдарысы жайлы айта бастауында негіз бар. Қазір мұны ескерген көптеген елдер ауызсу мәселесіне қатысты сауатты шешімдер қабылдап жатыр.
– Су мәселесіне келгенде Қазақстанның трансшекаралық аймақта жатқанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, Ертістің суы Қытаймен шекараласып жатыр. Қазір Ертіс суының тым азайып бара жатқанын Қытайдың саясатымен байланыстыратындар да бар. Келешекте Қытайда өндіріс орындарының көлемі артып, халқының су тұтыну көрсеткіші арта бастайды. Сол кезде Ертіс суының Қытай жақ бөлігінің одан әрі азая түсетіні даусыз. Орал өңіріндегі су көздері Ресей арқылы келсе, Арал өңіріне су Сырдария арқылы келеді. Бұл арада біз өзбектердің қас-қабағын бағамыз. Талас өңіріне келетін су көздері қырғыздармен шекаралас екенін ұмытпаған жөн. Міне, біздегі су мәселесі трансшекаралық аймақтарда жатқаннан кейін бұл арада асқан сауаттылық керек. Дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту қажет. Суға қатысты каналдар қазу, жерасты суларын көбейту, ылғалды егістіктердің санын азайту, цифрландырудан бөлек, сыртқы саясатты сауатты нықтауды да ұмытпаған жөн, – дейді Ғазиза Айдарбекова.
25 жыл бұрын қозғалғанда…
Негізінен, мамандардың айтуынша, Қазақстанға су тапшылығының алдын алуды осыдан 25 жыл бұрын бастауы керек еді. Өкінішке қарай, тиісті министрліктер бұл мәселеде отандық ғалымдардың зерттеулеріне назар аудара бермейді екен. Мысалы, Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары 2009 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кіріскен. Зерттеулер нәтижесінде ғалымдар Қызылорда облысында 420-450 метр тереңдікте жерасты суы бар екеніне көз жеткізді. Бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сыр суының лас екені, оның бүкіл Орталық Азия аумағын аралап өтіп, Қызылордаға енетіні бізге белгілі.
Ғалымдар алға тартып отырғандай, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында судан алынатын сирек металдар тіптен құнды. Алайда осы істің көзін таба алмай отырмыз. Мысалы, бір ғана Аралдың суын алайық. Аралдың суы иод тапшылығын жояды. Ал біз не істедік?! Арал суалды, экологиялық аймаққа айналды дедік те қойдық. Аралдағы ашық жатқан иодты ұқсата алмадық. Сол тәрізді өзен-көлдерімізден де су рудасын алуға бас қатырып жатқан жоқпыз. Бұл үлкен еңбекті талап ететіндіктен, мұны Қытай елі сәтті пайдаланып отыр. Әлемдік нарықта бұл рудалардың құны жоғары. Сондықтан қазір көршілес ел руда алуға үлкен құлшыныс білдіріп отыр. Мұның артында біздің өзен-көлдерге болашақта Қытай елі көз тігіп жүрмей ме деген қауіп еріксіз қылаң береді.
Ойлап қарасақ, бірқатар елдер су тапшылығын жоюға қатысты мәселелерін әлдеқашан жолға қойып, реттеп алыпты. Ал біздің министрліктер бұған қатысты жыл сайын жаңа реформалар ұсынудан жалығар емес. Ол реформалардың нәтижесі кейде әжуаға айналып, кейде тіпті құмға сіңгендей жоқ болып кетеді. «Сауатсыз молданың сәлдесі қисық» демекші, біздің министрлердің әбден зерттеліп, зерделенбеген жаңашылдығы күлкілі болса да, тура осы әрекетті бейнелейді.