Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Министр Нұртілеу Германияда қаза тапқан Сайлыбаева туралы сұрақтан басын ала қашты

Мұрат Нұртілеу
Фото: zhasalash.kz

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Германияда қайтыс болған Айгүл Сайлыбаеваға қатысты сұраққа ашулы реакция білдірді.

Ақордада өткен шарадан кейін журналистер министрден Германиядағы тергеуге Қазақстан СІМ тарапынан қандай да бір қолдау бола ма деп сұрады.

— Онда ешқандай мәселе жоқ. Тұрмыстық жағдай. Қазір тергеу жүріп жатыр, - деді Нұртілеу.

Алайда марқұмның жақындарының айтуынша, Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты ешкім әлі ұсталған жоқ. Оның жұбайы Александр Донцов қайғылы оқиғадан кейін кішкентай қызын алып, Ресейге кеткен.

Министрден мән-жайды нақтылауын сұрағанда, ол сұрақ қойылғанына ренжіп, былай деді:

— Сіз бұның бәрін қайдан білдіңіз? Кім айтты? Жәй бір жерден үстірт оқып алып, адасып жүрсіздер.

Журналистер министрден мәселені анық түсіндіруді сұрағанымен, Мұрат Нұртілеу әңгімені жалғастырудан бас тартып:

— Өшіріңіз. Дұрыс жұмыс істеңіз. Ештеңе айтпаймын, - деп жазбаны тоқтатуды талап етті.

Министр СІМ марқұмның отбасына көмектесіп, істің әділ тергелуіне ықпал ете ме деген сұраққа нақты жауап бермеді.

— СІМ көмектеспейді дегенді кім айтты? Оны қайдан шығардыңыз? - деп қарсы сұрақ қойды.

Алайда сол сәттің алдында ғана министр «ешқандай сұрақ жоқ, бұл — тұрмыстық мәселе» деп, ведомствоны істен алшақ ұстауға тырысқан еді.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың жазында Германияда жұмбақ жағдайда қаза тапқан. 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылды. Полицияның ауызша алдын ала берген ақпаратына сәйкес, сыртқы белгілері бойынша мәйіт ҚР азаматы Айгүл Сайлыбаева деп танылды.

Айгүл Сайлыбаева бұрын Астананың Сарыарқа ауданында білікті судья болған. Кейін өзінен мүшел жас кіші жігітке күйеуге шығып, 2019 жылы шет елге көшеді. Әлемнің біраз елін аралаған отбасы соңғы жылдары Германияның шағын ғана Бенсхайм шаһарында тұрып жатты. Марқұмның артында 4 жасар қызы қалды.

Ол Алматыда жерленді. Марқұмның туыстары бұл істің тұрмыстық жанжал емес, ауыр қылмыс екенін айтып, шындықтың ашылуын талап етіп келеді.