Министр Нұржігітов: «Краннан су ішемін»

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің сапасына сенетінін және өңірлерге барған кезде тікелей краннан су ішетінін айтты.
Бұл туралы ол журналистердің сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қала тұрғындарының 99,9 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш 97,5 пайызды құрайды. Қалған 2,5 пайызды қамтамасыз ету – министрлік алдындағы басты міндеттердің бірі.
«Орталықтандырылған ауыз су жүйесінде сағат сайын су сапасы тексеріледі. Арнайы зертханалар бар, СЭС оны қосымша бақылап отырады. Меніңше, судың сапасы нашарлап кеткен жағдайда техникалық ақаулар салдарынан болады. Біз қашан фильтрден су ішпейміз немесе сатып алып ішпейміз дегенге келсек, бұл адамның өзінің көзқарасына байланысты деп ойлаймын. Бүкіл дүние жүзінде дүкендерде бөтелкедегі су сатылады. Бізде де солай. Керек болған жағдайда біз оны сатып алып ішеміз», - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Министр атап өткендей, орталықтандырылған ауыз су – бұл тек тұрмыстық қажеттіліктер үшін емес, ішуге де жарамды су.
«Краннан су ішесіз бе?» деген сұраққа министр төмендегідей жауап берді:
«Өңірлерге барған кезде әрдайым су ішемін. Кейде маған “Қай жерде ең дәмді су?” деген сұрақ қойылады. Бірақ нақты қай жерде ең дәмді екенін айта алмаймын, өйткені барлық өңірлерді әлі аралап үлгерген жоқпын», - деді Нұржігітов өткен брифинг барысында.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде ауыз судың сапасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Әсіресе кейбір ауылдар мен шалғай елді мекен тұрғындары лас, иісі бар судың келетінін айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты министрлік халықты толық және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.