Министр Омаровтың мұнысы несі?
Бір ай бойы халықтың назарын аударған жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы нәтижелі болды ма?
Не істелінді?
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, бір ай ішінде комиссия мен жұмыс топтарының 12 отырысы өткізіліп, онда 113 мәселе мен ұсыныс қаралған.
«Оның 20-сы бойынша нақты шешімдер қабылданды. 28 ұсыныс парламентке және 47 ұсыныс нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Жұмыс топтарында күн тәртібінен 18 мәселе алынып тасталды. Отырыстар ашық өтті және телеарна мен интернетте трансляцияланды. Комиссияның әрбір мүшесі сөз сөйлеуге және өз пікірін айтуға толық құқылы болды», – деді Ералы Тоғжанов. Ұсыныстар қабылданды. Дұрыс-ақ делік, алайда...
Халықтың көкейіндегі ең басты мәселе шешілмей қалды. Билікті 2016 жылғы халық толқуы әлі де ойландырмаған сияқты. Кеше жер комиссиясының басым көпшілік дауыс беруімен тағы бес жылға мораторий жарияланды. Енді алдағы бес жылдың ішінде жер ешкімге сатылмайды. Бірақ бұл мәселе бес жылдан кейін тағы да күн тәртібіне шығады. Жер сатылуы керек пе, жоқ па? Жер жекеменшікке берілуі қажет пе? Халық жердің сатылғанын, жердің жекеменшікке берілгенін қаламайды. Бірақ мұны қазіргі биліктің жаны қалап тұр. Мұны ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінен анық байқауға болады. Ұялған жоқ, мұны ашық айтты. Министр Сапархан Кесікбайұлы: «Ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігі болуы керек. Жер ашық сауда-саттықта электронды түрде сатылуы қажет», – деді. Енді министр Омаровтың жер реформасы жөніндегі комиссиясының отырысында сөйлеген сөзін қаз қалпында келтірелік. Жұртшылық білсін, елдің білгенінің еш артығы жоқ.
— Бұл ретте, өзінің бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтардың ұзақ мерзімге жалға алумен қатар, ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы жерді пайдалану еркін институтында қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалдауды да, жекеменшікке алуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауылшаруашылық алқаптарына жекеменшік құқығы мен жалға алу құқының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше, таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймын. Егер біз, шын мәнінде, ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе, Қазақстанда ауылшаруашылық жеріне толыққанды жекеменшік және оны сатып алу, сату бойынша еркін нарық пайда болады. Тағы бір айта кететін нәрсе, алдыңғы отырыстарда банк кредиттерін тарту үшін жердің өтімділігін арттыру қажеттілігі мәселесі бірінші рет көтерілген болатын. Әкімшілік жағына екінші деңгейлі банктерді жердің кепілдік құнын көтеруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Оны бәріміз де түсінеміз. Демек, жердің нақты нарықтық құны болуы тиіс. Ал бұған жекеменшік институтын енгізу және ауылшаруашылық жерлерін сатып алу, сату нарығын дамыту жағдайында ғана қол жеткізуге болады.
Иә, жер комиссиясындағы талқылау барысында «ауылшаруашылық жерлерінің бәрі бірдей жекеменшікке сатылып кетіп, ірі жер иеленушілердің қолында шоғырланады, сондай-ақ ұтымсыз пайдаланады» деген алаңдаушылық айтылды. Осындай алаңдаушылықтарға бола, «қазақстандықтар үшін жекеменшікке толық тыйым салып тастауға болмайды» деп есептейміз. Бұл үшін заң түрінде база құру қажет. Мысалы, жекеменшікті тым үлкен жер алқаптарының бір қолға шоғырлануына жол бермеу мақсатында бір әкімшілік аудан шегінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің ең жоғары мөлшерін белгілеу қажет. Бұл реттікте қазақстандықтар үшін жер учаскесіне жекеменшік құқын алу үшін қажетті шарт, кәсіптік даярлық, аграрлық сектордағы жұмыс тәжірибесі және ауыл шаруашылығын тиімді пайдалануға қажетті капитал болуы тиіс. Жер ашық сауда-саттықта электронды түрде сатылуы керек. Жалға беру жағдайында ауыл шаруашылығы белгілі бір кезең ішінде тиімді және ұтымды пайдаланылған жағдайда одан ары оларды жекеменшікке беруге рұқсат етілуі тиіс. Ауылшаруашылық жерлерін пайдаланбайтын немесе ұтымсыз пайдаланатын тұлғалар жоғары салықтар мен айыппұлдар түрінде қарсылық жазаға тартылуы керек. Осылайша, белгілі бір өлшем шарттарды белгілеу арқылы қазақстандықтар үшін жер жекеменшікке берілуі қажет деп ойлаймын. Жекеменшіктің өз артықшылықтары бар екені даусыз. Ол ауыл шаруашылығында инвестиция тартуға ынталандырады, – деді министр Сапархан Омаров.
Бұдан шығатын қорытынды не? Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың бұл пікірін биліктің көзқарасы деп түсіну керек. Мәселені тек осы тұрғыдан ұғынған жөн. Ауылдың жайын ойлайтын министр, сөйтіп, жер мәселесі қыл үстінде тұрған сәтте биліктің, ірі жер иеленушілердің мүддесін жақтап кетті деуге болады. Әйтпесе, министрдің бұлай сөйлеуінде нендей астар, қандай сыр жатыр? Ол министр басымен мәселеге халықтың көзқарасымен қараса қайтеді?
Әңгіменің тоқетеріне келгенде, халық бұл мәселеге қатысты азаматтық позициясын анық әрі белсенді көрсетуі тиіс. Сонда ғана Жер-анамызды сақтап қала аламыз. Ал Жер-ана сатылмауы тиіс. Дұрысы осы. Мораторий бұлжымайтын қағида деу сенімсіз. Демек, бізге жерді сату мәселесін толығымен ауыздықтайтын нақты заң қажет. Халық та осындай заңды талап етуі керек. Әйтпесе, бір ай бойы жиын өткізіп, ақырында, түк болмағандай, тағы бес жылға мораторий жариялай салу биліктің халықты алдау, алдарқату саясаты. Басқа еш нәрсе емес.
Халықтың табанды азаматтық позициясы болмаса, билік уақытты созып, осылай өз дегенін істей береді. Дәл сол жер комиссиясының отырысы өткен күні бір топтар «Жер сатылмасын!» деп, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңында митинг жасап, ұрандатты. Ал дәл сол кезде елордадағы отырыста министр Омаров «ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру керек», деп жатты. Халықтың талабы мен биліктің көзқарасы. Кереғар көрініс. Ақыры,, комиссия мораторий жариялап жіберді. Бір күнде шешетін мәселені енді тағы бес жыл күтетін болдық. Өкінішті.
Тақырыпқа тұздық: Суретке түсіп тарқады
«Қазақстанда митингке чыккандар сүрөткө түшүп-түшүп, кайта үйлөрүнө тарап кетет экен. Чыккан соң чечиш керек чоң маселени. Бугунгу күн тағы 5 жылга уктау учун жолдомо алуу куну екен дагы...»
Қырғыз қызының фейсбуктегі пікірінен