Министр Сапаров: “Ет бағасының өсуіне делдалдар кінәлі”

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы ет бағасының өсуіне негізгі себеп – делдалдар екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда ет бағасы көрші Орталық Азия елдерімен салыстырғанда әлі де төмен. Алайда нарықтағы кейбір делдалдар бағаны қолдан көтеріп отыр.
Бұл – делдалдардың көтеруі. Бұны бақылау оңай емес. Бұл – өте күрделі жұмыс, ал фермерлер үй шаруашылықтарынан етті өте арзан бағаға сатпайды. Қазақстан үшін 3,5 мың теңге болса да – бұл қалыпты баға. Біз көріп отырмыз, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда 6 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ бізде ет жеткілікті. Ет жеткілікті. Сауда департаменті делдалдар бойынша жұмыс істеуі керек, - деді Сапаров.
Етті сатып алып, қайта сатумен айналысатын делдалдардың көпшілігі өнімді ветеринариялық құжаттарсыз өткізеді. Осыған байланысты олардың жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр.
Малды ауылдан сатып алып, базарға апаратын делдалдар бар. Олар кей кезде етті қажетті құжатсыз, анықтамасыз өткізеді. Ондай адамдарды қылмыстық жауапқа тартуға дейін шара қолдануды жоспарлап отырмыз. Оны да заңға енгізу керек. Бұған мән бермесек, ауру мал бүкіл халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қатаң шара болуы керек, - деді министр.
Министрлік бұл бастаманы алдағы парламенттік сессияда қарауға ұсынуды көздеп отыр. Депутаттар өз жұмысын күзде қайта бастайды.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет 50 мың тоннаға дейін ет экспорттауды көздеп отырғанын хабарлаған болатын. Алайда сарапшылардың пікірінше, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығы үшін алдымен делдалдық схемаларды реттеу қажет.
Сондай-ақ, алдағы он күнде киік етінің бағасы нақтыланады.
Жұмыс енді басталды. Бұл мәселемен Экология министрлігі айналысып жатыр. Біздің міндет – ет комбинаттарын ақбөкен етімен қамтамасыз ету. Қазір 18 ет комбинаты бар. Ветеринарлар да бұған жұмылдырылды. Ет қандай бағамен қабылданатыны және сатылатыны логистикаға байланысты. 10 күннен кейін киік етінің келісі қаншадан болатыны белгілі болады, - деді Сапаров Үкіметте өткен брифингте.