Министр Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты дауына пікір білдірді
Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты түсініктеме берді.
Үкіметтегі брифинг барысында министр бұл жағдайдың жауапты жекпе-жек қарсаңында орын алғанын атап өтті.
«Иә, өкінішке қарай, маңызды жекпе-жек алдында осындай жағдай тіркелді. Алайда екінші допинг сынамасы ашылады, ол 8 қаңтарға жоспарланған. Жәнібектің командасы да, біз де екінші сынаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Қорытынды шыққаннан кейін ресми ақпарат беріледі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр допинг фактісі расталған жағдайда қандай шешім қабылданатыны туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселеде түпкілікті шешімді World Anti-Doping Agency (WADA) мен халықаралық бокс ұйымдары қабылдайды.
Допинг дауының мән-жайы
Еске салсақ, желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының қараша айында алынған А допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Сынамада тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Бұл тексеру боксшының WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіру жекпе-жегіне дайындық барысында алынған.
Аталған жағдайға байланысты Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы арнайы мәлімдеме жасап, ал Әлімханұлының командасы спортшының допинг қолданғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Қазіргі таңда боксшының тағдыры екінші допинг сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты. Бұл нәтиже Жәнібек Әлімханұлының спорттық мансабына, алдағы жекпе-жектеріне және халықаралық рейтингтегі орнына елеулі әсер етуі мүмкін.