Министрді құрту мақсат па?
Елімізде қай салада болсын, жанашырлықпен, жауапкершілікпен жұмыс жасайтын басшылар баршылық.
Бірақ елге жаны ашитындардың аяқтарынан тарту — бүгінде белең алып тұрған мәселелердің бірі.
Осы орайда, қазақ тілінің өз елімізде өз деңгейінде биік мәртебеге көтерілуіне жол ашып, соған сай арнайы заң шығарып отырған министрдің бірі – Асхат Аймағамбетов екені белгілі. Енді оның нәтижелі түрде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталсақ, біріншіден, жоғалып бара жатқан әліппемізді қайтарды. Екіншіден, мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында айлықтарын көтеріп, артық қоғамдық жұмыстардың барлығынан босатты. Сондай-ақ 5 күндік оқу жүйесін енгізу арқылы мұғалімдердің отбасына көп көңіл бөлуіне жағдай жасады. Білім жүйесінде санға емес сапаға жұмыс істеу керектігіне де мән беріп, еліміздегі сапасыз білім беретін, диплом сататын жоғары оқу орындарының барлығын дерлік жапқызды. Таяқтың екі ұшы болатындығы секілді, министрдің шығарған қандай да бір шешімі білім жүйесіне пайда әкелсе, біреулерге тиімсіз болып, шу шығарып жатқандары да бар. Бірақ жай сын емес, шектен шығып, министрдің кетуін тілеп отырғандар кімдер? Осы орайда, мектеп директорлары мен білікті мұғалімдердің пікірлерін білуді жөн көрдік.
Республикалық «QAZBILIM» орталығының бас директоры Аятжан Ахметжанұлы білім жүйесінде болуы мүмкін емес істердің барлығын айтады. Яғни ол:
– Бұл сұрақтың жауабын беру үшін әңгімені арыдан бастауға тура келеді. Иә, біздің жүйеде күресуге болатын және күресуге болмайтын дүниелер бар. Себебі, жүйедегі біраз дүние біраз адамның жекеменшік бизнесі. Ал елге қаншалық кесірі тиіп жатса да, білім саласын қаншалық кері тартып тұрса да, оған тиісуге болмайды. Асхат Аймағамбетов министр болып келіп, қадамдарын бастаған кезде, көп істерін қолдадым. Себебі, біздің жүйеде, әзірге, мүмкін емес істер бар. Соның бір парасына көз жүгіртейік.
1. Университеттер лицензиясы және университеттердің кейбір мамандықты оқытуға алған лицензиясы. Мысалы, Қазақстанда 85+ университет мұғалім маманын дайындайды. Бірақ бәрі мұғалім шығарып жатыр ма? Әлде «димпломы бар адам» шығарып жатыр ма? деген мәселеге келсек, әрине, екіншісі. Тіпті, кейбір университетке 200 студент қабылданып, 800 студент бітіргенін де көрдік. Асхат Қанатұлы дәл осы мұғалім дайындайтын 85+ университетті 25-ке түсіремін деді. Мен Асхаттың өзінен қорықтым. Қалған 60+ университет қарап отыра ма? Әрине, олар қарап отырмайды. Себебі, студент олар үшін ақша! Бір мамандықтың лицензиясынан айырылу – жүздеген студенттен, миллиондаған ақшадан айрылу. Бұған дейін де жекеменшік университетпен алысам деп, құрбан болған министрлер де жоқ емес.
2.Аудандық білім бөлімдерін аудан әкімінен тартып алу. Қаржыландыруын тұтастай облыстық бюджетке беру. Бұл тым ауыр. Ауданда, ауылда әкім болып отырған, ауданда білім бөлімін басқарып отырған, ауданда, ауылда директор болып отырғандар кімдер? Сәл ойланыңыз, олардың біразы жоғарыдағы біраз кісілердің жергілікті жердегі туысқандары. Мектептің, білім саласының ауданның қармағынан кетуі – жеп отырып нанынан айырылу. Кім майшелпекті далаға тастай салады? Қолынан келгенше күресері… ақиқат.
3. Ғылым саласындағы тендерлер. Институттар мен зерттеу орталықтарының біразы тек отчет деңгейінде өтірік ғылым жасап жүргенін бәріміз білеміз. Бірақ нәтижесі… Иә, Асекең келгелі ғылым саласына бөлінген қаржы арттырды, бірақ сұрауы қатайды. Институттар мен зерттеу орталықтарының біраз басшысы алмасты. Біразы нанынан айырылды. Наннан айырылу оңай ма? Қиын, әрине.
4. Оқулық.Баяғыда оқулыққа тәуелсіз сараптама жасайтын болып, қазір парламентте, сенатта отырған біраз аға-тәтелер бар, жұмыс істедік. Дәл сондай қадамға Асекең барғысы келген ниетін бір емес, бірнеше рет байқатты. Бірақ бізде оқулық шығаратын баспалардың меншік иелерін жақсылап бір тексеріп көрсеңіз, олармен күресу тым қиын екенін сезесіз.Асекең министрлікке келгелі осы саланы білетін маман ретінде барын салды және қатардағы мұғалімнен, жас ғалым, жасамыс ғалымға дейін, тіл жанашырларынан ел жанашырларына дейін қабылдап, бәрімен кеңесті. Кеңесті де білім-ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдатты. Менің бар үмітім осы бағдарламада еді. «Әліппе» және «ана тілі» бұл бағдарлама аясындағы кішкентай ғана іс. Соның өзі біз үшін үлкен қуаныш сыйлап жатқанда, 5 жылдық жоспарды орындатпай шабуылдау — қорқаулық. Біздің жүйеде жұмыс істеудің қиын екенін айтпағанның өзінде, Сәрінжіпов пен Сағадиевтен қалған «атқораны» тазалау оңай деймісің. Атқора дегеніме ренжімеңіздер. Сағадиевтің өзі мен бірінші орынбасары Бибігүл сотталмады демесеңіз. Вице-министр Суханбердиевадан бастап, министр хатшысы, атшысы, көмекшісі, тағы басқасы бар, біразы істі болғанын бәріңіз білесіздер. Енді кілең қылмыскерлер, жемқорлар жұмыс жасаған жерді басқа қалай атауға болады. Ұлттық тестілеу орталығының екі экс-директоры параға Toyota Camry 70 мініп кеткенін естеріңізге сала кетейін.Ол орынға да белді, жас Дидар Смагуловты үлкен үмітпен әкелген Асхат екенін, оның биылғы ҰБТ-дағы ерлігін көрдіңіздер. Бірақ оның әсерінен де біреулер үлкен майшелпектен айрылғанын қыстыра кетейін. Дәл сол экс екі команданың (Сәрінжіпов, Сағадиев) атышулы «үш тілділік» бағдарламасын қабылдап, қоғамның пікіріне пысқырмағаны, миллиардтарға есеп бермеген күйі, былыққан орданың тізгінін өз ортасына вице боп, «сыймай» кеткен Асхатқа ұсынып, Сағадиевтің «шетел асқаны» күні кеше ғой.Енді ол орынды тазалап, таза команда жасақтап, таза жұмыс істеп, елеулі нәтиже шығаруға не артында тіреп тұрған үлкен кісілері, не болмаса темірдей жүйке, тастай сабыр керек екені ақиқат. Білім саласы түзелмей, ел түзелмейді. Түзеймін деп келген адамның бетін қақпа, белін бу, – деп пікірін білдірді.
Ал қоғамда ұстаздардың атынан ашық пікір білдіріп жүрген ұстаз, Қарасай ауданының мұғалімі, ағартушылық қоғамның мүшесі Айман Сағидулла министрлікті сынағанда да орнымен сынау керектігін айтады. Оның пікірінше, «Министрлердің ішіндегі халықпен ашық сөйлескен алғашқы министр Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ ол мұғалімдерді тыңдай біледі. Аймағамбетовты жалпы ашықтығы жағынан сыйлаймын.Денешынықтыру пәндерін қосып оқыту мәселесіне келсек, пән мұғалімдеріне алдын ала ескертілу керек еді. Яғни, мамыр айында ескертіліп айтылғанда, үш айдың ішінде басқа жұмыс тауып алар еді. Соның салдарынан қаншама мұғалім жұмыссыз қалғалы отыр. Жалпы, жұмыссыз қалдырмау керек. себебі, баламен жұмыс істеп келген мұғалімнің бірден жұмыссыз қалуы оңай нәрсе емес. Ал жұмыспен қамтамасыз ету үшін зейнеткерлерді қысқарып, орнына сағаты жетпей жатқан денешынықтыру мұғалімдерін алу қажет», – дейді Айман Сағидулла.
Сондай-ақ дәл қазіргі кезеңде мектеп формасына да қатысты дау шығып жатқаны бәрімізге мәлім. Мектеп формасына қатысты дауға ұстаз Айман Сағидулла «Бір баланың киіміне 100 мың кетеді деу ақылға қонбайды. Ал 100 мыңға киіндіретіндердің жағдайлары жақсы деген сөз. Өз басым 100 мыңға киім алып көрмедім. Мысалы, мен қызыма ақ жейде мен бір белдемше ғана алдым. Енді сөмке сатып аламын. Былтырғы киімдерін де киеді.Ал қыстық киімдерді мезгіліне қарай уақытында аламын. Осы орайда, мектеп формасындағы басты мәселе, барлығына ортақ бір форма болуы қажет. Бай, кедей деп бөлінбейтіндей бір формамен жүрсе, барлығына да жақсы», — дейді.
Жөн-ақ. Осы орайда, министрдің жұмысына қатысты мәселелер жоғарыда аталды. Енді елдің білім сапасын арттыруда көп жұмыс атқарып, әрі сапалы жұмысты талап етіп отырған жалғыз жанашыр министрді құртсақ, білім саласында енді дәл мұндай жұмыстар атқарылатынына күмән көп.