Министрдің мұнысы ешқандай сөмкеге сыймайды!

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың әйгілі брендтердің киімін киіп, қымбат сөмке ұстағаны қызу талқыға түсті.
Министр әуелі Қарағандыдағы жекеменшік «Қазақмыс» медициналық орталығына 1 000 еуродан (шамамен 510 000 теңге) тұратын Valentino Garavani туфлиін киіп, Lexus көлігімен барды. Желі қолданушылары Әлназарованың мінген көлігін, қымбат аяқкиімін сынап, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері ескі форма киіп жүргенін айтты. Сондай-ақ министрдің жекеменшік медициналық орталыққа не себепті барғаны, неге қарапайым халық емделетін ауруханаларға бармағаны талқыға түсті. Осыдан соң министр үкімет отырысында журналистердің сұрағына жауап беріп, жеке емханада ғана емес, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан облыстық ауруханада да болғанын айтып, ақталған болды. Алайда Әлназарова үкімет брифингі кезінде Valentino маркалы туфлиі туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Тіпті модератор бұл сұрақты «жеке шаруасы» деп, тікелей эфирден алып тастады.
Көпшілік Әлназарованың қымбат туфлиіне таңғалып жатқанда оның тағы бір фотосы әлеуметтік желіде жарқ ете қалды. Фото биыл қыркүйек айында Нью-Йоркте түсірілген екен. Онда министр ханым қолына 6 мың долларлық Fendi сөмкесін ұстаған. Ал аяқкиімі Ferragamo брендіне ұқсайды.
Ақмарал Әлназарова 2024 жылғы 6 ақпанда денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған. Ол бұған дейін бұл қызметті атқарған Ажар Ғинияттың орнына келген. Алайда содан бері министрдің шешкен мәселесінен гөрі шатқаяқтаған шаруасы көп. Министрлік тізгінін ұстағанда «бәрін қатырамын» дегенімен, сарапшылар салада ешқандай өзгеріс жоқтығын айтып жүр. Сол «баяғы жартас – бір жартас», жемқорлық, маман жетіспейді, қызметтің сапасы төмен, ұзын сонар бітпейтін кезек... Тіпті өткен жылы президент Қ.Тоқаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынаған. Бірақ одан жақсарған МӘМС-ті көрмедік.
Ең сорақысы – Әлназарованың бренд киім, қымбат сөмкемен шалқып жүрген хабары Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жалақысын төлей алмай отыр деген ақпаратпен қатар шықты. Бұл жөнінде денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев айтқан. Берешектің көлемі де аз емес – 700 млрд теңгеден асады. Вице-министрдің сөзіне сенсек, мұның себебі «республикалық бюджеттен жоспарланған қаражат пен нақты түскен қаржы арасындағы айырмашылықтан» туындаған.
Алайда бұл мәселелердің ешбірі Әлназарованы алаңдатпайтын сыңайлы. Тым құрыса қоғамда қызу талқыланған жағдайға қатысты бір ауыз пікір де білдірген жоқ. Басқаруындағы дәрігерлер жалақысын ала алмай отырғанда Әлназарованың дәл бұлай торғын торқаға оранып, сән қуып жүргені ешқандай сөмкеге сыймайды!
Әлихан ЖАНҰЗАҚ