Министрлерге – «бас табақ», әкімдерге – «сыбаға»
![None](/static/img/image.jpg)
Бюджетті игерудің сиқы осы
Жылдағыдай биыл да бюджет қаражаты игерілмей қалды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығысы – 97,5, республикалық бюджеттің шығысы – 99,4, жергілікті бюджеттің шығысы 95,8 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша шығыс 13 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 81 млрд теңге, оның ішінде 15 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 66 млрд теңге. Қаржыны игере алмаудың ірі көлемі мәдениет және спорт, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және ішкi iстер министрліктеріне тиесілі.
Ал жергілікті бюджеттің шығысы 8 трлн теңгені құраған, оның 327 млрд теңгесі атқарылмаған. «Өңірлерге 2,5 трлн теңге нысаналы трансферт көзделген. Игерілмеген бюджет қаражатының басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарына тиесілі», – деді қаржы министрі.
Игеру маңызды ма, әлде жеп үлгеру ме?
Сөйтіп, жергілікті бюджет өз алдына, атағы дардай республикалық бюджеттің 81 млрд теңгесі әлі атқарылмаса, 66 млрд теңге осы уақытқа дейін мүлде игерілмеген. Сонда бюджеттен қаржы сұрағанда иненің көзінен өтетіндей болып, «ана саланы дамытамыз, мына саланы өркендетеміз» деп жалаңдайтын министрлер мен әкімдер не істеген? Қазіргідей қиын-қыстау заманда бюджеттің әрбір қаражаты тиянақты жұмсалып, қатаң бақылауда болуы керек емес пе? Осы біздің атқарушы билік жауапкершілікті қашан сезінеді? Олар үшін бюджет қаражатын игеру емес, жеп үлгеру маңызды тәрізді.
Қаржы министрі атап көрсетіп отырғандай, бюджетті игере алмаудың көш басында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі тұр. «Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырады» деген бұл ведомоствоның бөлінген қаражатты игере алмауы тіптен қызық. Біз аталмыш саладағы сөз бен істің арасын, «Цифрлық Қазақстан» жайлы мифтің күйреуін былтырдан бері көріп келеміз. Былтыр пандемия кезінде елдегі білім жүйесінен бастап, бірқатар салалар онлайнға көшкенде цифрлық жүйеміздің дамығаны туралы дерек жай әншейін аңыз екеніне көзіміз жеткен. 2020 жылы онлайн деп опық жедік, енді биыл сол қателіктер түзелер деп үміттенгенбіз. Бірақ осы саланы басқарып жүрген министр Бағдат Мусиннің биылдыққа «Сберді» мақтаудан қолы тимеген тәрізді.
Қаражатты игере алмаудағы тағы бір көш бастап тұрған министрлік – Ербол Қарашөкеев басқарып отырған ауыл шаруашылығы министрлігі. Жаздағы қуаңшылық, мал басының қырылуы, жұт, азық-түлік тапшылығы, мал азығының реттелмеуі бүгінде ауылдағы елдің еңсесін түсіріп, экономикамызды қоса, деміктіріп-ақ тұр. Сапархан Омаровтың отставкасынан кейін министр болған Қарашөкеевке биыл мұқым ел болып үміт артып едік. Бірақ бұл министрдің де белсеніп, бел шешіп іске кірісіп кеткенін көре қоймадық. Керісінше, ауыл шаруашылығы министрі «агроөнімдерге қатысты азық-түлік бағасының өсуін тоқтата алмаймыз, өнім келер жылы да қымбаттай береді, себебі әлемде бәрі қымбат» деп, елдің зәресін ұшырып отыр.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қаражатты игере алмауына қатысты қоғамда «қолымыздан инновацияны, индустрияны дамыту емес, бос мақтан мәдени жиындар өткізіп, ескерткіштер орнату ғана келеді» деп жүргендер жетерлік. Алайда мәдениет министрлігінің қаражатты игере алмауына қарап, біз сол жиындар мен мәдени шаралар өткізіп, ескерткіштер орнатуды да жетістіре алмаппыз-ау деуге тура келеді.
Заман құбылып, шенеуніктер құнығып тұр
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің ойынша, бүгінде бюджетті тайқазан көріп, содан өздеріне бас табақ, сый табақ, сыбаға алатын шенеуніктердің қатары елде тым көп.
– Біздің шенеуніктер бюджет қаражатын өз мақсаттарына жұмсауға әбден машықтанып алды. Бюджет есебінен шылқып байып, оны шетелге шығарып жатқандар есепсіз. Сондықтан ең алдымен бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет. Үшжылдық бюджеттің тиімділігін әлі күнге дейін сезіне алмай отырмыз. Осы жүйеге енерде белгілі азаматтар «үшжылдық бюджет жайбасарлыққа жол бермейді, қайта ол дұрыс жоспарланса, түрленуге де бейім тұрады» деген болатын. Бірақ қазіргі жағдайда оның мүмкіндіктерін еш көре алмай келеміз, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Маманның пайымдауынша, қазір бізде қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік, яғни үлгі, нобай түрінде қабылдайды. Бұдан барып келер жылдың бюджеті бір-біріне сәйкес келмей жатады. Кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген, жайсыз жағдайлар орын алып жатады. Бұл бағдарламалардың сапалы нәтиже беруіне кері әсерін тигізеді.
– Мынадай құбылмалы заманда үшжылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Былтыр мұнай бағасы түскенде атқарушы биліктегілердің біразы «біз тоғыз айдың қорытындысы шыққаннан кейін ғана есептеп, мұнайды сатқан түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді нақты айта аламыз, бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деді. Қазіргі ахуалмен салыстырғанда индикативтік, яғни үлгі, нобай ретінде үш жылға жоспар жасауға болмайды. Себебі экономика төмендеп барады. Сондықтан болашақта бюджетті жоспарлауды қысқа мерзімге бағыттаған жөн, – дейді экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов.
Кінәлау емес, жазалау қажет
Негізінен, мамандардың айтуынша, алдағы уақытта ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, тағы басқа ведомостволар бюджеттің игерілмеуіне қатысты мәселеге қатты назар аударуы керек. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп, бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы қажет. Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин былай дейді:
– Бюджеттен әр салаға қаржы бөлу деген бар. Кейде сол қаржыны 10-15 жылға кепілдендірілген қайтарыммен береді. Міне, осындай қаржыны тек жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіледі. Үш жылға есептеп аламыз да, ол бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады немесе орта жолда «желініп» кетеді. Сондықтан біз үшін қосымша шығындарды көбейтпеу қажет.
Жалпы, мамандардың сөзінің жаны бар. Бізде қазірдің өзінде бір жылда бюджет екі-үш рет нақтыланып отыр. Ал үш жылда қаншама өзгеріс болатыны өз алдына, бөлінген қаржыны игере алмау көрсеткіші де өсіп кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте, қаржыгердің айтуынша, болашақта «бюджет қаржысын игере алмағаны үшін кінәлайды, қаржыны игерсек болды» деп, орынсыз ұстап жіберетін салалар да жиі кездесуі мүмкін. Сондықтан осы мәселені шешіп алған жөн.
– Бұл арада министрліктерге «қаржы игерілмегені үшін мені кінәлайды» деп, қаражатты жұмсап жіберуге болмайды. Бюджетті ұқсата алмағандарды жауапкершілікке тартып, жазалау керек. Себебі бізде кемшіліктер жетерлік, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Шенеуніктерге – сән-салтанат, халыққа – бейнет
Рас, елде бюджет қаражатының игерілуіне, бюджеттің орындалуына қатысты мәселе шынымен де жетіп-артылады. Жоғарыда мамандар мысал еткендей, қазына қаражатын үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүретін министрлер мен әкімдерге тоқтам болмай тұр. Мысалы, биыл қазан айында мемлекеттік кірістер комитеті елдегі мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі тұрғын үй, ақша мен көліктерінің санын айтты. Аталмыш ведомоствоның дерегінше, қазақстандықтардың шетелде тіркелген 666 жылжымайтын мүлкі, 691 млрд теңге ақшасы, 1198 көлігі бар. Олардың банк шоттарының саны Ресей, АҚШ, Швейцарияда көп. 494 жеке тұлғада әлемнің 26 елінде 666 жылжымайтын мүлік бар. Соның ішінде 436 нысан Ресейде, 44-і Біріккен Араб Әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген. 1030 жеке тұлғаның 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлігі бар екен. Шындап келгенде бұл сән мен салтанат қарапайым халыққа тән емес. Мұндай байлықтың иесі біздің елде көбіне шенеуніктер емес пе? Сол шенеуніктердің бір ғана жалақымен есепсіз байлыққа қол жеткізе алмасы тағы анық. Қынжыларлығы, табан ақы маңдай терімен бейнеттеніп жұмыс істейтін қазақтың басым бөлігі бүгінде қуықтай ғана 30 шаршы метрлік баспанаға зәру. Ал министрлерімізге бюджет қазанынан бас табақ бұйырып, әкімдеріміз де одан сыбаға алып жырғап, шалқып байыған үстіне байып жатыр. Ел үшін ең өкініштісі – осы.