Министрлік Интернет 2 аптаға өшетіні туралы ақпаратқа пікір білдірді
Мессенджерлерде 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернеттің өшірілетіні туралы айтылған хабарлама таралып жатыр.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері пікір білдірді, — деп хабарлайды Жас Алаш
«Жаңа ғана дүкенге хабарлама әкелді. 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернет мүлдем болмайды деді. Кімде электрон касса болса, калькулятор, таразы қойыңыздар. Халыққа қолма-қол ақша алуды ескертіңіз», — дейді аудиодағы әйел.
Бұл хабарлама Павлодар облысында таралғаны белгілі болды. Жергілікті цифрлық технология департаменті өкілдерінің айтуынша, бұл — жалған ақпарат. Мұны Цифрлық даму министрлігі өкілдері де растады.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 2023 жылғы 24 сәуірдегі жағдай бойынша барлық байланыс операторының ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ресми және сенімді дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге және фейк таратпауға шақырамыз», — делінген хабарламада.