Мыңқ етпейтін министрлікке Мәжілістің сөзі өтпеді

Парламенттен репортаж
Мәжілістің әдеттегі жалпы отырысы бірнеше тақырыпқа арналғанымен, депутаттар денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне дайындалып келіпті. Үй тапсырмасы сол болды ма екен...
Түске дейін Рәміздер күнін атап өтіп келген мәжілісмендер апталық жиынын түс қайтара бастады. Жиында Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов осы саладағы тексеру жұмысының қорытындысын баяндап, осы күнге дейін күдіктеніп келген жайттың бәрін ашып салғандай болды. Смайылов айтқан қорқынышты деректерден соң қайсыбір шенеунік те есеңгіреп қалар еді. Сосын кешірім сұрап, жағдайды түзеп жатқанын айтып, қадалған көздерді алдап бағар еді. Тек Ақмарал Әлназарова басқаратын министрлік қыңбады.
Алдыңғы екі мәселені зулатып оқып өте шыққан мәжіліс депутаттары жиынның негізгі бөлігін осы министрлік пен «СҚ-Фармация» ЖШС-ға қатысты айтылған олқылықтарға арнады. Министр Ақмарал Әлназарованың өзі болғанда не дейтінін қайдам, бірақ оның орнына келген Ардақ Амангелдиев шығын болған мемлекеттің миллиардтары үшін жаны күйіп отырған сыңай танытпады. Жапатармағай сұрақ қоюға жазылған қай депутатқа да «атқарып жатырмыз», «тексеріп жатырмызды» айтудан танбады.
Смайыловтың есебі
Алдымен Смайылов айтқан жаға ұстатарлық жайттарға көз салайық. Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. 2022–2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі жасалмаған. Осыған қарамастан ғылыми зерттеулердің нәтиже беруі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі-ақ отандық түпнұсқа препарат тіркеліпті. Оның біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген. Ал сол препаратты жасау үшін 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ұлттық формуляр деп отырғанымыз – қолдануға рұқсат етілген және ұсынылатын дәрілік заттардың тізімі.
Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды жеңілдіктер мен басымдықтар беріп келеді. Соңғы үш жылда осы салаға берілген басымдықтың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақмерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы 5 жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өскен.
Енді, отандық тауар өндірушілерден сатып алу едәуір артқанына қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайып кеткен. Мұның мәні отандық тауар өндірушілер жеңіл медициналық бұйым шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек саны азайған дегенді білдіреді.
Бағаны реттеу жүйесі деген атымен жоқ. Жеткізіп берушілер зауыттағы бағасына үстеме қосып, тасымалдайды. Бұны қалыпты жағдай делік. Алайда сол қосылған үстемесі өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін артып кеткен. Мәселен, бірыңғай дистрибьютордың сатып алған топ-15 препаратын алып қарасақ, олар Ресейде 180%-ға дейін төмен бағаға сатылатын болып шыққан. Одан бөлек, шекті бағалардың болуына байланысты 3 жылда 45 мыңнан астам пациент үшін дәрі-дәрмектің 98 түрі сатып алынбаған. Логистика шығындары да соңғы 3 жылда 60% өсіп, өткен жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Бұл да дәрі-дәрмектердің бастапқы құнын қымбаттатқан.
Бұл шекті баға дегеніңіз Еуропада, жалпы әлемдік тәжірибеде 30%-дан аспайды екен. Ал бізде бір препараттың әртүрлі дәріханадағы бағасы 3–5 есеге дейін өзгеретін болып шықты. Мысалы, парацетамолдың зауыттағы бағасы 59 теңге болса, Қырғызстанда 90 теңгеге сатылады. Ал біздің дәріханаларда 144 теңге тұрады.
Дәрі іздеушілер құрған саяхатшылар клубы
Осы тұста Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына да қатысты сын айтылды. Олардың қызметі ел нарығына кіретін дәрілік заттарды түгел тексеріп беріп отырады. Солардың зертханалық қорытындысын алғаннан кейін ғана дәріханаларға шығады. Солардың жұмысымен мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жақсылап танысып шыққан болу керек. Ол бұл орталықтың денсаулық сақтау мекемесінен гөрі саяхатшылар клубына айналып кеткендей әсер алғанын айтады. Өйткені қызметкерлері дәрілерді тізімге енгізу үшін зауыттарды көріп келеміз деген сылтаумен шетелге барады. Ал саяхат шығындары фармация компаниясының есебінен төленеді. Бірақ сол сапарынан елге не пайда келетіні беймәлім.
Еліміздегі дәрігерлердің емдеу хаттамасы да үлкен бір мәселеге айналған. Әр азаматты емдегенде дәрігерлер арнайы емдеу хаттамасында көрсетілген дәрілерді қолдануға тиіс. Бірақ сол хаттамалар уақытылы жаңартылмайды. Статистикасын да келтірейік, клиникалық хаттамалардың шамамен 70%-ы 5 жылдан 12 жылға дейін қайта қаралмаған. Ал заманауи медицинада бір жыл ішінде жаңа дәрілер пайда болып жатыр.
Осы былықтың бел ортасында отырған «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басынан дау арылмай қойды. Бұрыннан да басшылары істі болып, сотталып тынған соң осы компанияның жұмысы оңалуы керек еді. Бірақ әлі де жұмысын мандыта алмай отырған компания жағдайды тағы ушықтырып жіберген. Айталық, бірыңғай дистрибьютордың өз логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Логистиканың 90%-ын үш компанияның қолына беріп қойған. Осындай монополия логистикалық шығындарды 1,5 есе өсірген.
Сайып келгенде, Тоқаевтың 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу тапсырмасы адыра қалды. Оны министрлік те еш шімірікпестен ашық мойындап отыр. Былтыр бар-жоғы 15% ғана болған. Оның ішінде 89 отандық өндірушінің тек 2%-ы ғана дәрі шығарады екен, ал қалғандары медициналық бетперде мен шприц шығарғанына мәз.
Жалпы екі рет жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен пайданы жіберіп алу фактілері анықталған. Әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 134 дерек бойынша материалдар уәкілетті органдарға, 5 дерек бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.
Саладағы осынша былықты отырыста айтылған мына бір ғана жайт жақсы түсіндіріп беретін сияқты. Соңғы үш жылда 250 млрд теңгеден астам қаржыға сатып алынған отандық дәрілік заттардың тиісті сертификаты болмай шыққан. Осыған байланысты сұрақ қойылғанда министрлік өкілі депутатпен келіспеді. Амангелдиевтің айтуынша, сертификаттың болмауы мүлде жоқ деген сөз емес. «Тек дәрілік заттың әрбірі бойынша көрсетіліп тұруы керек деген талап жоқ. Сондықтан көрсетілмей қалған. Әйтпесе, бәрі де өзіміздің өндірушілерден екеніне күмән жоқ», деп қайырды. Министр орынбасарының дәл қасында отырған Смайылов әріптесінің бұл сөзін құп көрмей, сертификаты жоқ, демек бәрі заңсыз деген ойын тағы нықтады. Керек болса, сөзін растайтын құжаттары да бар екен.
Тайландта жасалған отандық өнім
Екі шенеуніктің сөзі екі түрлі шығуы бекер емес. Әлихан Смайылов өз баяндамасында мынадай бір қызық жайтты атап өтті. Министрлік тарапынан әлгі отандық дейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің локализациясына мониторинг жүргізілмейді. Соның кесірінен жеткізушілер тиісті талаптарды формалды түрде ғана орындап, осы жағдайды теріс мақсатқа пайдаланып кете алады.
Мәселен, 2024 жылы бір жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес болып шыққан. Осыдан соң шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сатты демеске шара бар ма?! Онысын тағы мемлекетке нарықтағы бағасынан 2 есе қымбатқа сатқан. Министрлік өкілінің әлгі сөзі осы былықты жасырып қалудың амалына қатты ұқсайды.
Кейбір дәрінің бағасы әр жерде әртүрлі сатылып жатқанын нақты мысалмен келтіріп сөйлеген депутаттардың сөзіне министрлік өкілінің жауабы тіпті қызық шықты. «Ертеңнен бастап оларды тексеруге аламыз» деумен болды. Тіпті осы тектес жауап бірнеше рет қайталанған соң төраға Ерлан Қошановтың отырыс үстінде «осыған дейін ай қарап келдіңдер ме?!» дегендей ескерту жасауына тура келді.
Ескерту алған тек министрліктің өкілі емес. Қызды-қыздымен Мұрат Әбенов қайта-қайта сөз алам деп, ақыры төрағасынан сөз естіп тынды. Жиын тәртібі бойынша сөз сөйлеуге төрде отырған Қошановтан рұқсат алу керек. Бірақ вице-министрмен айтысам деп ашуға беріліп кеткен болу керек, сөз кезегін сұрайтын түймені басуды ұмытып кете берді. Бір емес, екі емес, үш қайталанған соң ақыры мәжіліс спикерінің ескертуіне ілікті. Бірақ бір Әбенов емес, сұрақ қоюға жазылған өзгелері межелі уақытқа сыймай, талқылаудың уақытын тағы жарты сағатқа созып барып әрең тоқтады.
Бірақ мұнымен сөз бітпейтіні белгілі болды. Өйткені мәлім болған осынша олқылықтарға кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды ма? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалды. Жоғары аудиторлық палата бірнеше істі тиісті орындардың тергеуіне бергенімен, ол жеткіліксіз. Себебі депутаттардың айтуынша, бюджеттің миллиардтаған қаражатын тиімсіз жұмсаған шенеуніктер денсаулық сақтау министрлігінде, қыл аяғы «СҚ-Фармацияда» әлі отыр. Сірә, бұл тапсырмаға байланысты Қошанов ағайдың класында қосымша сабақ болатын шығар.
Ербол Тұрымбет
Астана