Мыңнан астам кениялықты Ресей соғысқа жалдаған - БАҚ
Украинаға жіберер алдында жалдаушылар кениялықтарға ай сайын шамамен 2715 доллар жалақы және 9309 долларға дейін сыйақы уәде еткен.
Агенттік мәліметінше, ақпан айына қарай 89 кениялық Украина майданында болған.
Ресей Украинадағы соғысқа қатысу үшін 1000-нан астам кениялықты жалдаған. Бұл туралы бейсенбі, 19 ақпанда Reuters агенттігі Кения барлау қызметінің деректеріне сүйеніп хабарлады. Бұл көрсеткіш билік бұған дейін болжаған саннан бес есе көп.
Кения парламенті — Ұлттық ассамблеяның төменгі палатасындағы көпшілік көшбасшысы Кимани Ичунгва 18 ақпанда депутаттарға барлау есебін таныстырған.
Есепке сәйкес, жемқор шенеуніктер мен адам саудасымен айналысатын тұлғалардан құралған желі рекруттарды жалдаған. Олардың арасында бұрынғы әскери қызметкерлер, полицейлер және жұмыссыздар болған. Жалдаушылар ай сайын 2715 доллар (2308 еуро) жалақы және 9309 долларға дейін (7916 еуро) сыйақы уәде еткен.
Ақпан айына қарай 89 кениялық Украина майданында болған, 39-ы ауруханаларда емделіп жатқан, ал 28-і хабар-ошарсыз кеткендер қатарында тіркелген.
Есепте кениялықтар бастапқыда елден туристік визамен Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктері арқылы шыққаны айтылған. Кейін Найроби әуежайында бақылау күшейтілген соң, рекруттар Уганда, Оңтүстік Африка және Конго Демократиялық Республикасы арқылы кете бастаған.
Reuters дерегінше, жұмысқа жалдау агенттіктері әуежайдағы жемқор қызметкерлермен, иммиграциялық органдармен, сондай-ақ Найробидегі Ресей елшілігі және Мәскеудегі Кения дипломатиялық өкілдігі қызметкерлерімен байланыс орнатқан.
Найробидегі Ресей дипломатиялық миссиясы заңсыз жалдауға қатысы барын жоққа шығарды. Онда «шетел азаматтары Ресей Қарулы күштерінің қатарына ерікті түрде қосыла алады» деп мәлімделген.
Сонымен қатар, Кенияның сыртқы істер министрі Мусалия Мудавади жағдайға байланысты келіссөздер жүргізу үшін наурыз айында Ресейге баруды жоспарлап отырғанын Reuters хабарлады.
Бұған дейін кениялық кәсіби спортшы Эванс Кибет өзін Ресейге жүгіру жарыстарына қатысу үшін шақырып, кейін алдап келісімшартқа қол қойғызғанын және Украинаға соғысқа жібергенін айтқан. Оның сөзінше, алғашқы тапсырма кезінде қашып шығып, Харьков облысында Украина Қарулы күштеріне беріліп, тұтқынға түскен.