Минскідегі ЕАЭО отырысына Пашинян неге келмеді?

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары Минскіде бас қосты.
Алайда Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұл жолғы жиынға қатыспады. Бұл жағдай көпшіліктің назарын аудартты. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Армения делегациясының форумға келмегенін тілге тиек етіп, мұндай шешімнің Одақ ішіндегі кейбір келіспеушіліктерге байланысты болуы мүмкін екенін айтты.
– Арменияның ұстанымын білесіздер. Бүгін тек бас изеп, “міне, келмей қойды, жаман” деу — ол бізге оңай, оны жасай аламыз. Бірақ егер бір нәрсе болып жатса, онда оған бір ғана тарап кінәлі бола алмайды. Біз себебін екінші жақтан да іздеуіміз керек. Армения неліктен мұндай ұстанымға барды? Бәлкім, бізде де бәрі керемет емес шығар. Мұны елемеуге болмайды, - деді Лукашенко.
Ол сондай-ақ 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген 18 бағыттың бірде-бірі орындалмағанын сынға алды.
– Жүйелі талдау жүргізуге ешкім асығар емес. Алайда бұған мәжбүр болуымыз мүмкін. Егер қозғалыссыз қалсақ, басқалар бізден озып кетеді. Одақ өз мүшелері үшін де, серіктестер үшін де әрекетте болуға тиіс, - деді ол.
Батыс елдерінің Ресейге қарсы енгізген санкцияларынан кейін кейбір тауарлар ЕАЭО елдеріне Қазақстан арқылы өтуде. Осыған байланысты одақ ішінде кедендік бажды қайта бөлу қажеттігі туындап отыр. Қазіргі үлестірілім бойынша:
- Ресей – 85,065%;
- Қазақстан – 6,955%;
- Беларусь – 4,86%;
- Қырғызстан – 1,9%;
- Армения – 1,22%.
Хроника Кавказа ақпарат порталының мәлімдеуінше, Пашинянның сапардан бас тартуының себебі оның 2024 жылы парламент мінберінен жасаған мәлімдемесіне байланысты:
«Бүгін ресми түрде мәлімдеймін: бұдан былай Александр Лукашенко Беларусь президенті болып тұрған кезде мен бұл елге ешқашан бармаймын. Және жалпы осы сәттен бастап Арменияның бірде-бір ресми өкілі Беларуське сапарламайды», - деген еді Пашинян.
Еуразиялық экономикалық одақ — 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келе жатқан интеграциялық экономикалық бірлестік. Құрамында Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан бар.