Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирург дәрігер: Автотранспортпен айналысатындар медициналық жабдықтар бойынша тендер алады
«Жас Алаш» нейрохирург дәрігер, денсаулық сақтау саласының үздігі Мыңжылқы Бердіқожаевпен арнайы әңгімелесті. Маман саладағы бірқатар мәселені шетелдік тәжірибе мен қазақстандық жүйені салыстыра отырып, талдады.
Сұхбатта:
– Дәрігердің кәсіби біліктілігі мен қоғамдық белсенділігі, ұйымдастырушылық қабілетінің ара салмағы;
– Медицина саласындағы қағазбастылық пен цифрландыру;
– Саладағы маман даярлау, кадр тапшылығы;
– Медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігінің себептері;
– Медицина қызметкерлерінің жалақысы, эмоционалдық жағдайы, т.б. туралы айтылады.
– Көпшілік сізді жоғары білікті нейрохирург, әлеуметтік желіде ашық пікір білдіретін дәрігер ретінде біледі. Соңғы жылдары республикалық деңгейдегі ауруханаларда әкімшілік қызметтерді де атқарып жүрсіз. Пациенттермен жұмыс істеу мен меңгеруші болудың айырмашылықтары қандай?
– Мен Қызылордада мектеп бітіріп, Қарағанды медицина академиясына жалпы медицина факультетіне оқуға түстім. Білім алуды емдеуші дәрігер ретінде жалғастырып, одан соң бір жыл нейрохирургия бойынша интернатурадан өттім. Сол кафедраға ассистент ретінде жұмысқа орналасып, 2006 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академияның нейрохирургия бойынша клиникалық ординатурасына бардым. Екі жыл оқып келген соң, Астанада ашылған Ұлттық нейрохирургия орталығының қан-тамыр бөлімшесінде дәрігер-нейрохирург болып қызмет атқардым. Кейіннен Астанадағы №1 қалалық ауруханада, Алматыдағы №7 ауруханада жұмыс істедім. Онда жүріп интервенциялық хирургия бөлімін аштым, меңгерушісі болдым. Алғашқы басшылық қызметім осы еді. Артынша «совминка» аталып кеткен қазіргі президенттің іс-басқармасы медициналық орталығының ұлттық госпиталінде нейрохирургия бөлімін аштым. Ол кейіннен орталыққа айналды. 2022 жылы президент іс-басқармасы ауруханасына директордың хирургия жөніндегі орынбасары ретінде ауысып келдім. Қосымша медицина университетінде нейрохирургия кафедрасында резиденттерге тәлім-тәрбие беремін.
2014 жылы бірінші рет меңгеруші қызметіне кіріскен соң, пациенттерден қолым босап, күнделікті жұмыстан бас көтердім. Соның арқасында негізгі уақытымды операциялық бөлімде өткізуге мүмкіндік алдым. Басшы ретінде бөлімнің қаржылық жағдайын реттеуге, перспективалық жоспарлар құруға, оларды іске асыруға, дәрігерлер мен аурухана әкімшілігінің арасында көпір болуға, медқызметкерлердің қажеттіліктерін толықтыруға тырыстым. Одан бөлек, басқа бөлімдермен, қаладағы өзге де ауруханалармен байланыс орнатуға ерекше мән берілді. 2016 жылы тағы бір нейрохирургия бөлімін ашып, денсаулық сақтау министрлігімен тікелей жұмыс істеуге міндеттелдім, МӘМС жүйесіне қатысты да мәселелер жүктелді. Сол кезеңдерде өз саламдағы және әлеуметтік желілердегі белсенді позициямның арқасында министр Елжан Біртановпен тікелей қарым-қатынас орнатып, ауруханадағы мәселелерді шешуге де мүмкіндік болды.
– Медицина жүйесінің қыр-сырына қанық маман ретінде саладағы қағазбастылық пен цифрландыру деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында бірнеше электрондық жүйе бар. Бірақ олар өзара байланыспаған. Мәселен, 2020 жылы Алматыда жұмыс істеп жүргенде біздің ауруханада «Инфомед» электронды базасы қолданылатын. Барлық ақпарат сонда. Алайда МӘМС арқылы жұмыс істеу үшін «Дамумед» жүйесіне қосылу қажеттілігі туындады. Оған толық көшейін десек, «Дамумедте» дәрі-дәрмекке қатысты ақпарат жоқ, тағайындаулар жасай алмайсың. Сөйтіп, екі базада қатар жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Астанада мұндай мәселелер байқалмады. Алматы екеуіне неге екі түрлі талап қойылғаны белгісіз. Ондай жүктемеге наразы болған дәрігерлер жұмыстан шығамыз деді. Сондықтан күнделікті ақпаратты бір жүйеден екінші жүйеге көшіріп отыратын ІТ мамандар жалдадық. Ол тағы қосымша қаржы. Лабораториялық диагностикадан келген бланктарды да қолмен компьютерлерге көшіретін. Сол секілді өзге де ақпараттарды қағаздан жүйеге қолдан енгізетін жағдайлар болады. Демек, медицинаны цифрландыру бастамасы толық аяқталды деп айта алмаймыз. Дәрілер мен құрал-жабдықтарды есепке алу да нақты жолға қойылмаған. Мұның бәрі медицина қызметкерлерінің уақытын алады, артық жүктеме түсіреді.
Бүгінде елдегі ауруханаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге көңіл бөлініп жатыр. Оларға сай әрбір науқасқа қосымша толтырылатын бірқатар форма бар. Одан бөлек, қосымша құжаттар толтыру керек болатын жағдайлар кездеседі. Тағы тағайындамалар мен міндетті есептерді қосыңыз. Цифрландыру бір жағынан артықшылық бергенімен, екінші жағынан осындай формаларды одан әрі көбейтіп жіберді. Әсіресе емхана жағдайындағы медқызметкерлердің толтыратын есебі еселенді. Қазақстандағы интернеттің сапасы, жүйелер жұмысының жылдамдығы бір батырманы басумен-ақ шаруаны аяқтауға келмейді.
– Ауруханадағы қызметтеріңізбен қоса, резиденттерге сабақ беретініңіз туралы айттыңыз. Кадр әзірлеу мен жалпы медицинадағы мамандардың сапасы жайлы пікіріңізді білсек.
– Біздің қоғамда көп нәрсенің сапасы шамамен бірдей. Балабақшалардағы тәрбиешілердің сапасы мектеп мұғалімдерімен шамалас, олар медицина, полиция қызметкерлерімен, жол салушылармен бір деңгейде. Өйткені жалақы мөлшері шамалас. Сол берілетін жалақыға жасалатын жұмыс көлемі, жүктемесі қаншалықты екенін әркім өзіне қарап бағалай жатар... Қарап отырсақ, бір апта ақылы курсқа барып, тырнақ жабыстырып, кірпік жасайтын мамандар айына миллиондап табыс табады. Жоғары білімсіз-ақ. Нарық солай. Ал дәрігерлерді алсақ, 10-14 жылын білім алуға жұмсап, еңбек өтілін жинап, жұмысқа кіріскен күнде де орта есеппен 200-250 мың теңге айлық алады. Ешқандай әлеуметтік пакет те жоқ. Жұрт қатарлы МӘМС-ке жарна, тиісті салықтарды төлейді. Тіпті жаңа жылдан бастап жалпы квалификациялық деңгейді тексеруден де ақылы түрде өтетін болды. Соның бәріне 250 мың теңгеңнен, отбасыңнан жырып жеткізесің. Иә, кейбір тәжірибелі дәрігерлер 2-3 ставка алып та жұмыс істейді. Үй-жай көрмей, демалмай жүргеннің өзінде ары кетсе 550-600 мың теңге жалақы алады. Салыстырар болсақ, таксистер мен сұлулық салонының мамандары еш білімсіз де осыдан көп табады. Демек, адамдардың денсаулығы бет-бейнесіне қарағанда төмен бағаланады. Бір жағынан, нарықтың бағалауы бөлек. Ал дәрігерлердің жалақысы мемлекеттік тарифтеуге тәуелді.
Біздегі дәрігерлердің төмен бағаланатынының тағы бір көрінісі, АҚШ-тағы банктер дәрігер мамандығында оқитын студенттерге ірі сомадағы несиелер береді. Ал студент сол берешегінен дәрігер ретінде жұмыс істеген бір-ақ жылында құтылады. Қазақстанда болса, дәрігерлер 1,5 млн теңгеден оқыған 10 жылына несие алса, оны өтеп боламын дегенше тағы он жыл керек. Демек, біздегі дәрігерлердің құны өте төмен. Бірақ төмен құнды мамандарға үлкен талаптар қоямыз, мүлде қателік жасамауын сұраймыз. Ол талаптар күшейген үсті күшеюде. Мысалы, ешқандай салада маманды қателігі үшін он жылға бас бостандығынан айыру деген жоқ. Әскерде қаншама өлім-жітім орын алып жатыр? Сонда да бірде-бір әскери қызметкер сотталды дегенді естімедік. Құрылыста қаза болғандар, сапасыз салынған жолда жол апатына ұшырағандар үшін жауапкершілікке тартылған мамандарды да көрмедік. Ал дәрігерлер ше? Маман қолданып жатқан құрал-жабдықтардың сапасы төмен болуы мүмкін, бағасы тендер арқылы өткен дәрілік заттар нашар болуы ықтимал. Тағайындалған антибиотиктер бактерияны өлтірмей қалатын кездер болады. Соның әсерінен асқынулар болса, дәрігер кінәлі. Ондай жағдайда, өзін ақтау үшін мықты адвокат таңдауға да дәрігерлердің ақшасы жоқ. Престижі қалмаған мамандыққа келгісі келетіндер де азая береді. Әрине, адамдарға көмектескісі келетін энтузиастар, альтруистер баршылық. Бірақ қазіргі жастар ақша төлемесең жұмыс істемейді. Заман сондай. Енді, болашақ кадрлармен бірге біздің де жалақымыз өсіп қалар деген үмітпен жүрміз.
Резиденттер мен студенттердің де жайы осының төңірегінде. Олар сабақтан кейін алаңсыз кітап оқып, қосымша ізденудің орнына көлігіне мініп, таксимен нанына, сүтіне, киіміне ақша жинайды. Әлбетте, бұл жас маманның қалыптасуына үлкен кедергі келтіреді. Ал жалпы оқыту деңгейіне келсек, Қазақстанда білім алған дәрігер тіл білсе, шетелдік тестілеулерден өтіп, әлем елдерінде табысты жұмыс істей алады. Демек, сапа бар.
– Кадрлық әлеуеттен бөлек материалдық-техникалық базаның да жай-күйі маңызды. Қазір ауруханаларда қолданылып жатқан техникалар мен аппараттар қаншалықты жаңа, қаншалықты қолайлы?
– Жаңа жылдан бастап мемлекеттік сатып алу жүйесі толық электронды форматқа ауысты. Оның басымдықтары да бар шығар. Бірақ кемшіліктері де кездеседі. Мәселен, жүйеге бүгін тіркелген тәжірибесіз компания көрсетілген бағадан 10-20 теңге арзан ұсынып, тендерді ұтып ала береді. Олар талап бойынша белгілі бір пайызды жарна ретінде төлеуге, құжаттарды реттеуге және тапсырыс берілген нәрсені белгіленген мерзім ішінде ауруханаға әкеліп қоюға міндеттеледі. Осы тұста мәселе көп. Тәжірибемде бұған дейін автотранспортпен айналысып келгендер медициналық жабдықтар бойынша тендер алып, өзімізге хабарласқан жағдай да болған. Сонда «біз осындай құрал-жабдық қоюымыз керек, өздеріңіздегі «коробкасын көрсетіңіздерші» дейді... Немесе мұның алдындағы жеткізушілердің байланыс нөмірін сұрайды. Солар арқылы тапсырыс беріп, алдырмақ болады. Алып-сату. Бірақ әр құрал мен жабдықтың ресми дистрибьюторы бар, олардың үстіне үстеме қосуға болмайды, тек логистикалық шығындар есептеледі. Баға соған сай қойылады. Ал әлгіндей алаяқтар тендерді ұтып алған соң, ары ойланып, бері ойланып, 90 күн берілсе, 89-шы күнге дейін созады. Тапса әкеледі. Таппаса сол 90 күнді өткізіп барып, мен таба алмадым деген хабарын береді. Мұндай жағдайда аурухананың заңгерлері компанияны сотқа береді. Ол процесс тағы уақыт алады. Ал дәрігерлер қажетті құрал-жабдыққа немесе дәрілік затқа қол жеткізе алмаған күйі күтеді, осы аралықта кезек те тұралап, көбейе береді. Соттан жеңілген компаниялар қара тізімге кіреді. Алайда бұл олар үшін мәселе емес. Келесі күні-ақ басқа ЖК ашып, тендерге қатысуын жалғастырады. Электрондық аукцион жүйесі бұл жағынан қорғалмаған.
Ал қолданыстағы техникалар мен аппараттар қаншалықты жаңа деген сауалға тоқталсақ, ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарды пайдалануға тырысамыз. Десек те, кез келген мекеме бюджетті үнемдегісі келіп тұрады. Арзан дүниенің сапасы да соған сай болары анық. Сондықтан азаматтар мен денсаулық сақтау министрлігі қаржыландыру азайған сайын медициналық қызметтің сапасы түсе беретініне дайын болуы қажет. Ішінара құралдарды жөндеуден өткізіп, сылап, құрап, амалдап жұмыс істетуге тура келіп жататын да жағдайлар кездеседі.
– Дүниені дүр сілкіндірген коронавирус пен пандемия елдегі медицинаға қандай өзгерістер әкелді?
– Ковид сөзсіз біраз өзгеріс әкелді. Адамдар қол жууды, бетперде тағуды үйренді. Соның арқасында кір қолмен берілетін инфекциялардың үлесі төмендеді. Адамдар әлі де сол дағдысын жоғалтқан жоқ. Тағы телемедицина, онлайн консультациялар заңды бола бастады. Зум платформасында дәріс оқу да заңды болды. Қашықтықтан жұмыс істеу кең етек алды. Ең қайғылысы, біраз азаматтарымыздан айырылдық. Көп адам жақынын жоғалтты. Бір жағынан ковид кезіндегі «беби-бум» аға-әпкелеріміздің орнын толтырды. Одан бөлек, қоғам дәрігерлерді бағалауды үйренгендей еді. Бірақ адамдар жақсылықты да, жамандықты да тез ұмытады. Ол сабақты да ұмыт қалдырып жатқандаймыз.
– Соңғы жылдары медицинада дау тудырған тақырыптардың бірі – мәйіттік донор. Қоғамның ғылымдағы осы жетістік пен мүмкіндікті қабылдауға дайын еместігі байқалады. Оған не себеп деп ойлайсыз?
– Біздің елде алдап кету көп. Сондықтан халық мәйіттік донорлыққа келісуге қорқады. Жемқорлық тәуекелі өте жоғары. Трансплантацияның дамымай жатқаны да, дәрігерлердің жаман атты болып қалып жүргені де осы сенімсіздіктің кесірі.
Шын мәнінде, жансақтау бөлімінде жатқан пациенттің миы жұмысын тоқтатса, ол адамның қайтыс болуымен тең нәрсе. Жүрегі соғып жатса да, заң жүзінде миы өлген адам қайтыс болды деп есептеледі. Мұндай жағдайда, миы тоқтаған пациенттің әлі де жұмыс істеп тұрған бүйрегі, жүрегі соған мұқтаж жандардың өмірін құтқара алады. Алайда азаматтардың 90 пайызы донорлыққа рұқсат бермейді. Діни сенім мен тағы сол секілді себептерін айтып жатқанымен, түпкі триггер – сенімсіздік. Бұл көзқарас жақын арада өзгереді деп ойламаймын. Өйткені біздегі өтірік айту, коррупция бір күнде жойылмайды. Осы нәрсе еліміздегі көптеген процестердің дамуын шектеп тұр.
Сонда да бір нәрсені есте ұстау керек, әркім өз ситуациясында өз позициясымен оңаша қалады. Мәйіттік донорға қарсы болған адамдар трансплантацияға қажеттілік туса, халықтан ақша жинап, Үндістанға баруға дайын тұрады. Қорлардан, мемлекеттен көмек алып, Беларусьтан бүйрек ауыстырады. Заңсыз жолмен болса да Пәкістанға барып, ағзасын ауыстырып келіп жатқандарды да естиміз. Ал Қазақстанда трансплантацияны дамытайықшы, органдарды беруге келісейікші деген кезде тежеліп қалады.
– Дәрігердің жұмысы эмоциялық жүктеменің ауырлығымен де сипатталды...
– Иә, мамандығымыз эмоционалды тұрғыда өте күрделі. Ковид кезінде анестезиолог мамандар госпитальдардағы жалақы 1 млн теңгеден артық деген соң жаппай ауысып жатты. Бір ай жұмыстан кейін жансақтау бөліміне түскен жүз адамның жүзі де қаза болған жағдайларға куә болып, жасаған жұмысының көк тиын екеніне қапа болған, рухы сынған анестезиологтарды өз көзіммен көрдім. Дәрігер ретінде жасаған жұмысың пациенттерге көмектесе алмайтынын түсіну қаншалықты ауыр екенін осы саладағы мамандар ғана сезіне алады.
Бүгінгі білім беру бағдарламалары студенттерге психоэмоционалдық тұрғыда да білім беретін шығар. Ал біздің кезімізде пациенттің қайтыс болғанда қалай әрекет ету қажет, туыстарына қалай хабар айтып, не сөйлеу керек екенін үйретпеді. Мұның бәрін тәжірибелі, үлкен әріптестерімізге қарап меңгердік. Ондай кезде жағдайды түсінетіндер бар, ауыр хабарды естігенде саған жұдырық ала жүгіретіндер де болады. Төтенше жағдай кезінде туыстары апатқа ұшырағандарға сол мезетте психологиялық қызмет көрсететін арнайы штат мамандары жүреді. Сол сияқты ауруханаларға да психологтар қажет деп ойлаймын. Ол мамандардың науқасы қайтыс болған дәрігерлерге де қол ұшын созғаны абзал. Өйткені науқасыңды жоғалту – кей жағдайларда туысыңды жоғалтқанмен бірдей. Иә, уақыт өте келе үйренесің. Бірнеше жағдайдан соң қабылдай бастайсың. Бірақ алғашқы рет пациентім қайтыс болғанда ешкім келіп сөйлесіп, науқасыңды жоғалттың ғой, өзіңді қалай сезініп тұрсың демеді.
– Ал МӘМС жайлы не айтар едіңіз?
– АҚШ-та халықтың жартысы сақтандырылмаған, демек кепілдендірілген көмекке қолы жетпейді. Германия, Израиль сынды бай, заң қатал елдерді алар болсақ, бәрі сақтандырылған. Ал өзіміз секілді ақшасы аз елдерде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды қарасақ, онда сақтандыру жүйесі жоқ. Бұл іске кірісіп жатқан Өзбекстан біздің қателігімізді қайталамаса, жақсы нәтиже күтуге болады. Ең бастысы, халыққа бәріңе бәрі тегін болады деп өтірік уәде бермеген жөн.
Әрине, МӘМС идеясы өте жақсы. Жүйеге жетпей жатқан қаржыны толықтыру үшін жасалған механизм ғой. Бірақ бізде өзімен-өзі жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы қорына ақша салмайды, зейнетақы алмайды. Дәл солай МӘМС-ке де ақша аудармайды. Жалпы алғанда 3,5 млн адам МӘМС-ке жарна төлемейді екен. Тағы зейнеткерлер, балалар, аяғы ауыр азаматшалар мен әскерилер сынды 11,5 млн адам жарнадан босатылған. Сонда қорға 6 млн адам ғана ақша салуда, ал мемлекет өз тарапынан қаржыландыруды қысқартып жатыр. Осының әсерінен, кепілдендірілген көмекке жылына 500 млрд теңгедей жетпейді екен. Қаржы тапшы жерде қызметтер қысқарады, сапа нашарлау ықтималдылығы да артады.
Бір ескеретіні, ақша жинау мәселесіне тек МӘМС жауапты. Оған қаржы министрлігі сынды ведомстволар да араласуы қажет. Ал азаматтарымызға ауырып қалмаңыздар деп айтар едім. Себебі мемлекетте жылдың ортасынан бастап сізді емдеуге ақша қалмайды... Ақылы қызметтерге жүгініп, өз қалтаңнан төлеуге тура келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Баян Мұратбекқызы