Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:41

Мирзиёев Өзбекстандағы вице-министрлерді қызметінен қуып жіберді

Шавкат Мирзиёев
Фото: ашық дереккөз

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы барлық вице-министрлерді қызметінен босатты.

 Министрдің орынбасарлары — Шохрух Далиев, Отабек Махкамов және Сарвархон Бузрухонов қызметінен кетсе, Білім сапасын қамтамасыз ету агенттігі мен Инновациялық даму агенттігінің басшылары да қызметтерінен айырылды.

Президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың айтуынша, мектепке дейінгі және жалпы білім беру саласында өзгерістер бар, бағдарламалар іске қосылып, нақты нәтижелер көрініп отыр. Дегенмен, кәсіби және жоғары білімге жауапты тұлғалар білім саласындағы реформалардың мәнін әлі толық түсінбеген.

Президенттің сыны

Сейсенбі күні мектепке дейінгі және жалпы білім беру жүйесіндегі реформаларға арналған кеңесте сөйлеген Мирзиёев:
«Мектепке дейінгі және орта білім беруде өзгерістер бар, бағдарламалар жұмыс істеп жатыр, нәтижелер де бар. Алайда кәсіби және жоғары білім үшін жауаптылар әлі де реформалардың мәнін толық түсінген жоқ», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Агенттіктің инновациялық даму директоры Шароф Раджаббаев та қызметінен кетті. Ал Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық агенттік директоры Адхам Худайкулов басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнын босатты.

Президент енді мектепке дейінгі, жалпы және жоғары білім министрлері, олардың орынбасарлары мен өңір әкімдері (хокимдер) «превентивті және проактивті» жұмыс әдістерін енгізіп, білім беру саласының барлық бағыты бойынша түбегейлі өзгерістер енгізуі тиіс екенін қатаң тапсырды.