Мишустин Қазақстанға келді
Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, Премьер-министр Олжас Бектеновпен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп пен энергетика, көлік, сондай-ақ экология салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және ортақ жобаларды іске асыру жайын талқылады.
Олжас Бектеновтің айтуынша, мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жаңа сапалы деңгейге көтерілген.
— Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 миллиард доллар межесіне жақындады, — деді Бектенов.
Сондай-ақ Ресей Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі болып қала беретіні атап өтілді.
Өз кезегінде Михаил Мишустин Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
— Референдум нәтижелері Қазақстан халқының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заманауи әрі гүлденген мемлекет құруға бағытталған саясатын қолдайтынын көрсетті, — деді ол.