Мысықтілеу банктер қарыз қайтаруға асықпайды

2017 жылы Ұлттық банкті Данияр Ақышев басқарып тұрған кезде елде «Банк секторын тұрақтандыру» бағдарламасы басталған. Сол тұста екінші деңгейлі бес банк мемлекеттің мойнына армансыз мінді.
Үкімет пен Ұлттық банк «бұл банктерге қомақты демеуқаржы беру арқылы экономиканы оңтайландырамыз, өндірістік қабілетімізді дамытамыз, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттырамыз» деп ақталды. Қаражат Қазақстан тұрақтылық қоры арқылы берілді. Ірі олигархтар басқаратын бес банкке мемлекет 15 жылға 4-ақ пайыздық жылдық мөлшерлемемен қолдау қаражат берді. Бұл бір олигархтарды олжаға кенелткен жыл еді.
Қаражат қоржынына түскеннен кейін бұл банктер елдегі экономикалық сұраныстарды қанағаттандыруға тиіс болатын. Өндірістің жандануына, экономиканың әртараптануына, инновация мен индустрияның дамуына осы банктерге берілген қаражаттар бағытталып, салалар жан-жақты дамып кетуі керек еді. Сондай-ақ қарыз алған банктерге 15 жылды күтпей-ақ қарызды мемлекетке қайтара беруге, борыштарынан ерте құтыла беруге де болатын. Алайда қазір қарыз алған банктердің кейбірі болмаса, көбі асықпайды. Қарыздың қайтпағаны өз алдына, олигархтар басқаратын банктерге арзан пайызбен берілген миллиардтар мен триллиондар экономикамызды «гүлдендіріп жіберді» деп те айта алмаймыз. Егер ол қаражаттар ретімен жұмсалып, ұтымды ұқсатылғанда үкімет пен Ұлттық банк қазіргідей бюджетті толтырудың амалын таппай, салы суға кетіп отырмас еді.
2017 жылы арнайы бағдарлама жасалып, мемлекеттен қарыз алған банктердің тізімін тізіп көрсек.
Мұндайда бірінші RBK Bank тізім басына ілінеді. Аталмыш банктің мемлекеттен алған сомасы 244 млрд теңге. 8 жылда қайтарғаны 30 млрд теңге. Бұдан соң «Банк ЦентрКредит» (БЦК). Алған қарызы 60 млрд теңге. Қайтарғаны – 20 млрд. «Еуразиялық банктің» қарызы 150 млрд теңге. Қайтарған сомасы – 0 теңге. Қарызды қайтармағандардың қатарында «Нұрбанк» те бар. Алған қарызы 30 млрд теңге. Ал мемлекеттен ең қомақты демеуқаржы алған банктердің бірі – Jusan Bank. Бұл банктің басқа банктермен салыстырғанда жағдайы ерекше болып тұр. Қаржы институты «Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы» аясында ғана емес, қосымша бірнеше мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған. Аталмыш бағдарлама аясында «Цеснабанк» пен АТФ банк алған қарыздар кейін Jusan Bank иелігіне өткен. Jusan Bank-тің балансында 1 трлн теңге қарыз бар, оны банк 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы. Соңғы күндері Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің бірі – Вячеслав Кимнің Jusan Bank-ті сатып алуға қызығушылық танытқаны айтылып жүр. Сарапшылардың пайымдауынша, билік бұл келісімге келу үшін мемлекеттік қолдауды, яғни «қарызды мерзімінен бұрын қайтарасың» деп шарт қоя алуы керек. Еліміздегі ең бай 50 адамның тізіміне енген Вячеслав Кимге 1 трлн теңге қарызды қайтару аса ауырлық туғызбайды. Оның дәулеті бір жылда 400 млн долларға артып, жиған-тергені 3,6 млрд долларды құраған.
Ал мемлекеттен 244 млрд теңге қарыз алып, 8 жылда оның 30 млрд теңгесін ғана қайтарған RBK Bank-тің иесі Владимир Кимніңдәулеті 2025 жылғы екі айда 256 млн долларға артып, 7,31 млрд доллар болған. Ким – Қазақстан мен Қырғызстанда ашық әдіспен мыс өндіретінKAZ Minerals компаниясының директоры. Сондай-ақ Кимнің инвестициясы мыс өндіретін тағы бір компания – «Қазақмыста» дабар. Осынша жиған-тергені бола тұра Владимир Кимнің банкі де мемлекеттен алған қарызын қайтаруға асықпайды. «Еуразиялық банктің» аты аталғанда ірі олигархтар Мұқадасхан Ибрагимова, Патох Шодиев, Александр Машкевичтердің аты қоса аталады. Олардың әрқайсысы бұл банктің 33,3 пайыз акциясына ие. Десе де, олар да мемлекет алдындағы қарызды қайтаруға келгенде бейқам. Жоғарыда жазғанымыздай, банк 150 млрд теңге қарыздың бір тиынын да қайтармаған. Ал «Нұрбанктің» 90 пайыз үлесін кәсіпкер Рашид Сәрсеновтің ұлы Эльдар Сәрсенов иеленеді. Ірі кәсіпкердің ұлы әрі өзі де кәсіпкер Эльдар Сәрсеновке мемлекеттен алған 30 млрд теңге аса қомақты сома көрінбей ме, әйтеуір ол да сегіз жылдан бері бір тиын қайтармаған.
Банк секторында бәсеке жоқ
8 жылдың ішінде теңгенің құнсыздана түскенін есепке алсақ, жұртқа несие берумен күнін көріп отырған бұл банктер енді 7 жыл күтсе, мемлекетке «сабан ақша» қайтаратынын біледі. Мемлекеттің мұндай «қамқорлығынан» кейін банктерде дамуға, өсуге деген стимул да қалмайды. Керісінше, теңгенің құнсыздана түсуін тілеуі мүмкін.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков банктерге мемлекеттен алған қаражаттың тиімділік мерзімі өтіп кеткенін айтады.
«Мен 1993 жылдары Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып жүрген кезімде несие пайызы шарттарын орындамағаны үшін бір күнде 20 банктің лицензиясын жоюға бұйрық берген кезім болды. Қазіргі теңгеміз құлдырап, экономикамыз қиналып, бюджет кеміп жатқанда баға тұрақтылығын сақтай алмаса, банктерге талап қоя алмаса, бізге Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қажеті қанша?!
Екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несиесі былтыр қараша айында 3 пайызға ғана артқан. Банктердің бизнеске берілген қаржысынан, халыққа берген қарызы көп – 20 триллионнан асты. Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк бар, оның ішінде 12 банк шетелдің қатысуымен қаржы институты болса, оның ішінде 9-ы еншілес банк. Оның бесеуіне мемлекет көмектесіп, қолдау қаржы беріп отыр. Міне, біздегі банк секторының даму деңгейі – осы. Банк секторы еркін, бәсеке түрінде дамымай отыр. Сондықтан ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі банктер үшін капиталдың ең төменгі көлемі жөніндегі нормативін қайта қарауы керек. Мәселе, банктердің көлемінде емес, олардың төлем қабілеттілігі мен өтімділігінде ғой. Біздегі банк жүйесінің дамуына тосқауыл болып тұрған мына мәселелерге жіті назар аударылса деймін. Бірінші, банк заңдарының бүгінгі талапқа сай келмеуі. Екінші, ақша-несие және валюталық саясат рөліне байланысты мәселелер. Үшінші, банк секторындағы бәсеке мен монополизмге қатысты реттеу деңгейінің жеткіліксіздігі. Төртінші, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін банк қызметі бағасының жоғары болуы. Бесінші, аймақтар, әсіресе ауыл тұрғындарының банк қызметіне қолы жетпейтіндігі. Алтыншы, қайта қаржыландыру жүйесінің сылбыр дамуы. Осының барлығы қолға алынбаса, әрбір дағдарыс кезінде үкімет банктерге демеуқаржы беріп отырады. Оларды демегенмен, қолдағанмен, жұмысы дұрыс жолға қойылмағандықтан, олар экономикалық сұраныстарды орындай алмайды».
Ұлттық банктің бізге берген деректеріне жүгінсек, екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген кредиттері 2024 жылы қараша айындағы дерек бойынша 3,1 пайызға, яғни 32,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Сөйтіп 2024 жылдың басынан бері 17,9 пайызға әрең жеткен. Бизнеске берілген қаражат 16,1 трлн теңгені құраған. Халыққа берілген несие 2024 жылы 6 пайызға ұлғайып, 20,3 трлн теңгеге жеткен. 2024 жылы банктердің ипотекалық портфелі 1,8 пайызға, яғни 6,0 трлн теңгеге дейін өскен.
«Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Арман Мусин былай дейді:
«Бізге банк қызметін реттейтін концепцияны өзгерту керек. Әлемдік тәжірибеде банк қызметін жүргізетін үш концепция бар. Біріншісі, қоғамдық мүдделер теориясы. Екіншісі, бітісу теориясы. Үшіншісі, қоғамдық таңдау теориясы. Қоғамдық мүдделер теориясын басшылыққа алған банктер бүкіл қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Мұндайда банктердің басшыларын депутаттар сайлап, реттеуші ұйымдар соны басшылыққа ала отырып шешім қабылдайды. Біз енді мұндай бағытты мүлдем ұстанбаймыз, ескермейміз. Біздегі банктерді бір-бір олигархтар басқарады. Бітісу теориясы жөнінде айтсақ, мұндай реттеуде оның пайдасын тек ат төбеліндей топтар ғана көреді. Тұтынушыға тиімсіз, тек өзіне ғана тиімді тәсілдерді көп ұстанады. Қоғамдық таңдау теориясында қоғам үшін игілікті істер жасалуы керек. Көрсеткіштерді салыстырып қарайтын болсақ, біздің банк жүйесі еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына қолдау жасаудың орнына, қайта оны шабандататынын байқау қиын емес.
Мемлекеттік қарыздан бөлек, қазақстандық банктердің шетел капиталына тәуелділігі өсуде. Бұл олардың инвестициялық шешімдер қабылдаудағы дербестігін шектейді. Сондықтан бізге «Банк және банктік қызметтер» туралы заңнан бөлек, банк акционерлері туралы жеке заң қабылдану керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана екінші деңгейлі банктердің мәселесі шешіле бастауы мүмкін. Әйтпесе елдегі банктер тек өз пайдасына жұмыс істеп тұр. Онымен қоймай, оларға мемлекеттен қолдау қаражат беріледі. Негізінде, әлемдік практикада мемлекет алдындағы қарызын бес жылдың ішінде қайтара бастамаған банктерге ешқандай бонус берілмейді. Ал біздің банк акционерлері қайтаруға асықпайды».
Алайда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен ҚНДРА төрағасы Мадина Әбілқасымова мұндай талаптарды қоя алар ма екен?! Жалпы, 2009-2020 жылдар аралығында банктерге 8,2 трлн теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетіліп, оның тек 1,9 трлн теңгесі ғана өтеліпті. Осыған байланысты 2023 жылы бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеп жатқанын, енді Қазақстанда банктерді мемлекеттік қолдау шарттары қатаятынын айтқан. Алайда содан бері қатайған заңды да, талапты да естімедік.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ