Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 06 Қазан 2025

Мысырда Израиль мен ХАМАС арасында келіссөз өтеді

Хамас
Фото: topwar

Мысыр билігі 6 қазан күні Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы өкілдерінің қатысуымен келіссөз өтетінін ресми түрде жариялады. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Кездесу АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспар аясында өтеді. Тараптар Газа секторындағы израильдік тұтқындарды палестиналық тұтқындарға алмастыру мәселесін талқыламақ.

«Алдағы келіссөздер Трамптың Газа секторындағы соғысты тоқтату жөніндегі бастамасына сәйкес, өңірлік және халықаралық бейбіт күш-жігердің бір бөлігі ретінде өтеді», – делінген Мысыр СІМ-нің 4 қазан күні түнде таратқан мәлімдемесінде.

 Кездесу қайда өтеді?

Мысыр билігі келіссөздің нақты орнын ашып айтқан жоқ.

Алайда израильдік Ynet және басқа БАҚ дерегінше, кездесудің өтетін жері Шарм-эш-Шейх қаласы болуы мүмкін.

CNN Arabic болса, жиын  Каирде өтеді деп хабарлады.

БАҚ деректеріне сүйенсек, Израиль делегациясын стратегиялық жоспарлау министрі әрі премьер-министр Биньямин Нетаньяхуның сенімді өкілі Рон Дермер басқарады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы атысты тоқтату ХАМАС Ақ үй ұсынған бейбіт жоспарға келісім берген сәттен бастап күшіне енетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысын және Газа секторын дипломатиялық немесе әскери жолмен толық қарудан тазарту ниетін білдірді.

 ХАМАС ұстанымы

ХАМАС өкілдері «тштқын алмасуға қажетті шарттар орындалса», Трамп ұсынған формула бойынша барлық тірі қалған тұтқындар мен қаза тапқандардың сүйегін Израильге беруге дайын екенін мәлімдеді.

«Біз келісімнің егжей-тегжейін талқылау үшін делдалдар арқылы дереу келіссөз бастауға әзірміз», – делінген ұйым таратқан хабарламада.

Сонымен қатар қозғалыс Газа секторын басқаруды палестиналық ұлттық келісім мен араб-мұсылман қолдауына негізделген тәуелсіз органға беруге келісім білдірді.

 Қарудан бас тарту мәселесі талқыланбады

Алайда ХАМАС өкілдері қаруды тапсыру немесе қозғалысты қарусыздандыру туралы жоспарды талқылаған жоқ.

Катарда орналасқан ұйым басшылары АҚШ президентінің бастамасындағы кейбір талаптарды қайта қарауды талап еткен.