Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:50

Мысырдағы әуежайда қаза тапқан қазақстандық әйелдің мәйіті елге жеткізеле ме?

Египет
Фото: ашық дереккөз

Шарм-эль-Шейх әуежайындағы қайғылы оқиғаға байланысты қазақстандық азаматшаның денесі бүгін, барлық қажетті процедуралар аяқталған соң, Қазақстанға жеткізіледі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

"Мәйітті барлық қажетті процедура аяқталған соң, бүгін жеткізу жоспарланып отыр. Менің білуімше, шығынды Египет тарапы көтереді. Моральдық өтемақы мәселесі де шешімін тапты. Бұған қоса, қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске қосылды", – деді Қуантыров.

Шарм-эль-Шейх әуежайында орын алған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жедел әрекет етіп, қажетті дипломатиялық және консулдық шараларды қолға алды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, оқиға кезінде жеңіл жарақат алған екі қазақстандық азамат шұғыл медициналық көмек алғаннан кейін өздерін жақсы сезінген және елге аман-есен оралған.

Министрдің орынбасары бұл оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, СІМ шетелде жүрген қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударатынын және осындай төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға жедел көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

"Египеттің азаматтық авиация министрі бұл мәселені жеке бақылауына алды. Оқиға болған күні арнайы тергеу комиссиясы құрылды. Қазақстанның Египеттегі консулдық қызметі де жан-жақты көмек көрсетіп жатыр", – деді Қуантыров.

Оқиға барысында сақтандыру компаниясы да жедел әрекет етіп, зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсетті. Бұл жағдай шетелде демалатын қазақстандықтар үшін туристік сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай полис тек күтпеген жағдайлар кезінде медициналық қызмет алуға емес, сонымен қатар елге қайту мен басқа да шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.

Египет тарапы орын алған оқиғаға түсіністікпен қарап, моральдық және материалдық өтемақы төлеуге дайын екендігін мәлімдеді. Қазіргі таңда қос тарап арасында тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарының құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жалғастыра беретінін жеткізді.

Тегтер: