Митингіден мән, саясаттан сән кетті
Расында да, қазіргі уақытта Қазақстанның саясат сахнасында солай болып тұр. Бұрын «митинг болады» дегенге халық елеңдесіп, «не айтылар екен» деп құлағы түрік жүретін.
Ал қазір олай емес. Мұның себебі неде?
Ақиқаты керек, айына екі-үш рет Алматының орталығындағы әр алаңда өзінің шамалы жақтастарымен митинг өткізуге дағдыланып және үйреніп қалған Жанболат Мамайдың әрекетіне халық таңырқамайтын болды. Осыдан екі-үш күн бұрын, яғни 15 мамыр күні Тәуелсіздік алаңында Мамай бұрыннан өзінің маңайында жүрген тобымен азды-көпті жиын өткізді. Айқайшыл топ алаңға келіп, ескерту жасаған құқық қорғау өкілдерін місе тұтқан жоқ. «Прокурор, кет!» деп айқайға басып, өздерінің ұранын жалғастыра берді. Ал ақиқатында, ұран салатындай, мән беретіндей митинг пе?! Бұл жолы алаңға ары кетсе 25-30 адам ғана келді. Ал шағын топтың ұраны бүкіл қазақтың ұраны емес қой.
Айта кетейік, өткен аптаның соңында мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы заңға қол қойғаны белгілі.Ұсынылған заң жобасында енді ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген. Одан бөлек, заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауылшаруашылық жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны көзделген.
Президенттің қол қойған заңын өзінің жеңісіне балаған Демпартия басшысы алаңда тағы да арзан ұпай жинап қалуға тырысты.
«Жерді орман өсіру үшін шетелдіктерге 25 жылға жалға береміз» деген билікті тоқтаттық. Мәжіліс алғашқыда дәл осындай заң жобасын мақұлдаған еді. 24 сәуір күні митингіге шығып, «15 мамырдан бастап аштық жариялаймыз» деген соң ғана билік кері шегінуге мәжбүр болды. Өздері қабылдаған заң жобасынан мәжіліс өздері айнып, «жер шетелдіктерге орман өсіруге жалға берілмейді, сатылмайды» деген норманы бекітуге мәжбүр болды. Ал Тоқаев бұл заң жобасына қол қойды. Яғни халық біріксе, билікті кері шегіндіруге, талапты орындатуға болады деген сөз. Тек соңына дейін қайтпай күресу керек. Бұл – митингіге шыққан, бізбен бірге аштыққа жатуға дайын болған жүздеген азаматтың жеңісі», – деп жария салды.
Шындығында да, солай ма? Бұл тек Мамайдың маңайында жүрген азғана топтың жеңісі ме? Тіпті қисынға келмейтін пікір. Биліктің халықтың талабына қарай жасаған қадамын тек өзінің жеңісіне балаған Мамайлар бір нәрсені анық түсінуі тиіс: бұл – халықтың табандап тұруы арқылы жүзеге асқан заңы. Әрине, Жер кодексіне түбегейлі өзгерістер керектігі жөнінде мамандар, сарапшылар, саясаткерлер айтып жүр. Бірақ бұл жолы дұрыс заң жобасының қабылдануына о баста президенттің өзі мүдделі болды. Мұны ол жиында бірнеше рет айтты да. Ақыры орындалды. Алайда қатып қалған заң жоқ. Заман өзгерген сайын, заң да өзгереді. Сондықтан бұған, бір жағынан, «билік те мүддделі болды» деп айтуға толық негіз бар. Тек жер реформасы жөніндегі комиссия мораторий мәселесін халықтың ыңғайына қарай дұрыс шеше алмады. Өйткені осы уақытқа дейін мыңдаған гектар жерді иемденіп алған латифундистер әлі де жерді біржолата сатып алғысы келеді. Шетелдіктерге ғана емес, жалпы, Қазақстан азаматтарының өзіне де өндірістік және шұрайлы ауылшаруашылық жерлері сатылмауы қажет. Қазақ үшін жер мәселесі өткір, сондықтан жер үшін күрес әлі де жалғаса береді.
Бірақ бізді ойландырған және алаңдатқан бір сауалдың көкейде қалып қойғанын жасыруға болмайды. Жалпы, Жанболат Мамай бастаған топтың белгілі бір стратегиялық мақсаты бар ма? Жоқ әлде олардың жоспары белгілі бір маусымдық тақырыптарға қарай бұрылып тұра ма? Осыдан біраз бұрын несие туралы бірнеше қап шағымды көтеріп, Ақордаға барып қайтты. Одан нәтиже шықпады. Енді, міне, қол қойылып, жұртшылықтың көкейінен шыққан жер туралы заңды өздерінің жеңісіне балап отыр. Келер жолғы митингісі Қытайдың Қазақстанда орналасуы мүмкін 56 зауытына арналуы ықтимал. Одан кейін ше? Меніңше, тіркелмеген партияның тірлігі осылай жалғаса береді. Ең бір қызығы, «Мамай митинг жасады» деп оянып, серпіліп жатқан халық жоқ. Егер шын мәнінде халық оны қолдаса, алаңға бірнеше мыңдаған адам келіп, Демпартияның жақтастары күннен-күнге көбейе түсер еді ғой. Бірақ олай емес. Өйткені...
Жанболат Мамай өзін «оппозициядамын» деп мәлімдегенімен, тұлғалық деңгейге көтеріле алған жоқ. Көтеріле алмайды да. Қазақстан тарихында оппозиционерлер көп болды, бірақ ешқайсысы Серікболсын Әбділдиннің қайраткерлік дәрежесіне жете алған жоқ. Алаңға шығып, қазір атойлап жүргендер де оған жете алмайды.
Қисынсыз бір нәрсе бар: неге Мамай халықтың жерге қатысты талабын өзінің жеңісі етіп көрсеткісі келе береді? Алаңда ұрандатқандар ұлттың тұлғасы бола ала ма? Жоқ! Мамайдан да зорлар өткен. Заманбек Нұрқаділов те, Алтынбек Сәрсенбайұлы да өзгеруге ниеті жоқ авторитарлық билікті иліктіре алмаған. Бұл пікір билікті қолдау емес. Ақиқаты солай. «Нұр Отаннан» шығып, оппозицияға кеткен Болат Әбілов те ақыры болмағасын қайта оралып, өзінің бизнесіне кетті. Бұл билікпен күресу мүмкін еместігін Әбілов те түсінді. Демпартияның жас басшысы да бүкіл қазақты оппозицияға біріктіре алмайды. Кейде оның әрекеттері маған бос әурешілік сияқты көрінеді. Өйткені ол тұлға емес және әр митингіге әр тақырыпты желеу етіп шығатын отыздан асқан баланың қадамы қадірсіз әрі түсініксіз. Мамайдың жер мәселесін өздерінің жеңісі етіп көрсеткісі келген алаңдағы кешегі сөзінен кейін санаға келген тұшымды ой осы болды. Ақиқаты, митингіден мән, саясаттан сән кетті.