Миттал кетсе «Қарызы бар ма еді» деп сұрайтын жан табыла ма?

Соңғы он күндікте «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы туралы сөз желдей есіп тұр.
Көпшілік бұл компанияны келмеске кетіретін кез келді деп жатыр.
Темірін балқытып, болатын өндіріп беретін металлургтер мен жеті қат жер астынан қара алтын шығаратын кеншілердің еңбегін қанау үнді магнатына үйреншікті әдетке айналғандай. Еліміздің қазба байлығын 28 жыл бойы сүліктей сорып келе жатқан Митталдың иелігіндегі шахталарда жүзден астам кенші жанын қиды. Екі апта бұрын туындаған «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғаға орай кеншілер күні мерекесі тарихта биыл бірінші рет атаусыз өтті. «Жығылғанға жұдырық» демекші, кеше кеншілердің кәсіби мейрамында «АМТ» қарасты «Саран» шахтасында өрт шықты. Әйтеуір, кеншілер дін-аман. Дархан өлкенің құтына құныққан «Арселордың» жазасы мұнымен тоқтаса бір сәрі… Қазақтың қытығына тиіп біткен Митталдың «былығы осымен тәмам шығар...» деп жүргенімізде, атышулы компанияға қатысты Қарағандыда тағы бір дүрбелең шықты. Бұл жолы «АрселорМиттал Теміртаудың» кеншілер шаhарындағы «КAZФеррит» АҚ банкротқа кеткені мәлім болды.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қарағандылық кәсіпорынға бақандай 2 млрд 610 млн теңге берешек екен. Пұшайман халге түскен жергілікті фабрика шілде айында 200-ге жуық жұмысшыны кезексіз еңбек демалысына шығарған. Бұл жайт қымбатшылықтың қамытына іліккен халыққа қатты соққы болып отыр.
— Кәсіпорында 3 жыл қызмет еттім. Жалақым 300 мың теңге болатын. Соңғы 3 ай бойы еңбекақысыз жұмыс істедік. Оның ақыры кезексіз демалысқа кетуге ұласты. Өндіріс басшылары бізге жалақының 50 пайызы төленеді деген. Алайда ол уәделерін орындай алмай жатыр. Себебі «АрселлорМиттал Теміртау» фабрикаға көк тиын аудармай отыр. Оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Қаражаттың қаттығынан мектепке баратын баламды киіндіре алмай зар қағып жүрмін. Оның үстіне, жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Абырой болғанда үйдің қожайыны мән-жайды түсініп, кеңпейілділік танытты. Жігіт адам болған соң, үйде жатпайын деп әр жерге барып, жалдамалы жұмыстарды істеп көрдім. Күнделікті тапқан мардымсыз ақша тамақ алуға жетпейді. Қазір такси жүргізушісі болып жүрмін. Бұл уақытша ермек. Ұжымдағы әріптестерімнің көбінің жағдайы мүшкіл. Несиелерін төлей алмай, әр жерден ақша іздеп, адақтап жүр. Түнеугүні бізбен серіктес компанияда бірге жұмыс істеген жігіттерге жолықтым. Олар да «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бір жыл бойы жалақы төлемегенін айтып шағымданды. «Шыдамның да шегі бар», Қазақстанның түсті металын сапыруға дағдыланған үнді бизнесмендері отандық кәсіпорынды неге ашықтан-ашық қанап отыр? Бұларды қашанғы тайраңдата бермекпіз? – дейді жоқшылықтың кермек дәмін татып жүрген «KAZ Феррит» АҚ-ның бөлім менеджері Күнтуған Кәдей.
Майқұдық ықшамауданында орналасқан «KAZ Феррит» АҚ жоғары сапалы коксті көмір концентратын шығарумен айналысады. Кәсіпорын былтырғы жылдың 17 тамыз айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен кокстелген көмір концентратпен қамтамасыз ету және тасымалдау ісі бойынша келісімшартқа отырған. Ресми уағдаластық мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітіленген. Соған қарамастан, үнді инвесторы шілдеде отандық өндіріске есігін «тарс» жауып, тығырыққа тіреп қойған. Металлургиялық комбинат биылғы маусым айына дейін «KAZФерриттен» 33 мың тонна коксті көмір концентратын алып келген. Оның үстіне, өнеркәсіптің құрамында жер қойнауын игерумен шұғылданатын бірнеше кәсіпкерлік субъектілер бар. Олар да дағдарысқа тіреліп отыр.
– «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясынан біздің өнімнің сапасына және жеткізу қызметіне қатысты осы күнге дейін ешқандай ескертпе алған емеспіз. Компанияның бізден себепсіз бас тартуы түсініксіз. «Көтеремге көлденең» әрекет жасап отырған шетелдік инвестордың кесірінен салық аудармаларын кешіктіріп төледік. Ақыр аяғы жұмысшыларымызды уақытша тарқатуға мәжбүр болдық, – дейді «KAZФеррит» ЖШС директоры Бекжан Көпбаев. Ал жергілікті өнеркәсіп серіктестерінің бірі мәселенің келесі қырын былай түсіндірді:
– «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тауар жеткізілген 25 күнтізбелік күннің ішінде төлем жүргізуге міндетті. Біз компанияға бұрынғы берешектері туралы бірнеше рет хат жаздық. Қарызды өтеуден ерікті түрде бас тартқан жағдайда сотқа талап-арыз жолдайтынымызды да жазбаша түрде ескерттік. Алайда инвестор сөзімізді шыбын шаққан құрлы көрмеді, – дейді «Майқұдық» кен-байыту комбинаты ЖШС-ның директоры Дулат Нұрғалиев.
Көмір өңдеумен шұғылданған «KAZ Феррит» нарыққа 2018 жылы қосылған. Негізгі тұтынушылары – Ресей елі. Көрші мемлекеттегі жағдайға байланысты байырғы серіктеспен байланыстары қазір тоқтап тұр. Кәсіпорын бұған дейін жылына бес жүз мың тонна көмірді фабрикадан өткізіп, 200-250 мың тоннаға жуық коксті концентратты экспортқа жөнелтіп келген. Былтыр орта буынды кәсіпорын «Үздік тауар өндірушілердің» өңірлік байқауында бәсекелестерінің алдын орап, «Сенімді салық төлеуші» және «Сенімді өндіруші» номинациясының жүлдесін иеленген.
Мүйізі қарағайдай сенімсіз серіктестіктің кесірінен дағдарысқа киліккен отандық кәсіпорынның мүддесі енді кімді толғандыруы тиіс? Шағым иелерінің мәлімдеуінше, қарағандылық кәсіпорында «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС негізінде мемлекеттің де үлесі бар көрінеді. Олай болса ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңға сәйкес мемлекеттің ынталандыру шараларының бірі – ішкі нарықты қолдау, отандық өндірісті дамыту болып табылады. Осыған орай, кәсіпорын ұжымы мемлекет бұл жағдайға шұғыл араласуы тиіс деп санайды. Әрбірден кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «қазақстандық қамту туралы» ережені орындап, отандық өндірушілерді қолдауы тиіс. Балағынан доллар төгілген маңғаз магнат бұған құлақ аспаса ше? Қазірдің өзінде осылай істеп отыр. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шағарса» деген рас. «KAZ Феррит» АҚ өкілдерінің айтуынша, асап қалуға асыққан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бүгінде коксті көмір концентратын Ресейден алып отыр. Ал жоғары сапалы және қажетті көлемде өнім шығаруға қауқарлы отандық зауыт жабылудың алдында тұр.
Миттал кетеді, орнына басқа инвестор келеді деген сөз гулеп тұрған уақытта, оның соңынан «Қарызы бар ма еді?» деп сұрау салатын біреу табыла ма, жоқ па?..