Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
02:14, 24 Тамыз 2022

«Миы ауыспаған» министр

None
None

Өткен аптада қазақтың саяси әлемінде назар аударарлық бір оқиға орын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Назарбаевтың ежелгі кадры Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Исландиядағы, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Сөйтіп, 30 жылдан астам уақыт бойы Сыртқы істер министрлігінде, еіліміздің сыртқы саясатында тоқтаусыз  жұмыс істеген Ыдырысов амалдың жоғынан қызметінен кетті. Назарбаев жүйесінің саясаткерлері қартайған шағында осылай ыстық лауазымынан қоштасып жатыр. Шегінер жер жоқ. Кетпеске тағы амал жоқ. Мұның барлығы да Назарбаев дәуірі мен оның атқамінерлерінің күні өтіп бара жатқанын көрсетеді. Бірақ мәселе басқада: Назарбаев жүйесінің кадрлары қазаққа не істемеді? Алды ұсталып жатыр, ал соңы қалай аяқталарын уақыт көрсетеді.

Бірақ ондай «тұлғалар» қай бір ісімен есте қалмақ? 30 жылдан астам уақыт бойы сыртқы саясат саласында жұмыс істеген Ыдырысовтың денеңді дір еткізетін мына бір сөзі қазақ баласы үшін ешқашан ұмытылмақ емес. Еске салсақ, талай оқиға ойға оралады. Осыдан 20 жыл бұрын, 2002 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп («Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!») деп парламентте айды аспанға бір-ақ шығарған. Сол кезде «Ұят емес пе? Бұл сыртқы істер министрінің айтатын сөзі ме еді?» деп айтатын бір депутат табылған жоқ. Өйткені бұл – ескі Қазақстан! Бірақ ескі кадрлар айылын бір жиған жоқ, айтқан сөздерінен ұялған да жоқ. Жалпы мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын қазақ министрлері әлі де болса бар. Бірақ бұрынғыдай көп емес. Қазір президент Тоқаевқа Назарбаев жүйесінің ескі кадрларынан арылу оңайға түсіп отырған жоқ. Бірақ уақыт өте келе олар –  нарықтан, саяси қызметтен осылай Ыдырысов секілді ығыстырыла береді.

Жалпы бұл ғана емес, сол кездегі парламент 2003 жылдары Ыдырысов бастаған министрліктің ықпалына жығылып, дипломатия туралы заңнан «Елшілік қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген бапты да алдыртып тастаған. Міне, қазаққа берген Ыдырысовтың «ырысы». Бірақ уақыт өте келе сенатор Айтаханов пен бірқатар депутаттардың жанайқайынан кейін ондаған жыл өте бұл бап заңға қайта қосылғаны белгілі.

Бір қызығы, орыс, ағылшын, тіпті иврит тілінде де жатық сөйлейтін Ерлан Ыдырысовтың қазақ тіліне келгенде «миы ауыспай» қалғанын қалай түсінуге болады?!.. Француз тілін түсінетін және аздап сөйлейтін, урду, тіпті хинди тілін үйренген полиглот Ыдырысовтың өзінің ана тіліне келгенде неге кежегесі кейін тартты?  Бұл – ниеттің жоқтығынан. Бір кездері «қазақ тілі дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» – деп, халықаралық қоғамдастықтың алдында елдің абыройын түсірген экс-министр бүгінде Лондонда жағасы жайлауда, рахаттанып өмір сүріп жатыр. Кейбір ақпарат көздері оның сонда тұрақтап қалуы мүмкін екендігін де жазуда. Жалпы Назарбаев жүйесінің ескі кадрлары шетелге қашып жатқанда, Ыдырысовтың Лондонда тұрақтап қалуына, тіпті таңырқауға да болмайды. 30 жыл бойы ішіп-жеп, әбден байыған басқа тілде жатық сөйлейтін ескі кадрлар Қазақстанды қайтсін?! Оларда Отан бола ма? Бүкіл қазақ журналистерін тәрбиелеген, марқұм Әбілфайыз Ыдырысовтың «бір өкінішім, балама қазақ тілін үйрете алмай кеткенім» деп бір айтқаны бар. Әке өкінгенмен, бала өкіне ме? Бәрін де уақыт таразыға салар.

1994 жылы 29 наурызда М.В.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­­ле­кет­тік университетінде Қазақ­стан­­ның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мем­лекеттердің көпжақты тең құқы­лы ынтымақтастығы форматында еура­зия­лық интеграция идеясын жария еткені белгілі. Сөйтіп, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Бірақ дәл қазір осы одақтан Қазақстан орасан зор зиян шегіп отыр. Назарбаевтың интеграциялық идеясы қазаққа тиімді болмай шықты. Өзбек кірмеген қораға – қазақ кірді. Бұл одақ жүзеге асқаннан кейін Қазақстан нарығы Ресей тауарларына кіріптар болып қалды. Бұл тек Ресейге ғана тиімді Одақ. Мұның барлығы да қазір айқын дәлелденіп отыр.

Ерлан Ыдырысов бұл Одақтың негізгі жақтаушыларының бірі болды. Әрине, «Назарбаевтың дәурені жүріп тұрған уақытта оны жақтамау да мүмкін емес» дейтіндер табылар. Алайда, «Бұл одақ Путиннің құпия жоспары» деп айтқандарды Ерлан Ыдырысов сыртқы істер министрі болған уақытта  жақтырған жоқ.

  • Бұл Ресей  жетекшісінің Кеңес Одағын қалпына келтірудегі құпия жоспары емес, үш жетекші де өз мәлімдемелерін ашық айтты. Олар мүлдем басқа картинаны көріп отыр: бұл келісімнің артында жасырын әрекет жоқ, қандай да бір астыртын ой, пиғыл жоқ. Бізде «бір тараптың келесі тараптан басымдылығы байқалады» деген үрей болмауы тиіс. Егер шынымен солай болса, бұл одаққа ешкім қосылмас еді, – деген бұрынғы министр, экс-елші Ыдырысов сол уақытта айтқан сөзіне бүгін жауап бере алар ма екен?!

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір жыл бұрын өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Дипломатиялық қызметке, ең алдымен көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек» деп атап көрсеткені белгілі. Алайда 30 жылдан астам уақыт бойы сыртқы істер министрі лауазымына үш рет көтерілген, бірқатар елдерде дипломат болған  Ерлан Ыдырысов Тоқаев айтқан сенім үдесінен шыға алды ма? Әрине жоқ! Ол – дипломатия тарихында бір ауыз сөз, жалғыз тіркесімен есте қалды. «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын». Айтты да, мемлекеттік тілді үйренбеген күйі дипломатиялық миссиясын аяқтады. Назарбаев жүйесінің бүкіл игілігін көрген, «миы ауыспаған министр» осылай зейнетке шықты. Қолы босады. Бірақ «Отаным» деп егіліп, елге келе қояды дегенге сену қиын. 

Тегтер: