Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:10, 23 Қараша 2023

Мінез бен болмыс арасы

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

(Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» романы жайында)

Ол әдебиетке кеш келді. Алматыны кеш көрді. Өзінің қатарластары әлдеқашан әдеби бәйгелерді алып, бірнеше байқаудың, сыйлықтың лауреаты болып қойғанда, әдеби ортаның дәмін енді татып жатқан;

«Жалын» журналының жабық бәйгесінен жүлде алғанда есім сойы қазақ даласының шартарабына бірден таралып, жазушы санатына оңай еніп кеткендей күй кешкені де оның жасына лайық еместей көрінген;

1984 жылдың жазында жарыққа шыққан «Қызыл қар» повесі Кеңес өкіметінің малшыларын жаман қырынан көрсеткені үшін сынға ұшырап, онсыз да топқа кеш қосылдым-ау деген көңіліне жабырқау түсірген;

Бірақ әдеби ортаның көңілін аударып, атын дабыраға қосып жіберген, орынсыз сыннан қағажау көріп, шығармашылық адамдарының тарапынан кей әділетсіздіктерге тап болса да, Жұмабай Шаштайұлы осы шығармасына бәрібір қарыздар сияқты сезіледі.

1978 жылы жазылған осы повесін, араға қырық жылға жуық уақыт салып, жазушы қайта жазып шықты. Жаңа линия қосты, негізгі мәтіннің едәуір бөлігіне өзгеріс енгізді.

Бұл қазақ өмірі, қазақ мінезі туралы шығарма болатын. Біз, тіпті бұны Кеңес өкіметіне жанама ғана қатысы бар шығарма деп атар едік. Әрине, жазушы негіз етіп алған оқиға кеңістік пен уақыт шеңберінде суреттелетіні түсінікті. Одан айып көріп, мін таққан сол кездің саяси көзқарасы ғана еді.

Жұмабай Шаштайұлы мал баққан қазақтың мінезін әбден бақылып, тіпті кейде содан мезі болғандай көрінеді. Өзі сол ортадан не алыстап кете алмай, не біржола малшыларға сіңіп кете алмай қиналатынын шетін бір мінезге жатқыза алмай қиналасың.

Сансызбайдың қас қарайғанша қой бағып жүргені, шауып келген баласының атын тер басып тұрғанын көріп, тыжырынуы, мал аяғы баспаған жерге түнемек болғаны тек мал баққан адам ғана түсінетін мінез. Сондағы Сансызбайдың табиғат көрінісін кейіптендіріп, түнді сезуі дәл бүгін қала адамы түгілі ауылдағы кісілердің өзі түсіне қоюы тағы екіталай дүние. Жазушы өзі сүйсіне отырып суреттегенімен, бәрібір дәл Сансызбай сияқты өзінің де табиғатты сезіне алатынына күмәні бардай.

Сол жылы оқуға түсе алмаған Жайлау әкесіне қой бағуға көмектесетін болып, бірге қырға шығады. Романның бар оқиғасы алда келе жатқан қыстан аман өтудің қарекетімен өрбиді. Қосқұдықтағы Шандоздың үйіне барған соң, енді әкесімен бірге қой бағатынын ойлаған Жайлаудың күйін жақсы түсінесің. «Оқуға түсе алмай қалдың, мал бағасың» деп қорқытатын сөздің соншалықты сұрқай, адамға сенімсіздік ұялататын сөз екенін айтып тұрған адам ұға қоймайды-ау. Өз басындағы хәл болмаған соң біреуге ауыр тиетін ләмді байқамай айтып қалатын әдет бізде баршылық. Сірә, «тастың түскен жерге ауырлығын» айтқан адам жұбатушы емес, жұбанушы екеніне осындайда күмәнің қалмайды.

Шандоздың үйінде жатып, түнде Күлжамалға көзі түсіп, оның да «қу далада жүретін жөнім бе еді» дейтін шығар деген болжамы да шындықтан алыс еместей көрінеді. Әлде жан баласы анда-мұнда ұшырасатын кең даладан әлдеқандай үй көріп, сол үйден бір келіншек шықса, дүниеде ең сұлу әйел сол боп елестейтіні малшы біткеннің бәріне ортақ сезім бе екен.

Қалай болса солай сөйлей салатын Шандоздың мінезін жақтырмайтын Күлжамал күйеуінің сөзі балалардың көңіліне тиіп кетеді деп алаңдайтындай. Ол қауіп Шандоздың есіне кіріп те шықпайды.

Романның басында бір көрінетін кейіпкер – Қақан. Жайлаудың үлкен ағасы. Бірақ әкесінен бөлектеніп, оңаша шыққысы келеді. Жайлаудың артынан Қосқұдыққа келіп, Мәскеуде оқып жатқан Шандоздың қызының жағдайын сұрағыштап, «оқуға түскенге не жетсін, мына біздің баламыз оқуға түспеген соң, санатқа ілінбей қалған жоқ па?» деп, қарадүрсін сөйлейді. Біреуді жасыту, кемсіту әдейі жасала ма, жоқ әлде бір олқылықты көріп, соны қазбалап, тоқпақтай жөнелу адам баласының әдеті ме, кім білсін. Бір жағы мақтанға ұқсас сезім, бір жағы кемсітуге ұқсас қылықтың осы уақытқа дейін не қасиет екенін болжай алмаппыз. Адамға тән бір қасиет қой деп қана оңай тұжырымдай салуға болады. Жайлаудың бойындағы өзін кем, өзгені артық санау комплексі осы оқуға түсе алмай қалған кезден басталғандай әсер береді. «Қой бағудан басқа кәсіп бұйырмаған ба» деген сөздің ар жағында өкініш қана емес, көндігу де бар еді. Әбден мойынсынған адамның шарасыз сөзіндей.

Жайлаудың бір жылылық көрген адамы – Күлжамал. Қосқұдық қыстауының елдей боп елестейтіні де осы Күлжамалдың берекес, мінезі. Әйтпесе, бір ғана үй.

Қақанның әлгіндей сөзінен кейін Жайлау екеуінің арасында сызат түсті. Інілік наз ғана емес, ағадан бір демеу сөз естімегеніне ренішті сияқты. Бұндайда адамның бір қайрат сөзін күтетін әдеті емес пе? Оған ылғи мал баққан Қақан сол сөзді қияр емес. Мен ғана бағатын едім, енді бақсын, көрсін деген оның да ішінде бір есеп жатқандай көрінеді. Адамдардың бірін-біріне өзін дәлелдегісі келетін мінезінен туған әрекет.

Бірақ романда Жайлаудың оқуға түспей қалғаны оның өзінен басқа ешкімнің де жанына онша бата қоймайды. Әке де қамықпаған, тек шеше ғана енді малдың артынан салпақтайтынын ойлап, қайғырады. Даламен бірге қатуланып кеткен болмысты жібіту оңай емес. Оның үстіне тіршілік, балаларға азық болсын деген ішкі есебін де әке жарықтық былайғы кезде көп айта бермейді ғой. Оны қасиетті борышы санайды. Тек күйіп кеткен кезде ғана «Жазда малдың бәрінің көзін құртам, сонда көрермін сендерді» деген шарасыздықтан айта салатын сөзі болмаса, Сансызбай ондай шетін әрекетке баратын адам емес.

Далаға түнеген әкенің қабағына да барлық дүние байланған. Ажары кете бастаған даланың жылы көрінуі де, сұрықсыз тартуы да соның көңіліне байланысты. Ал соны сезу, соған қиналу деген Жайлаудан басқалардың ойына да келмейтін. Сансызбай мен Жайлаудың арасындағы байланыс тым нәзік. Екеуі бір-біріне ашылып сөйлеп, еркін сөйлеспейді де. Бірақ жалғыз қалған әкесінің тамақ ішпегені, қиналғаны Жайлауға ерекше батады. Қойдың соңында жүрсе де, оның ойынан кетпейтін өз әлемі бар. Оқуға түскен Рақымды ойлап, қамығады. Жайлау тым сезімтал. Кейде автордың баяндауымен Жайлаудың кешкен сезімдерінің ара-жігін ажырату да қиындап қалады. Толстойдың Левиннің шөп шапқан кезін романға онша кірікпей тұр дейтін сөзді естісек те, соны ерекше шабытпен жазғанын мойындамасқа лажың қалмайтыны секілді бір жымдасқан сезімдердің бар екенін де жасыра алмайсың.

Романда екі линия кезек-кезек шығып, оқиға қатар өрбіп отырады. Рахымның линиясында Жайлаудың досына деген ерекше көңілі, сағынышы, құрметі, аялауы, тіпті Рахымды асқақтай суреттеуі бар. Бірақ темпераменті жағынан Жайлаудың линиясы қызуырақ, тереңірек көрінді. Орыс романдарындағы кейіпкерлерді, кейде орыс актрисаларын мысал етіп алатын Рахымның өз бойынан осалдық көрінбесе де, оның оқуда жүрген уақыты, курстастарымен қарым-қатынас дәл Шандоз бен Күлжамалдың, Жайлау мен Жанардың қарым-қатынасындай нәзік, я тым қатты екенін сезе алмай қаласың.

Рахым өте ұстамды. Салқынқанды. Бәріне өз тұжырымы бойынша қарайды. Бәрі таныс күй. Жайлаудың кім екенін, Рахымның кім екенін іштей болжап отырсақ та, оның оқырманға түк керегі жоғын ойлайсың. Күлпәш пен Зәурештің қылығы, оқуға түсу мен түспеудің рөлі соншалықты үлкен болатыны сол мектеп бітірген кез ғана. Әйтпесе, оқу бітіріп, үлкен өмірге араласқанда, соның үлкен өлшеммен алғанда соншалықты қайғыра қоятын жағдай емес екенін білесің. Бірақ дәл сол 18 жасыңда оқуға түспеуден асқан бақытсыздық пен оқуға түскеннен артық бақыт жоқ боп көрінетін сезім Құдай біледі, әлі де бар.

Сансызбай даланың да, табиғаттың да мінезін жақсы біледі. Құмға баруға болмайтынын білсе, зоотехник қоймай шығарады. Бұл өмірдің шындығы еді. Автор ешкімді жақтамайды, тек Рахымның Жайлауға деген достық ықыласын ерекше сездіріп жазады. Жақтаса тек Рахымды жақтайтындай.

Романдағы ашылған кейіпкерлердің ішінде Құдайберген мен Несіпбала бар. Малшылардың әдепкі көнбіс өмірі. Қойды баққысы келгендіктен, жақсы көргендіктен бағатын ешкім жоқ. Малдағы өмірге әбден сіңіп кеткен адамдар өмірдің көп қағидасынан бас тартқандай көрінеді. Олар үшін ешқандай ереже, шек жоқтай. Былайғы өмірде өте ауыр соғатын сөздерді де оңай айтып, жеңіл қабылдап жатады.

Сансызбайдың бір баласы Тоқтасын әскерден келіп, үй іші қуанып жатады. Бірақ оның малға келмей қалаға жұмысқа тұрдым деп кетуі малдан қашу еді. Әрине, романда соған дейін Тоқтасынның да мал баққаны айтылмайды. Бірақ қойшының баласы сол жасына дейін талай малға шығып, талай қиналған шығар. Оны ақтауға тырысасың. Сансызбай да балаларының бәрінің мал бағып кеткенін қаламайды. Жұрттың сөзінен қорқады. Бірақ сол балаларының ішінде қойшы болатын Жайлау емес екенін де ол жақсы біледі.

Алдағы қыстың қаһары қатты болса да, қойшылар қыстауға кеш көшеді. Оған зоотехниктердің де кінәсі бар еді. Сансызбайдың отарын ұлы Жайлау мен Құдайберген айдайды. Дала боран, аяз. Екі отарды қосып айдап келе жатып, Құдайберген атын жөнді-жөнсіз қамшылай береді. Бұл бірдеңеге мазасызданғанда болатын малшылардың мінезі. Жазушы малшының мінезін жақсы біледі. Және дәл жеткізеді.

Қосқұдықтағы Шандоздың үйі ары-бері өтетін малшылардың тоқтайтын жері. Үйге біреу келе қалса, бірдеңе ішкісі келіп отыратын Шандоздың әдетін малшы ауыл жақсы біледі. Айдалада жападан-жалғыз отырған үйге мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді. Ал мүмкін бола қалса, Шандоз сияқты адамдар оны қалт жібермейді. Шандоздың шарасыз қалатын тұсын, Күлжамал екеуінің күрделі қарым-қатынасының жай-жапсарын да жазушы едәуір суреттейді. Қазақы отбасының берекесіз көрінісі, ырылдасып, қаппайтын әрекеттері сол көнбіс тіршілік қалыбынан еш шықпайтын мінез сияқты көрінеді. Оның үстіне осы үйде көбіне жұмбақ бір әңгіме бардай. Роман басындағы Сансызбай қарттың сол үйге барып қонбай қойғаны да көп гәпті аңғартады.

Осы үйге Мәскеуде оқып жүрген Жанардың келгені де Жайлауға дискомфорт болғандай. Үлкендердің алдында емес, өз қатарластарының ішінде оқуға баратын уақытта қой бағып жүргені жанына қатты батады. Бәрі сыртынан күлетіндей, мүсіркейтіндей.

Боранды күні мұздап келген бойы Шандоздар қоймай ішкізіп жіберген арақтан соң ертесі Жайлауда бір құлазу болды. Малды емес, әкені емес, ең алдымен Жанардың бетіне қалай қарайды екенмін деп ойлайды. Қыздың алдында ерекше бір қымсыну бар. Жалпы романда Жайлаудың қыз балаларға ынтықтығы, бірақ олармен еркін сөйлесіп кете алмайтын ұяңдығы да қатар суреттеледі.

Жайлауға суық тиіп, үлкендердің ұйғарымымен үйде қалады. Шандоздың қой бағамын деп қиналғаны Күлжамалдың да намысына тигендей. Еркек деп жүрсе, ез боп шыққандай. Ал үйде қалған Жайлау бәрінен бұрын Жанардан қысылатындай. Осы бір психологиялық күйді жазушы өте шынайы жазады. Дүниеде сол сәтте содан маңызды ештеңе қалмайды. Тек өзі және өзіне деген көзқарас қандай, сол ғана маңызды.

Жайлау осы адамды Рахым былай бағалар еді, мына қылықты ол осылай топшылар еді дейтін ойды көңілінен шығармайды. Рахымда оқуда жүріп, Жайлауды ойлайды. Кейде осы уақытқа дейін бір ойлап қоймаппын-ау деп қысылатыны тағы бар. Рахымның образы кемшіліксіз адамдай жасалған. Тек ғашықтықты ғана адамдардың ойлап тапқаны деп бағалайтынын Жайлау түсіне алмайды. Ол тым – рационалист.

Рахым курстастарын ауылға ертіп келгенде, олар «Ақ кеме» туралы жазған шығармасын университет түгел мақтағанын әке-шешесіне айтқанда, ата-ананың соншалықты әсерлі қабылдай қоймағаны ауыл адамдарының селқос мінезін аңдатады. Оларға «Ақ кемеңіз» бәрібір. Күнделікті тіршілік екпінімен жүріп, әдебиет атаулыдан алыс қалған адамдар үшін ол соншалықты жақсы жаңалықтай көрінбейтіні рас.

Жайлаудың оқуға түспей қалғаны бәріне сөзге сылтаудың орнына жүреді. Жазушы соны әбден айтып, жеріне жеткізген. Тоқтасын да қаладан келген Рахымға: «Өзің оқуға түсіп ап, досыңа қой бақтырып кеткенің не» деген жөнсіз сұрағында да осы бір көңіл күй жатыр. Жайлауларға қой бағудан басқа кәсіп бұйырмағандай, Рахымдарға аталарынан бері оқу қонғандығы қазақы өлшем екенін кейін ұғасың. Бір жыл оқуға түспей қалғаны соншалықты, дүниенің бәрі бітіп, енді ондай мүмкіндік болмайтындай қабылдағандарына таңғаласың.

Қысқы демалысқа келген Рахым Жайлауға амандасуға барады. Рахымның киген киіміне қарап, Жайлаудың ішінде бір қызғаныш оты тұтанғандай. Бір-бірін жатырқап қалған достардың да көңілінде сондай бір сезім болатыны жасырын емес. Екеуі бір-бірін жақсы ұғып тұрса да, Жайлаудың сөйлемей қоюы Рахымның да көңілін бұзады. «Қызық үшін емес, сенің жағдайыңды білейін деп келдім» деген сөзіне Жайлау нанды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ досының осы келісі Жайлаудың ішінде ерекше бір сезімді, одан ары жақындықты тудырғандай әсер береді.

Әкенің өмір бойы көрген өмірін бала қайталау керек пе? Жайлаудың бар ойы – осы. Жазушы да осы бір сұрақты романының өзегі етеді. Малдан не үшін қашады? Оны жеккөргендік пе? Жоқ. Мезі болғандықтан. Біздің қазақ мал бақса, соңына беріліп, сонымен бірге жатып-тұруға дейін барады. Жайлау қашса, сондай мінезден қашты.

Жалпы, Жұмабай Шаштайұлы үшін адамдар екіге бөлінетін сияқты. Адамгершілігі бар, я адамгершілігі жоқ. Мансап, атағына қарай емес, адамдық қасиетіне қарай адамдарды бағалайтын жазушы кейіпкері Сансызбай ақсақал да бетің бар, жүзің бар демей, бастық адамдардың өзін дүрсе қоятын адам. Туған балаларына да соншалықты жылышырайы танытпайды. Құдды дала адамына тән, жабысып қалған қасиет сияқты. Бұнда Бейімбет Майлиннің «Қара шелегіндегі» кейіпкерлер жоқ. Өмір де қатал, табиғат та қатал. Сол аралықтағы кейіпкерлер де қатал.

Жайлаудың Шандоздың үйіндегі Мәскеуде оқитын қызы қысқы демалысқа келгендегі өзін ұстауы да қазақы комплекстердің жемісі. Мүмкін ауыл баласына тән ұяңдықтың жемісі шығар. Кім біледі?

Ал Жайлаудың ұнатып жүрген қызы Зәурештің ол оқуға түсе алмай қалғаны үшін ғана адам санатынан шығарып жіберуі – адам түсіне алмайтын мінез.

Күлжамалдың үйінде жаңа жыл кешіне шақырғанда Жайлаудың бармай қоюының ар жағында бір намыс та жатқандай. Қақаған қыста әкесінің жанында болып, қиындыққа төзе алмайды деген ойлары бар ма деп қауіптенсе, екінші жағы, өңкей оқуға түскен балалардың арасында да отырғысы жоқ. Бірақ Рахымдар түнде келіп, Жайлауды қоймай алып кетеді. Оның осы қойшылық өміріндегі бір ұмытылмас сәт – сол жаңа жыл. Сұлушаш, Жанар.

Келе жатып, Дәулетпен ерегісіп қалып, енді қыздардың алдында быт-шытымды шығарып, масқара қылмаса болды деген қорқынышын да барлық бозбала кешіп көрген болар. Кеш біткен соң бәрінің қалаға кетіп, Жайлау жалғыз Шандоздың үйінде қалады. Жанарға әзілдеген болады.

Роман екі достың сезімі туралы, қазақ өмірі туралы. Біз «Қызыл қар» деген атауына терең мән беріп, оны совет идеологиясымен еш байланыстырмас едік. Рас, кеңестік биліктің өтірік айтқаны әшкере болады. Ол қызыл су табиғаттың мінезі еді. Табиғаттың көрсеткен мінезіне қарсы әрекет етіп, жан сақтауға тырысқан адам жанының арпалысы еді. Тіршілік таласы еді.

Жайлау мен Сансызбайдың қарым-қатынасы нәзік, терең. Бірақ ол ешқашан байқалмайды. Сансызбай қатал әке. Бар өмірін малға арнаған. Ендігі ұрпағының мал баққанын қаламаса да, балалары аяғына тұрып кеткенше қолынан келетіні – осы.

Әсіресе қар қалың жауған қыстың күндері мал жарықтық қиналады. Оны көріп, адам да қиналады. Қорадан өріске шыға алмай қалған Сансызбайдың қойларын бір-бірден сыртқа тасып жүріп екеуі де мертігіп қала сақтайды. Әуелі әкесі белін шойырып, баласы ес-түсінен танады. Мал деп жүрген, малдың артынан жүрген қазақтың өмірі осындай қиындықтарға толы. Оның арасында отбасылық драмалар мен жеке бастың мәселелері қожанжарласа жүрмесе тағы болмайды. Өйткені бұл өмір ғой. Ертең не күтіп тұрғанын білмейсіз.

Жайлау осы сезімдердің бәрін терең түсінеді. Аңғарлы жігіт. Бірақ қайда қашып құтылады? Тек келесі жылы оқуға түсу ғана күтіп тұр. Оған дейін қой бақпақ. Іргесін аулақтатып жүрген Қақан сол қалпы көрінбейді. Тіпті шөп әкеп беретін өкіметтің өзі шөп әкелмейді. Арасында жаңа ғана әкелген жылқыға шөп салғанын көре қалып, «қойдың шөбін өз жылқыңа бердің» деп, Сансызбайды жазықсыз күйдіреді. Осының бәрін Жайлау жүрегіне түйіп жүреді.

Қойшының өмірі – қиын өмір. Ол өмірде саған ет жақыныңнан басқа жанашыр жоқ. Тіпті өз балаң да сенен қашады. Тек өзің ғана қаласың. Сансызбай сондай өмірге көндіккен адам. Ал Жайлау Сансызбайға айналғысы келмейді. Оның өмір жолын қайталағысы келмейді. Сол үшін де қорланады, сол үшін де оқығысы келеді.

Бағашар Тұрсынбайұлы