Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 31 Желтоқсан 2024

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына – 90 жыл

1

Ұлт руханиятының қасиетті қара шаңырағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының құрылғанына 2024 жылы 90 жыл толды

 1934 жылдан бері М.О. Әуезов институты қазақ әдебиеті мен өнерін, фольклорын жан-жақты зерттеу бағытында көптеген іргелі еңбектерді жүзеге асырып келеді. Олардың әрқайсысы әдеби жәдігерлеріміздің жарыққа шығып, халық игілігіне айналуына зор септігін тигізді. Осы орайда Институтымыздың қысқаша тарихына тоқталатын болсақ: 

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1934 жылы ашылып, тарих, археология, тіл, әдебиет және фольклорды, бейнелеу, музыка, театр, хореография өнерін зерттеумен айналысқан Қазақтың Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институтынан бастау алады. 1936 жылы КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының қазақ тілі мен әдебиеті және халық шығармашылығы секторы болып ашылды. 1941 жылдан бастап бұл сектор Тарих, тіл және әдебиет институты құрамына еніп, 1945 жылы Тіл және әдебиет институты болып қайта құрылды. 1961 жылы мамыр айында осы институт негізінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты болып жеке бөлініп шықты. Сол жылдың тамыз айында институтқа М.О.Әуезов есімі берілді. 1963 жылы қарашада институт құрамында М.О.Әуезовтің әдеби-мемориалды музейі мен жазушының мұрасын зерттейтін ғылыми бөлім ашылды.

1

Институтта әр жылдары М.О.Әуезов, З.А.Ахметов, Л.М.Әуезова, М.Базарбаев, И.Х.Ғабдиров, М.Ғабдуллин, Ә.Ж.Дербісәлин, Ы.Т.Дүйсенбаев, М.Т.Дүйсенов, Б.Г.Ерзакович, М.Жармұхамедұлы, А.Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қ.Қаратаев, Б.Құндақбаев, Ә.Қ.Нарымбетов, Е.В.Лизунова, Ш.Қ.Сәтбаева, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, Ә.Тәжібаев, Е.С.Ысмайылов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Шәріпов және т.б. аса көрнекті ғылым, әдебиет және мәдениет қайраткерлері жұмыс істеді.

Ғылыми зерттеу институты әдебиеттану, фольклортану және өнертану салалары бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын еліміздің басты ғылым ордасы ретінде қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда Институт ғалымдары рухани мәдениеттің даму тарихы, бүгінгі көркемдік процестер, дәстүр және заманауи үрдістердің өзекті мәселелерін зерттеуге арналған гранттық жобаларды, нысаналы бағдарламалар мен іргелі ғылыми зерттеулерді іске асыруда.

Ұжым еліміздің рухани дамуындағы маңызды стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған зерттеулерді орындайды. Оның айқын нәтижесі ретінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әр жылдары жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзі», М.О.Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық толық жинағы, жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер», он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», сегіз томдық «Қазақ музыкасының антологиясы», үш томдық «Әлемдік фольклортану», үш томдық «Әлемдік әдебиеттану», үш томдық «Қазақ өнерінің тарихы», 34 томдық «Классикалық зерттеулер», бес томдық «Ұлы дала тұлғалары» сынды сериялық басылымдарды атауға болады.

Кейінгі жылдары Институт ғалымдары «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» бағдарламасы аясында он томдық «Дала фольклорының антологиясы», екі томдық «Ұлы даланың көне сарындары», үш томдық «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» басылымдарын заман талабына сай кітаби, цифрлық және аудио форматтарда жарыққа шығарып, қоғамның рухани сұранысын өтеуде жаңа сатыға көтерілді. Республикадағы бірден-бір академиялық орталық ретіндегі ғылыми әлеуетінің арқасында ұжым Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларының академиялық толық жинақтарын дәстүрлі сериялық басылымға айналдырды. Қазақ мәдениетін өскелең ұрпаққа насихаттау, қоғамдық сананы жаңғырту үдерістеріндегі ұлттық тәрбие мен білімнің көзі ретінде бұл аталған еңбектердің барлығы да кең қолданысқа еніп үлгерді.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы 2024 жылы қазақ әдебиеттану, өнертану, фольклортану салаларының өзекті мәселелерін зерттеу бағытында бірқатар зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Осы жылы атқарылған жұмыстарды айтатын болсақ:

o 2 нысаналы бағдарлама;

o 11 гранттық жоба;

o 1 іргелі ғылыми зерттеу жүзеге асты.

Осы жұмыстардың негізінде:

• 18 ұжымдық монография;

• 5 халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы;

• Қаныш Имантайұлы шығармаларының академиялық толық жинағы (Қ.Сәтбаев университетімен бірлескен жоба аясында) жарыққа шықты.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 90 жылдық мерейтойына орай Астана қаласындағы күндері аясында 19 желтоқсан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Қазақ ұлттық өнер университеттерінде бірлескен шаралар өткізілді. 20 желтоқсан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ МЕН ӨНЕРТАНУ: ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ЗАМАНУИ ІЗДЕНІСТЕР» атты салтанатты жиын өтті. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар, оқытушылар және қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ Институтқа қарасты «М.О. Әуезов музей-үйінің» жылжымалы көрмесі арнайы Астана қаласына апарылып, жұртшылыққа таныстырылды.

1

Астана қаласында өткен жиыннан кейін 25 желтоқсанда Алматы қаласында Ұлттық кітапханада Институттың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, еліміздегі ЖОО-ның басшыларының құттықтау хаттары оқылып, кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Астана мен Алматы қалаларында өткен жиында:

• «Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев шығармаларының академиялық толық жинағы»;

• «Фольклор және қоғамдық сана»;

• «ХХІ ғасыр әдебиеттануы: терминдер сөздігі»;

• «М.О.Әуезов шығармашылығын мәдениеттер диалогы аясында зерттеу»;

• «Абай мұрасындағы ұлттық және жалпыадамзаттық: уақыт пен кеңістіктегі рухани транзит»;

• «Қазақ постфольклоры»;

• «Түркі халықтары қаһармандық эпосының салыстырмалы типологиясы»;

• «Балалар әдебиетінің пәнаралық аспектілері»;

• «Алаш қайраткерлері және ұлттық фольклор»;

• «Алтын Орда дәуірі және қазақ фольклоры»;

• «Қазіргі поэзиядағы модификация: стиль, ырғақ, форма»;

• «Алпамыс батыр» жырының үш тілдегі нұсқасы»;

• «Қазақстандық өнертану ғылымы: посткеңестік дәуірді зерттеудің жаңа тәсілдері»;

• «Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы: уақыт еншісіндегі ғасырлар үні»;

• «Жаңа қазақ әдебиеті: дарынды жастардың шығармашылық жетістіктері»;

• «Орталық Азия әдебиеті: постотарлық эстетика және әдеби байланыстар;

• «Изобразительное искусство и архитектура Казахстана в период независимости: стиль эпохи и преемственность традиций;

• «Казахская тема в русской литературе: имагологический дискурс» атты ұжымдық монографиялардың:

• «Шериаздан Елеукенов және әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері»;

• «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы және музейді қалыптастырудағы Ләйлә Әуезованың тарихи рөлі»;

• «Қазіргі әдебиеттану, өнертану және фольклортанудың өзекті мәселелері;

• «Оразгүл Нұрмағамбетова және эпостану мәселелері» атты халықаралық конференция материалдарының тұсаукесер рәсімі өтті.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты алдағы уақытта да қазақ руханияты үшін қызмет ете бермек.

Нұр МАҒАЗБЕК

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы