МОБИЛЬДІ ТОП БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДЫ АРАЛАЙДЫ
«АУЫЛ АМАНАТЫ» жобасының мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған 40 күнге созылатын республикалық ақпараттық марафон аясында мобильді топтар облыс тұрғындарымен кездеседі.
Мобильді топ мүшелері 5 тамыз бен 12 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысының ауылдары мен ауылдық округтерінің тұрғындарына арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесулерін ұйымдастырады. Мобильді топ құрамында партия филиалдарының атқарушы хатшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бизнес-тренерлер бар.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында еліміздегі әрбір ауыл мен қаланың өндірісінің басым бағыттары айқындалып, географиялық ерекшеліктері, еңбек, қаржылық және басқа да ресурстары бойынша сандық деректер жинақталуда. Жиналған ақпарат жобалық кеңседе талданады, одан кейін ауылдық округтердің экономикалық мамандануына сәйкес тиісті әдістемелік көмек көрсетіледі.
«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон жалғасуда. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқатты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілді. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болады. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, тұрғындар ауыл шаруашылығы саласының мамандарынан да кеңес ала алады.
Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмыс кестесі:
Ақжайық ауданы: Алмалы, Ілбішін, Жаңабұлақ пен Бударин ауылдары;
Орал қаласы: Круглоозерное ауылы;
Бәйтерек ауданы: Переметное ауылы;
Тасқала ауданы: Ақтау, Тасқала ауылдары;
Казталов ауданы: Жалпақтал, Бостандық ауылдары;
Жәнібек ауданы: Күйгенкөл мен Ұзынкөл ауылдары;
Бөкейорда ауданы: Бисен, Ұялы ауылдары;
Жаңақала ауданы: Жаңақазан, Жаңақала ауылдары;
Теректі ауданы: Подстепное мен Теректі ауылдары;
Бөрлі ауданы: Бөрлі ауылы, Ақсай қаласы;
Шыңғырлау ауданы: Ащысай, Шыңғырлау, Ақбұлақ ауылдары;
Сырым ауданы: Алғабас, Жымпиты ауылдары;
Қаратөбе ауданы: Қоскөл, Егіндікөл ауылдары.