Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Могикандардың соңғы тұяғы Темір адамға айналды

Әлиев
Фото: facebook.com

Нұрәлі Әлиев 2016 жылы Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кеткенде «енді өзімнің сүйікті ісім – бизнеспен айналысам» деген.

Көп өтпей өзі бір кездері басқарған «Транстелеком» компаниясына қайта оралып, басқарма мүшесі, акционері болып жүріп Қаңтар оқиғасынан кейінгі «тазалауға» да ілікпей, 2025 жылдың басында аман-есен сатып құтылған. Енді жаңа бір «сүйікті іс» тапқан сияқты. 

Әкесі Рахат Әлиев түрмеде жатып қайтыс болған Аустрияда өзі туралы фильм түсірді. Анау-мынау емес, атақты IRONMAN AUSTRIA триатлонына қатысушы ретінде. Ішкі тәртібі қатал, рухы мықты, денсаулығы тастай – Темір адам ретінде.

Жалпы, кіші Әлиев соңғы кездері әлеуметтік желіде өте белсенді. Ол бұдан бұрын қасында ұлы Алан бар Францияда көзге түскен. Канн қаласындағы Knights of Charity (Қайырымдылық рыцарлары) қайырымдылық кешінде оның қасында тұрған баласын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаевпен шатастырып, бетіміз қызарған. Бетімізді қызартқан өзі блогер, өзі қоғамға «ашық» Әлиев болды. Ол отандастарына ренжи отырып түзету жасаған – «Таныс болыңыздар – ұлым Алан».

Одан бір ай уақыт өткенде тағы бір ұлын таныстырғысы келді ме екен, өзі туралы деректі фильмде кіші ұлы да жүр. Ол да спортқа бейім, әкесінің жетістігіне қуанып жүрген жас бала.

Жә, сонау 2001–2002 жылдары АҚШ-та оқып, одан соң Аустрияға келіп оқып, одан соң Қазақстанға келіп оқып, оқып жүріп қызмет істеген, жай істемеген, бірден бастық болған, компания президенті болған, компанияның негізін қалаған, банк саласы мен телевидениені және бизнесті қатар алып жүрген Super Men көп күттірмей Қазақстандағы ең жас мультимиллионер атанған.

Бір өзі бірнеше қызметті, бірнеше комиссияны қатар басқара беретін супер қабілет иесі әйелі Аида Әлиевамен бірге қайырымдылықпен айналысып, меценат болып та көрді. Бірақ соның бәріне қарамастан жақсы аты бір шықпай қойды. Оффшорға қатысы бар делінді, аты шулы LRT құрылысында басты фигурант ретінде аталды, «Транстелеком» акционері болып тұрған кезінде Қазақстандағы байланыс жүйесін монополиялауға тырысты деді, т.б. Басқасын былай қойғанда, Алматыда былтыр жер сілкінісі болғанда да кіші Әлиевті еске алуға тура келді – Алматының жер қозғалса қозғалмас мылқау сиренасын төтенше жағдайлар департаментіне осы Әлиевтің компаниясы сатқан болып шықты.

Енді, міне, еуропалық мәдениетке жетілген, сонау Қаңтар оқиғасынан кейін ақырындап Еуропаға жылыстап кеткен, 289 000 000 доллары (Forbes Kazakhstan 2025, мамыр) бар Қазақстанның 39-шы бай адамы «сүйікті ісінен» қолы босағанда қазақстандықтардың «мазасын» алып қоятын болып жүр. Сірә, бір күні болмаса бір күні қайта келіп қалсам, имиджім жақсара берсін дейтін болар. Бірақ әзірге ол мақсатына жете алмай жатқан сынды: оны өсірген, шексіз байлыққа кенелткен отаны оның жетістігін емес, қымбат виллалары мен зәулім сарайлары, қалтасында кеткен миллиардтары туралы айтып кетті.

Айтпақшы, Әлиев триатлонда да мақсатына жете алмады. 11 сағатта бағындырмақ болған екен, аздап кешігіп, 11 сағат 27 минут 46 секундта мәреден өтіпті. 15 жыл бұрын досы сыйлаған велосипедтен шабыт алып, осындай деңгейге жеткен дебютант-триатлоншы оған қыңа қоймаса керек. Алда әлі талай жетістік бар. Ең бастысы, ол қазір қауіпсіз жерде.

Біле жүріңіз, Темір адам осындай болады. Өзге Назарбаевтардай емес, бойын жасырып, байлығын тығып әуре болмайтын нағыз рыцарь. Могикандардың соңғы тұяғы деуге лайық.

Олжас Сламжан