Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:45

Молаға айналған ауыл немесе Нарын қасіреті не үшін айтылмайды?

мақта
Фото: ктк

Жол жиегінде шашылып жатқан ақ мақта түрлі ойларға жетелейді. Мырзашөл өңірін игеру үшін, осынау техникалық дақылды егу үшін қаншама адам қасірет шекті емес пе?!

 Иә, әспеттелуі әдемі болғанымен соңғы жылдары сұраныс болмай, бағасы тым құнсызданып кеткен бұл өнімді көптеп егу үшін бір кездері батыс өңірінен екі ауылды мәжбүрлеп көшіріп әкелген. Нарынның нәрлі ауасына үйренген адамдар Мырзашөлдің ми қайнатар аптап ыстығына шыдамай, қырылғанын бүгінгі ұрпақ білер ме екен? Білмесе, айтайық.

Ақиқат қалай ашылды?

Жетісай қаласының оңтүстік беткейіндегі он шақты шақырым жерде Жаңа ауыл деген ауыл бар. Кешегі күнге дейін Тельман ұжымшарына қараған ауыл тәуелсіздік алған жылдары жаңаша атауға ие болды. Тіпті оған дейін нақты атауы болмай, сол төңіректегі басқа ауылдар сияқты «бесінші», «сегізінші», «оныншы» деген сияқты цифрлармен аталған кездері де болған. Сырттан келіп, суы мен ауа райына үйренісе алмай, адамдардың жаппай қырылатыны да осы бір цифрланып тұрған «цивилизация» жылдарына тұспа-тұс келеді.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін белгісіздеу болып келген бұл «жұмбақ» жағдай егер Орал қаласынан арнайы делегация келіп, бір кездері жаппай ажал құшқан ағайындарының басын қарайтамыз демегенде бұдан кейін де жабулы күйінде қалып кетуі әбден мүмкін еді. Тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып, індетіп іздеп жүрген тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, кезінде депортацияға ұшыраған халықтар арасында, әсіресе қазақтардың онша іздеуі болмаған. «Тың жерлерді игеру үшін жер аударылып келген халықтар жайлы сөз болғанда біз көбіне басқа ұлт өкілдерін айтумен ғана шектелеміз. Шын мәнінде, бұл қасіретті қазақтар да аз тартпаған. Мысалы, Мырзашөл өңірін игеру үшін Батыс Қазақстан облысынан 1805 адамды осында көшіріп әкелгенін көп адам біле бермейді. Бұл туралы айтуға кезінде тыйым салған. Мен мұны қайдан білдім? Әкем Сансызбай 2006 жылы 66 жасында қайтыс болды. Әкемнің қоңыр былғары чемоданы болатын. Көзден таса ұстайтын сол чемоданды әкем қайтыс болғаннан кейін ашып көрдік. Ескінің көзіндей болған құнды жәдігерлер мен басқа да сарғайған қағаздар бар екен. Қалың көк дәптер көзіме оттай басылды. Әкемнің Қадиш Иманғалиев деген жездесі бар еді, сол кісінің жазғандары екен. Көз жүгіртіп көрсем, тұнып тұрған тарих! Тіпті біз білмейтін жағдайларды ай-күніне дейін анық етіп, адамдардың аты-жөнін де тайға таңба басқандай жазыпты. Елу шумақ өлеңде сол күндердің ақиқаты анық та нақты көрсетілген екен».

Мұрағаттағы мәлімет

Өзі тарихшы болған соң бұл дерек Бақтылы Сансызбайқызының зерттеу тақырыбына арқау болып, мұрағаттарды ақтарып, іздене бастайды. Осылайша, әкесінің қоңыр чемоданында жарты ғасырдан бері сақталып келген тың деректер мұрағат құжаттарымен нақтыланып, тарихтың ақтаңдақ беттері ашыла бастайды. Иә, 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Бөкей орда халқын тағы бір қасірет күтіп тұрды. Бұл қасірет – Бөкей даласының «Капустин Яр» әскери сынақ алаңына айналуы еді. КСРО министрлер кеңесінің 1951 жылғы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері әскери полигон иелігіне беріледі.

Таратылған ауданнан Оңтүстік Қазақстан облысына – 3, Гурьев облысына – 9, облыстың ішкі Чапаев ауданына – 5, Тайпақ ауданына – 1, Жаңақала ауданына – 2, Жәнібек ауданына – 10, барлығы 30 колхоз шаруашылығы, сондай-ақ Орда ауданымен іргелес жатқан Жаңақала ауданының бірқатар колхоздары, атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысына – 2, Гурьев облысына – 4, облыстың ішкі Жымпиты ауданына – 2, Чапаев ауданына – 3, Бөрлі ауданына – 1 колхоз шаруашылығы көшіріліп, халық республикалық ішкі депортацияға ұшырады.

Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, 1952 жылдың шілде айында Сайхын стансасынан Орда ауданының Интернационал, Каганович, Калинин атындағы үш колхозы және Алғай стансасынан Жаңақала ауданының Сарыөзен және Ленин атындағы екі колхозы – барлығы 5 колхоздан 336 отбасы, 1805 адам тауар тиейтін пойызға отырғызылып, Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай аймағына еріксіз қоныс аударылады. «Жаңадан игеріліп жатқан Жетісай мұндай көп адамды қабылдауға дайын емес екен. Яғни тұрғын үйдің, медициналық көмектің болмауы, азық-түліктің жетіспеуі салдарынан ел ішінде эпидемиялық індет тарап, жұрт жаппай асқазан-ішек ауруына ұшырап, қарттар мен жас балалар қынадай қырылады. Депортацияға ұшыраған адамдардың арасында сол кезде он бес жастағы бозбала, кейіннен белгілі ақынға айналған Қайрат Жұмағалиев те болған. Жас ақынның «Күйіп тұрған ыстыққа жұрт шыдамай, оңтүстіктің ауа райы ұнамай, әр күн сайын төрт-бес адам өледі, ордалықтар қырылды ғой қынадай» деген өлең жолдары құймақұлақ адамдардың жаттауымен бүгінге жетіп отыр. Сол өлеңде айтылған адамдардың моласы бүгінде ауыл іргесінде кішкентай-кішкентай төмпешік болып жатыр. Сірә, күн сайын бес-алты адам өле берген соң, адамдарды арулап көмуге де мұршасы болмағаны ғой», – дейді Бақтылы апамыз.

Жанайқайға құлақ асқан жан болмаған

Жетісайдан Гагаринге қарай баратын күре жолдың бойында сонадайдан көз тартып «Сапаралы ата» қорымы жатыр. Қасына таяу бармаған адам ол қойымдықтың соншалықты үлкен екенін байқамайды. Батыстан келіп бақилық болған қаншама адамның мәңгілік мекеніне айналған қойымдыққа таяуда біз де бардық. Ат шаптырым жердегі жатаған төбешіктердің көптігі сонша, сырт көзге құдды бір ауыл тұтас шөгіп кеткендей әсер қалдырады. Нарын қасіретін зерттеп жүрген Бақтылы апамыздың айтуынша, бұл жерде қанша адам жерленгені туралы да нақты дерек жоқ. «Облыстық және республикалық архивтерден алынған мәліметтерде қанша адамның қоныс аударғаны көрсетілгенімен, олардың кейін қаншасы қайтып кеткені туралы дерек жоқ. Көнекөз қариялардың айтуынша, мың сегіз жүз адамның он-он бес пайызы алғашқы айларда-ақ қайтыс болған. Мұны архивтен табылған құжаттар да растайды. 1952 жылы колхозшылардың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж. Шаяхметовке, 1953 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық қоныс аудару бөлімінің бастығы Х. Якубовке жазған арызының түпнұсқасы табылды. Онда: «Батысқазақстандық отбасылар оңтүстікке экономиканың және ауа райының қолайсыз жағдайында келгендіктен балалар арасында қызылша, өкпенің қабынуы, т.б. жұқпалы аурулар кең таралып, нәтижесінде 38 бала мерт болды. 133 отбасының 47-сі ғана өздеріне үй тұрғызды. 12-сі жертөледе, қалған бірнеше отбасы біріктіріліп, 1951 жылғы салынған үйлерге орналастырылды. Батыс Қазақстан облысынан келген колхозшылардың материалдық жағдайы ауыр. Өйткені олар бізге қоныс аударылып келгенге дейін 6 ай бойы еңбеккүндерінің ақысын өздерінің бұрынғы колхоздарына берешектері үшін төлеп келген» деп көрсеткен. Бұл жерде тек қайтыс болған балалар туралы айтылады. Шын мәнінде, денсаулығы сыр берген қариялар да аз болмаған. Орал өңірінен 336 отбасының көшіп келгені туралы нақты дерек бар. Ал кейінгі көрсеткіште 133 отбасы деп жазады. Демек өлгендердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал».

Ескерткіш тақта орнатылды

Бақтылы Боранбаева бұл тақырыпты тереңірек зерттеу үшін өткен жылы Жетісайға арнайы келеді. Аталған ауылда болып, көне қорымға зиярат етеді. Оңтүстік өңірдегі мұрағаттарды ақтарып, көптен бері қозғаусыз жатқан құжаттармен танысады. Нәтижесінде «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы / Военный полигон «Капустин Яр»: депортация казахов» (Астана, Фолиант. 2024) деген кітап шығарады. Жыл бойы жемісті жұмыс істеген ол биыл қасына «Нарын қасіреті» қоғамдық қорының төрағасы Хайролла Сабировты, Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасының этносаясат және азаматтық қоғамды дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметовты және «Қазақстан-Ақжайық» телеарнасының тілшісі Әділбек Исақовты арнайы ертіп, өңірге тағы келді. «Түркістанға тәу етіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тарихшы-ғалымдармен, студенттермен кездесіп, кітаптың тұсауын кестік. Біздің ғылыми-зерттеу жұмысымыздың желісінде түсірілген «Ордадағы ойран: Қазақ депортациясы» атты тарихи-танымдық фильмінен үзінді көрсетілді. Ертеңіне Жетісайға келіп, «Сапаралы ата» қорымындағы 1952 жылы құрбан болған балалар зиратының басына ескерткіш тақтатас қойылды. Аруақтарға Құран бағышталып, ас берілді. Содан кейін сол ауылдағы Қ.А.Ясауи атындағы мектепте өткізілген кездесуге қатыстық. Баспадан жаңа шыққан кітабымызбен бірге Бөкей орда ауданының энциоклопедиясын мектептің кітапханасына тарту еттік. Өйткені бұл мектепте 1952 жылы Бөкей ордадан еріксіз көшірілгендердің бірі, сол кезде 12 жаста болған белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев оқыған екен. Оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өмір дерегінен естеліктер айтты», – деді Б.Боранбаева.

Көзі тірі куәгерлер

Иә, архив деректерінде жазылмаған кейбір тарихи шындықты куәгерлердің естеліктері арқылы білуге болады. Бақтылы Боранбаеваның кітабында қасіретті күндердің көзі тірі куәгерлерінің де пікірі берілген. Айталық, бүгінде алтысы кем жүзге толып отырған Ақлима Баянтасова әжейдің айтуынша, олар Оралдан Жетісайға шіліңгір шілдеде темір вогондармен жиырма күн жүріп жеткен екен. «Темір вогондарды құдды бүгінгі духовка деуге болады. Қапырық ыстыққа шыдамай жолда қайтыс болғандар да бар. Біз жиырма күн жол жүріп, Жетісайға жеттік. Жолда пойыз тоқтаған кезді пайдаланып, жер ошаққа шай қайнатқан боламыз. Ол қайнаймын дегенше «пойыз жүреді, мініңдер» деген бұйрық келеді. Үлкендер жағы шала қайнаған шайды ішіп, жан шақырған болады. Әупіріммен келсек, мұнда бізді күтіп отырған ешкім жоқ. Көшіретін кезде «Нарынның құмында қашанғы отырасыңдар, біз сендерді жері құнарлы, шыбық қадасаң шынар өсетін, әр қадам сайын қауын-қарбызы дөңгелеп жатқан жаннат мекенге апарамыз» деген болатын. Қайдағы жаннат, қайта нағыз тозаққа келгендей болдық. Күн ыстық. Қапырық. Ашық аспан астында жер қазып, тас соғып жатқан бір отбасының уақытша салған лашық үйінің көлеңкесінде отырдық. Арықтың суына шөлің қанбайды. Суды қайнатып ішуге отын жоқ. Алыстан шөп-шалам бірдемелерді арқалап әкеліп, от жаққан боламыз. Оның күлі қазандағы суға түседі. Ер-азаматтарымыз малдарын тапсырып, артымыздан 15 күннен кейін келді. Жертөле қазып паналадық. Жұрт сияқты үй салайық деп тас соқтық. Сөйтіп жүргенде екі баладан да айырылдық. Енем байғұс таңертеңгі сағыммен алыстан көрінетін үйінді биік топырақтарды көріп, Орданың бұйра құмдары көрініп тұр деп қуанатын еді. Туған жерімізді түсімізде көріп, сағынып жүрдік. Шырағым-ай, біз өлген жоқпыз, басқасының бәрін көрдік. Соғыс кезіндегі қиындықтан гөрі ел-жұрттан айырылғандағы осы қиындық ұмытылмайды екен» деген 94 жастағы кейуананың жан күйзелісі жүректі сыздатады.

Сол күнгі іс-шараға 86 жастағы Ләтипа апаны қызы Шебер ертіп келді. 1952 жылы 12 жасында көшірілген Ләтипа бойжетіп, Ұлықбек Құдайбергенов есімді жергілікті жердің жігітіне тұрмысқа шыққан соң, анасы Қызжібек «қызымды жалғыз тастап қайда кетемін, мен де осында қаламын» деген көрінеді. Оның үстіне Ләтипаға дейінгі екі перзенті осында келген соң шетінеп кетіп, Қызжібек апаның көшпен бірге қайта кетіп қалмауына ол да себеп болған шығар.

Бүгінде Ләтипа апа Жетісайдағы Ш.Ділдәбеков ауылында тұрады. Оралдан төркіні іздеп келген оның қуанышында шек жоқ. Бақтылы апа бастаған қонақтар Ләтипа апаға құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына камзол кигізіп, жаулық тартты. «Ләтипа апамен өткен жылы келгенімде таныстым дейді Бақтылы Сансызбайқызы: «Сондай-ақ Бөке йорда ауданы Қосшы ауылынан 1953 жылы қоныс аударылып, бүгінде Жаңа дәуір ауылында тұратын Амантай Хамзин ағамен және Қабдолкәрім Дігәровтің ұрпақтарымен кездестім. Қабдолкәрім ағаның келіні Айбаршын Жаһаншақызының айтуынша, енесі көзі кеткенше өз ауылын аңсап өтіпті. «Енем Нұрғанымның «Үстіме кидім көйлек шақ болған соң, айырылып қайран елден келгеннен соң, бауырдың бәрінен де пәк болған соң» деп үнемі айтатын әні мен сыңсыған даусы жадымда қалды. 1952 жылы Орал жақта қалып қойған енемнің екі бауыры 1986 жылы іздеп келіп, олар жылап, табысқан еді. Содан бері батыс өңіріндегі енемнің бауырларымен қатынасып тұрамыз», – дегенін айтты.

Айтылмаған ащы шындық

Елімізге белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің естелігінде де қасіретті күндердің ізі жатыр. «Жетісайға дейін 17 күн жүрдік. Ауа райы қоңыржай, жерасты ылғалынан сүзіліп шыққан құдықтың салқын суына үйренген біздер мында келіп еріксіз арықтың суын іштік. Осыдан іш ауру пайда болып, әсіресе балалар қынадай қырылды. Өлімнің көптігі соншалық, адамдар бір-біріне көңіл айтудан қалады екен. Заң қатты, ешкімді себепсіз жұмыстан босатпайды, өліктерді жерлеудің өзі сын болды ғой. Өлікті жерлейтін адам жоқ. Қандай қасірет еді! Осылай ауылдың шетінде айналасы ат шаптырым қорым-зират пайда болды. Тағы бір сұмдықты айтайын: біздің бәрімізде паспорт жоқ, құжатымызды жинап алған. Адам санатында емеспіз. Төлқұжат жоқ. Қайда барамыз? Қашқандардың өзі малын қорасына байлап, от жағып қойып, ешкімге білдірмей айлы түнде соқа бастарын алып, кетіп жатты. Шіркін, осының бәрін кезінде айта алмадым!» деген екен.

Міне, осылайша көп жылдан бері айтылмай келген тарихтың құпия сырлары енді ғана айтыла бастады. Онда табандылықпен ізденіп жүрген тарихшы-ғалым Бақтылы Боранбаеваның зор үлесі бар. Өз кезегінде ол бұл бастаманы құптап, қал-қадірінше қолдау білдірген Батыс Қазақстан мен Түркістан облысының және Жетісай ауданының әкімдігіне алғыс айтады. Сонымен бірге, тарихтың қатпарлы тұстарын ашып, тың деректермен байытқан мұрағат қызметкерлері мен оған қолдау білдірген «Нарын қасіреті» қоғамдық қорының мүшелеріне және Жетісайдағы жергілікті ардагерлер мен ел ағаларына да алғыс айтсақ артық болмас. Иә, бұл да біздің бүгінге дейін беймәлім болып келген қасіретті күндеріміздің бірі болып саналады. Мұны өскелең жастар біле жүргені жөн.

Аманбек ЖАЙЫМБЕТ

журналист

Тегтер: