Мөлдір Айтбай: Сенсіз, күннің шуағы да ызғарлы...

Жібер мені
Түсініп бағым өзге екендігін,
Сезіліп жүр жаныма бөтендігің.
Сондықтан өкпелеме, ренжіме,
Мен сенен, кетем бүгін!
Кетем бүгін, қайтадан оралмаймын,
Безінбеймін, қашпаймын, жоғалмаймын.
Сүйетініңді білем, бірақ жаным,
Сенікі бола алмаймын.
«Біз» дегенге бір нүкте қоярдаймыз,
Сағынып енді құшақ жая алмаймыз.
Ортақ көрпе жамылып ұйықтамаймыз,
Тартысып оянбаймыз.
Бірге өткен шақ білемін тәтті екенін,
Мен шығар бәлкім сенің бақ мекенің.
Мен кетем, міне кілтің,
Тарақ, көйлек,
Иісімді де үйіңнен ап кетемін.
Ұмыт бәрін, ағын да, қарасын да,
Түн ішінде мені іздеп аласұрма.
Гүлді көрсең үзбегей маған арнап,
Жайқалсын даласында.
Шалма маған қоңырау, хат та жазба,
Жан дертіңді ақтарма ақ қағазға.
Іздеп келме үйге де, жұмысқа да,
Қарғама, ашуланба, ұрыспа да.
Тағдыр шығар аз күнге теңестірген,
Кездесу мен қоштасу тең естілген.
Менсіз де өмір жалғасар, босат мені,
Тыныс алу құралы емеспін мен.
Бірі едің ғой мықтының, төзімдінің,
Кеудеңді өртеп бара ма, сезім бүгін.
Терең демал, мені мүлде жоқ деп ойла,
Менсіз ауа жұтып көр, көзіңді жұм.
Ұнамайды жігіттің түнергені,
Көз жасқа ерік беріп жібергені.
Егер сүйсең, бақытты болсын десең,
Жәй ғана жібер мені.
***
Сен білсең ғой
Сен білсең ғой!
Ол қыздың қалай сағынатынын,
Берместен бір сәт жанына тыным.
Сен барда гүлдей қауызын ашып,
Сен жоқта қалай қамығатынын.
Сен білсең ғой
Ол қыздың қалай егілетінін,
Көзінен жасы төгілетінін.
Сен жоқта бұлттай қабаған түйіп,
Сен барда күндей көрінетінін.
Сен білсең ғой
Сен барда қалай әзілдейтінін,
Сен жоқта «бітті жазым» дейтінін.
Әр кеште «қазір сен кеп қалар» деп,
Дәмді кешкі асын әзірлейтінін.
Сен білсең ғой
Сен жоқта күздей солатындығын,
Тынбай қоңырау шалатындығын.
Жанында қалған жалғыздығынан,
Жүрегі қалай тоңатындығын.
Сен білсең ғой
Күндерді күтіп өткеретінін,
Түсінде сені көп көретінін.
Кеудесі сыздап ауыратынын,
Түнді енді мүлде жек көретінін,
Сен білсең ғой…
Ғашық болу
Ғашық болу – мен жеңілу, сен ұту!
Жүректегі қатқан мұзды еріту,
Ескермейтін есер жанға еліту,
Ессіздікпен өзіңді өзің кеміту...
Ғашық болу – сағым жеңу сабырды.
Табалдырық айырбастау тағыңды.
Сор орманмен шатастыру бағыңды,
Қиялыңнан құлдырау ғой кәдімгі.
Ғашық болу – баяғы арман, бағзы үміт.
Ақталу мен алаңдату, наз, күдік.
Күз мұңыңды еркелету жаз күліп,
Сүю деген – көп сағыну аз жүріп...
Ғашық болу – естен тану хабарсыз,
Өмір сүру, өлең туу алаңсыз.
Сізде осылай сүйе алсаңыз, нанарсыз!?
Сосын оны көре беру жанарсыз...
Ғашық болу – ақ жүзіңді жас шарпу,
Батырлықты жерге таптау, жасқанту.
Бір кеуденің саңылауын табам деп,
Мың жүректің қақпасынан бас тарту...
***
Апат
(Әлемдегі «ерлердің жыныс ауыстыру» дерті туралы)
Ғылым әуре санымен ғаламшардың,
Үлкейткішпен ұлғайтып жанар сал мың.
Он сегіз мың ғаламды жаратты Алла,
Екі-ақ әлем ішінде адамшардың!
Соның бірі әйелдер адамшары,
Сол әлемге тәуелді адам саны.
Ол алғашқы әлемнің серті, дерті,
Сәні, мәні, сәулесі, жан аңсары!
Құдай өзі жасаған ең әуелі,
Адамшардың тірегі – ер әлемі!
Қабырғасын суырып екінші әлем,
Сұрап алған, қадірі жоғары еді!
Бір-бірінің тынысын тартып ыстық,
Бір-біріне сыйлайтын жан тыныштық.
Қос әлемдік тұтылу орнағанда,
Сезілмейтін, қайғы-мұң, салқын, ыстық!
Біреуі дән егеді еміреніп,
Бірі ғұмыр береді тебіреніп.
Жаратушы Құдай мен пайғамбарлар,
«Қуанады» дейді ғой соны көріп!
Біздің жақтан іздей ме жетпегенін?
Дәлелдеуге жүр ме екен от келерін.
Түрі бізге ұқсайтын, әлемі жат,
Өзге ғаламшарлықтар көп көремін!
Әйел дегім келеді-ақ, жатыры жоқ,
Еркек дегім келеді-ақ, батылы жоқ.
Хайуан дегім келеді-ақ, адамшардан…
Адам дегім келеді-ақ, ақылы жоқ!
Көңілімде ойнатып күздік әуен,
Қорқынышты мың лағнет, жүз күнәмен.
Сіздер жақтан келімсек келгіштердей,
Құрып бара жатқан жоқ біздің әлем!
Екі әлемнің заңдылық түйісуі,
Екі әлемнің заңдылық сүйісуі.
Екі әлемнің тым алыс екі ортасы,
Екі әлемнің тым жақын үйі, шуы.
Жер мен көктің шарпитын екі арасын,
Отты ойласам, жылаймын жеке басым.
Жаратқан сызып қойған екі әлемнің,
Қорғап қала алсақ…
Шіркін!
Шекарасын.
САҒЫНЫШ
Сен кеткенде жылағам жүрек қанап,
Енді маған кім сендей тірек болад.
Жылдар өте жазылар жарам деп ем,
Сыздағаны күн сайын үдеп барад.
Гүлің едім бүр ашып жетілмеген,
Маңдайымда жазу бар «жетім» деген.
Кейде айнаға қарасам жанарымнан,
Сенің нұрлы көзіңнің отын көрем.
Адамдардан қайтып жүр жиі бетім,
Кешкен сайын тірліктің құйын, отын…
Əкем болса… деймін де аңсап кетем,
Қабағыңды мейіріммен түйілетін.
Мен еркемін, əлі де өзгермедім,
Есіңде ме, қабіріңде сөз бергенім.
«Шашыңның бұйрасы да Əбекеңе,
тартыпты» деп жатады көз көргенің.
Қасіретін жалғызың күзге көмді,
Қорғаным жоқ, қариды мұз денемді.
Қатарымнан ерте өстім, мынау халық,
Айтпасын деп «əкесіз қыз» дегенді.
Тағдырыма табылмай кінəлі адам,
Бір дос жетпей тұрады мына маған.
Иығыңа басымды тірегендей,
Көктасыңды құшақтап жылап алам.
Сені əкеткен тағдырдың барымтасын,
Алла əділ, қайтарар қарымтасын.
«Бағың жансын» деп жүріп бақи болдың,
Енді Тəңір алдыңнан жарылқасын.
Бұзып бара алмаған соң бекіністі,
Сағыныштың жанымды оты қысты.
Қатты жақсы көремін, əке, сені,
Өлгеннен соң айтқаным, өкінішті!
Отыз
Алқызыл далабы, қоңырқай қызарып,
Балауса етегі, тізеден ұзарып.
Көңілден гүл алып, өмірден мұз алып,
Отызға толады ол орданы бұза алып…
Абайлап басады, арай ғып маңайды,
Студент жігіт те қызыға қарайды.
Отызда он сегіз жүр әлі кете алмай,
Алайда «аға» дей алмайды ағайды.
Қырық та, елу де біртүрлі замандас.
Базардың ортасы бәрімен амандас.
Көзәйнек шешілген, бетперде киілген.
Тек жанар он бесте, өзгермес ақ алмас.
Ашу да, өкпе де жағдай қалыпты,
Еркелік жарасар, құрсаң да сауықты.
Айланың астынан көретін анықты,
Отызға кеп қалған әйелдер қауіпті!
Ол әлі жас, сұлу, қылықты, әдемі,
Бетіне түспеген әжімнің дәлелі.
Кеудеде мың ойнап үзілген әуені,
Әккі һәм ақылды, құпия әлемі.
Тізеде тыртық бар, себебі құлаған,
Жүректе жара бар, себебі жылаған.
Жерінген, ұнатқан, жетпеген, ұнаған,
Мың адам дос болып, қалмаған бір адам.
О баста өмірге періште боп келген,
Бұлттармен жарысып, гүл терген көктемнен.
Мөп-мөлдір пейілін шайқайтын от көрген.
Қанаты қырқылған өгейлік өткеннен.
Өмірді сүйеді, жайылып құшағы,
Сүреңсіз сәттерде сәбиін құшады.
Он бесте періште қанатын қаққан қыз.
Отызда сыпырғыш мінсе де,
Ұшады!
Шақыр
Байқамай шалынып, құлап қалсаң да,
Біреуді сағынып жылап қалсаң да!
Ең жұмбақ сырыңмен бөліскің келсе де,
Ең жақын адаммен көріскің келсе де!
Шақыр мені!
Ең адал махаббат сезінгің келсе де,
Ең ыстық адамнан безінгің келсе де!
Ең биік нүктеде самғағың келсе де,
Ең қиын шешімді таңдадың келсе де,
Шақыр мені!
Ең ұзақ сапарға аттанарда да,
Ең ұзын шығарма жаттағанда да,
Ең ауыр жүгіңнен шаршағанда да,
Ең сұлу даусыңмен ән саларда да,
Шақыр мені!
Ең алғаш жүрекпен сүйгің келсе де,
Ең соңғы жүрекпен күйгің келсе де,
Ең ащы көзіңнен жас тамарда да,
Ең тәтті бақытың басталарда да,
Шақыр мені!
Ең дұрыс адам боп жетілген де,
Ең қате қадамға өкінгенде де,
Ең қатты құмартқан тәтті өмірге де,
Ең қатты қорыққан сәттеріңде де,
Шақыр мені!
Ең сұлу айға тамсанғың келсе де,
Ең жарық күнді қарсы алғың келсе де,
Ең үнсіз жолмен сыр ұқтырғың келсе де,
Ең сырбаз жігітті күттіргің келсе де,
Шақыр мені!
Адамдар жайында ойланғың келсе де,
Бақыттан мас болып айналғың келсе де,
Ең ұлы мереке тойлағың келсе де,
Ең тәтті бала боп ойнағың келсе де,
Шақыр мені!
Мұхиттар кешіп кеп тау аттасам да,
Ақ дауыл боран бет қаратпаса да,
Ұйықтап жатсам да барамын,
Мұны жұрт аналық сезім дейді екен,
Өйткені жүрегі ананың,
Көз ілмейді екен!
Жоқ мендей дос саған,
Шақыр, шақыр, шақыр мен келем қызым,
Қабірден басқадан,
Келетін жол табам сөз берем қызым!
Уақыт емдемейді
Бақ бесігі тербемегенде,
Жақыныңды жерге бергенде.
Досың шалып орға құлатып,
Шығамын деп өрмелегенде,
Ауыр, жаның ауырады.
Тізең сыздап солқылдағанда,
Өкпең қысып алқымдағанда.
Қан қысымың көтеріліп кеп,
Миға қарай толқындағанда,
Ауыр, жаның ауырады.
Айлаң жетпей ойлы дұшпанға,
Аяқ асты қайғы құшқанда.
«Кетпе» деуге көкірек төзбей,
Сүйгеніңмен айрылысқанда,
Ауыр, жаның ауырады.
Басыңа үлкен сынақ түскенде,
Биігіңнен құлап түскенде.
Күліп мінген баспалдағыңнан,
Дымың құрып, жылап түскенде,
Ауыр, жаның ауырады.
Жазықсыз ғып жауыздарыңды,
Қолбала ғып нағыз дарынды.
Бір кем дүние, қайтара алмасаң,
Жаға жыртқан қарыздарыңды,
Ауыр, жаның ауырады.
Дым көрсетпес темір айналар,
Мұңсыздықтан жеңіл ойланар.
Дауа сынды небір айла бар,
Бұл дерттердің емі қайда бар?
Тереземнен кептер кіреді,
Әлем – әсем, көктем күледі.
«Уақыт емші» дейді даналар,
Ол айтқаны-өткен күн еді.
Уақыт емдемейді,
Уақыт емдемейді,
Уақыт емдемейді!
Тек, көндіреді...
Құдайға хат
Я Алла, аса қамқор, мейірімді,
Ақиқатпен аша гөр зейінімді.
Айналама шашайын айдай сәуле,
Адалдыққа толтыршы пейілімді.
Иесі он сегіз мың ғаламдардың,
Жаратқаны жындар мен адамдардың.
Жанына жақын еткей жақсылардың,
Қашық қыл кесірінен жамандардың!
Я Мінсіз Жаратушы Рахымды,
Асыл ет мінезім мен мұратымды.
Еліме бейбітшілік тілеймін мен,
Аулақ ет су мен оттай сұрапылды.
Әл Ғаффар, жалғыз ғана Жаратушым,
Пендеге сый-несібе таратушым.
Бергеніңе етеміз сансыз шүкір,
Күштерден сақта бізді қара-тылсым.
Әл Бари, аман етші сәбиімді,
Берекеңе толтыршы бар үйіңді.
Қадір түнін көрсеттің, сансыз мадақ,
Бергеніңнен басыма бақ үйілді.
Әл Малик, ғұмырлы етші ата-анамды,
Қабыл етші ол айтқан баталарды.
Отбасына қамқоршы болатындай,
Қайратты, ақылды етші отағамды.
Әр Рахим, құтқар бізді қарыздардан,
Жалған жала, ғайбат пен арыздардан.
Жеті ұрпағым сау болып, сені ойласын,
Сақ болсын сені ұмытқан жауыздардан.
Әл Азиз, түгел етші туысымды,
Мол етші несібемді, ырысымды.
Қайырлы ет әрбір басқан қадамымды,
Жемісті ет жасап жүрген жұмысымды.
Әл Жаббар, жалғыздарға жар бере гөр,
Билік пен басшыларға ар бере гөр.
Тілеген аналарға перзент сыйла,
Тарыққан адамдарға нан бере гөр.
Әл Карим, тату болсын аразымыз,
Сауапқа толсын амал таразымыз.
Анам мен бауырларым бірге тұрып,
Меккеде оқылса екен намазымыз.
Әл Ғафур, кешір біздің күнәмізді,
Қабыл ет Қадір түнгі дұғамызды.
Сен бергеннен артығын ала алмаймыз,
Салихалы ұрпақ қыл мұрамызды.
Әл Хаким, қуатты етші дінімізді,
Шуақты етші әр атқан күнімізді.
Бергеніңнің арттырып берекесін,
Жұмаққа лайық етші түбі бізді!
Саған
Алмайсың хабарлассам,
Көрмейсің амандассам.
Жеттім-ау заманға да,
Адамнан адам қашқан.
Сезбейсің ештеңені,
Күтпейсің кешке мені.
Көңілім талды шайқап,
Иесіз бос кемені.
Сөйлеймін, тыңдамайсың,
Кездессек бір қарайсың...
Жанымнан өте шығып,
Қолды да бұлғамайсың.
Жазбайсың, оқымайсың,
Тек сырттай бақылайсың.
Сонда да әр қимылың,
Жаныма жақын-ай шын!
Менсінбе, көзге де ілме,
Талпынба өзгеруге.
Сүймеген сайын мені,
Сағындым сезбедің бе?!
Есімді жия алмаймын,
Іздеуді тыя алмаймын.
Неге мен тым құрыса,
Өзімнен ұялмаймын?!
Жүрек қой сағынатын,
Сезім ғой жалынатын.
Менің еш қатысым жоқ,
Жазады бәрін ақын.
Қаламым сия тілеп,
Көзім жас құятын ед.
Махаббат заңында бар,
Сезімнің ұяты жоқ!
***
Маусым болып ақпаным,
Гүлдетіп жан бақтарын.
Саған қарап отыру –
Ең керемет шақтарым.
«Бұл бақыттың басы» деп...
Жанарымда жас үдеп,
Саған жете алмауым –
Ең ләззатты қасірет.
Алмасаң да жан емдей,
Жазбасаң да «сәлем» дей...
Саған шалған қоңырау –
Ең тәп-тәтті әуендей.
Мына ғұмыр бақида
Тақпасаң да сақина...
Саған ғашық болғаным –
Ең ғаламат оқиға!
Өртке орантып түн ішін
Жиілейді тынысым
Саған арнап жыр жазу –
Ең сүйікті жұмысым!
24 сағат
Өмірдің өлмеу үшін,
Есігін енді ашқандай.
Өзгені көрмеу үшін,
Көзімді шел басқандай...
Дүниенің дүбіріндей,
Дүрсілдеп дүлей жүрек.
Дұғаның күбіріндей —
Бір сені тілейді тек!
Ай мен күн ғасыр салып,
Аспанда жанасқандай.
Сағыныш асыр салып,
Ақылдан адасқандай...
Түсірме жиі еңсені,
Жетерміз қанат қаға.
Бір күнде сүйем сені —
Жиырма төрт сағат қана!
Шексіздік
Жүрек сезім әлемі ғой,
Шын сүюге шебер ол.
Сезім өмір өлеңі ғой,
Аяқталмау керек ол.
Үнсіз-тілсіз ұғыспауың,
Бақыт құстың ұшқаны.
Аяқтауға тырысса кім –
Сол махаббат дұшпаны.
Мен де түстім қатар отқа,
Деміңдемін күрсінсең.
Нүктесі жоқ махаббатқа,
Нүкте қояр кімсің сен?!
Жүрек – сезім желкені ғой,
Гүлдер болсын таңбасы.
Мына дүние ертегі ғой,
О дүниеде жалғасы.
Күз бе, қыс па мезгілі жоқ...
Бастан бәрін өткіздік.
Махаббаттың мерзімі жоқ,
Ал бар болса – шексіздік!
***
Көп іздеп, мазаңды алсам ашуланба,
Білмеймін сағыныш па, ашудан ба?!
Қайта қайта қоңырау шалғым келед,
Үнсіздіктің тұтқасы басылғанда.
Еркелік пе, біртүрлі Қызғанам ба?!
Сені іздеймін өрт кеудем мұздағанда.
Жылуым ау, жаным ау, жарығым ау,
Алыстама көшеде күз болғанда.
Жұмысың ғой қолыңды босатпаған,
Махаббаттың сұхбатын жасатпаған.
Мына дертке төзетін дәрменім жоқ,
Мен барамын кешікпей осы аптадан.
Бұлай сүйіп көрмеппін бұрындары,
Тыншымайды кеудемнің шыбын жаны.
Сағыныштың дауысы аласұрған,
Сенің телефоныңның шырылдары.
Мен іздесем сүйгеннен, өртім ішкі...
Сезесің ғой мендегі толқынысты.
Іздей берсем ренжімей іздете бер.
Іздемей қалсам бір күн...
Қорқынышты...
Мен сұлумын
Мен сұлумын көктемгі гүлмен бірдей,
Мен сұлумын көктегі күнмен бірдей!
Мен сұлумын анамның жас кезіндей,
Бұлт ішінен шашылған нұрмен бірдей.
Мен сұлумын ақпанның ақ қарындай,
Мен сұлумын сәуірдің бақтарындай.
Мен сұлумын мөп-мөлдір таң шығындай,
Мен сұлумын кештердің мақпалындай!
Мен сұлумын жауынның тамшысындай,
Мен сұлумын Алатау аршысындай.
Мен сұлумын сұлулық әлеміне,
Маxаббат алып келген жаршысындай!
Мен сұлумын ақшамның қызылындай,
Мен сұлумын көкжиек сызығындай.
Келбетіме жарасар теңеу үшін,
Қараңғыда қалқыған жүзі нұрлы ай!
Мен сұлумын мұxитта лағылдардай,
Мен сұлумын гауxар тас шағылғандай.
Мен сұлумын саxара өрнегінде,
Ақылдан адастырар сағымдардай!
Мен сұлумын, бақыт бар менде батпан,
Сұлумын деп мақтанам, сен де мақтан!
Мен сұлумын, себебі, Жаратушым,
Жер бетінің барлығын тең жаратқан!
Менің анам
Қайғының да болад дейді қайыры,
Жалдан сипап қанат бітті жырларға.
Маған үлгі болар кім бар тәйірі!?
Аристотель, алтын анам тұрғанда.
Ажыратқан адамдықты тани иіс,
Қарсы тұрған жаулардан да зорларға.
Тағын тастап кетер еді «Томирис»,
Менің анам сақ сарбазы болғанда.
Алдан талай, боран, дауыл, соққан қар,
Сонда да аппақ, ашық көрген аспанын.
«Абылайлап» жауға қарсы шапқандар,
«Қазыналап» қан қылар ед қастарын.
Төле, Қазбек, Әйтекедей заңғар да,
Көсемдігі Жиреншедей шешеннің.
Сол заманда әжем жүкті болғанда,
Шаңын қауып қалар еді шешемнің?!
Сұлулығын сақтай білген және сақ.
Ай көріксіз, ол әдемі не деген?!
Қыз Жібегін Бекежанға бере сап,
Соңына еріп кетер ме еді Төлеген.
Жақсылығын бермесі хақ жеке түн.
Жасамаған жан адамға кеш құрмет.
Батылдығы анашыма жететін.
Бүгін, ертең, маған ондай ешкім жоқ.
Түйресе де жанын жалғыз түндері,
Көрген емес қиындықтан жасып ол.
Болмаса да бүгін ондай, бір мені.
Туғаны үшін тарих ертең бас иер!
АТЛАНТ СЕЗІМ
Атлант менің сезімімнің қасында,
Жәй теңіз,
Сенсіз секунд созылатын ғасырға,
Жалғыздықты қайтеміз...
Қол ұстасып бірге жүрген көшелер,
Қол бұлғап тұр, жоқ қайғы.
Бақытты адам, ақын болмас деседі ел,
Оттайды.
Өлген жəне тірі біткен, қаламды,
Қасіретте еске алар.
Сосын мұңмен егіз көріп ғаламды,
Бақытына кеш қалар.
Ал мен…
Ал мен өзгемін-ау бұлардан,
Бақыттымын, ақынмын.
Жанда бақыт, ойда сенім,
Ұлы арман,
Өлең жазып жатырмын.
Сүйем, сенем, сезем бəрін, бүкілін,
Əдемі деп əлемді.
Сан қасірет қойып кетті үтірін. ..
Жылауық жыр жаза алмаймын мен енді!
Көктем болып кезіп жүрдік күз ішін,
Иеленіп махаббаттың үздігін.
Қайта асығып кездесуіміз үшін,
Қоштасамыз біз бүгін.
Бірге асатын, асулар бар қанша алда
Сезім тәтті – дерт екен.
Секунд сайын сені ғана аңсауға,
Сөз беремін, серт етем.
Қайғы шықса алдымыздан көлденең,
Берілмейік, белдесейік.
Жүрегіңе ерік бер де «мен» деген,
Сен де сөйт.
Атлант менің сезімімнің қасында,
Жәй теңіз,
Сенсіз секунд созылатын ғасырға,
Сағыныш ше…
Сағынышты қайтеміз?!
СҮЙІСПЕЙ ҚОШТАСАЙЫҚ
Жат болып кете алмаймын,
Хақым жоқ жақындауға.
Шыдармын, өтер қайғым,
Қалмасын атың дауға.
Кетейін көп бөгелмей,
Әр минут қауіп маған,
Сүймей де жек те көрмей,
Тағы іздеп тауып барам.
Қызығар қылығын жоқ,
Сұлулық, ақылын да аз.
Сезінің гүлі бүрлеп,
Сонда да ақының мәз.
Сүймей ақ сағынамын,
Жүрмей ақ жақсы көрем.
Ағымнан жарыламын,
Төгіліп ақ сыр өлең.
Жүректі жараладың,
Емдеуге рұхсат етпен.
Дос болу бар амалым,
Шақырып тұрса көктем.
Өткенің, бүгініңнің,
Бәрінен қызғанамын.
Мен үшін ғұмырыңның,
Арнасын бұзба жаным.
Менікі тәтті қиял,
Күтетін ханзадасын.
Бір ғана сәтті қияр,
Жазуға жан жарасын.
Сыр толы сандықтарға,
Серт етіп, достасайық.
Сүйем ғой сондықтан да,
Сүйіспей қоштасайық!..
СЕНСІЗ...
Сенсіз, күннің шуағы да ызғарлы,
Сенсіз, ажырата алмаймын тұз, дәмді.
Сенсіз, тіпті тырыспаймын ұғуға,
Сырын айтқан, ақын құрбы қыздарды.
Сенсіз айдың сәулесі де қараңғы,
Сенсіз, жасқа мала берем жанарды.
Сенсіз, түнек басып алып бөлмемді,
Сенсіз, кейде сүймей қалам анамды.
Сенсіз, аспан – қара бұлттың боданы,
Сенсіз, азап – сезімімнің одағы.
Сенсіз, гүлдер, көктемде де солады,
Солған гүлдің, саған ғана обалы…
Сенсіз, арай сипамайды бетімді,
Сенсіз, самал тарамайды кекілді.
Сенсіз, жерде алты миллиард адамзат,
Мен жек көрер жалғыз адам секілді.
Сенсіз, қиын, қан айналым, тынысым,
Сенсіз, бөтен, үйім, жырым, туысым.
Сенсіз, бақыт тапқандарға таңғалам,
Мəз болып жүр кім үшін?!
Сенсіз, лайсаң, таңғы гүлде шық тамшы,
Сенсіз, айқай сап тұрғандай мықты əнші.
Сенсіз…
Сенсіз...
Өмір – өңсіз,
Жер – көрдей…
«Сенсіздіктен» құтқаршы!..