Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:28

Молдова «Орыс үйін» жабады: Ресей мәдени орталығының қызметі тоқтатылады

Орыс үйі Молдава
Фото: 1news.az

Молдова билігі Кишиневтегі «Орыс үйі» деп аталатын Ресей мәдени орталығының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Молдованың сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Ресей тарапы бұл шешім туралы ресми түрде алдын ала хабардар етілген. Қолданыстағы екіжақты келісімнің мерзімі маусым айының соңы – шілде айының басында аяқталады және ол ұзартылмайды.

«Ресей тарапы бұл туралы хабардар. Жазда, шамамен маусымның соңы немесе шілденің басында қолданыстағы келісімнің мерзімі аяқталады және ол ұзартылмайды. Бұл құжаттың заңды күші толық тоқтайды деген сөз. Осы мерзім өткен соң орталықтың Молдова Республикасында қызмет етуіне ешқандай заңды негіз қалмайды», - делінген хабарламада.

Молдова билігі «Орыс үйін» жабу туралы шешімді елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен сыртқы ықпалдарға қарсы саясатымен байланыстырып отыр. Ресми Кишинев бұл орталықты Ресейдің жұмсақ күш (soft power) тетіктерінің бірі ретінде бағалайды.

Бұған дейін Молдова парламенті Ресеймен мәдени орталықтар жөніндегі 1998 жылғы келісімді бұзу туралы бастаманы қолдаған. Аталған құжат «Орыс үйінің» құқықтық негізі болып келген.

«Орыс үйі» деген не?

Кишиневтегі «Орыс үйі» – Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы, ол Ресейдің мемлекеттік «Россотрудничество» агенттігіне қарайды. Орталық 2000-жылдардың соңынан бері жұмыс істеп, мәдени іс-шаралар, тіл курстары мен көрмелер ұйымдастырып келген.

Сарапшылар Молдованың бұл қадамын Ресеймен арадағы қарым-қатынастың салқындауымен, сондай-ақ елдің Еуропалық одаққа бет бұру саясатымен байланыстырады. Бұған дейін Балтық елдері мен Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеттері де ресейлік мәдени орталықтардың қызметін шектеген немесе жапқан болатын.