Молдова парламенті елдің ТМД-дан шығуын мақұлдады
Молдова парламенті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығуға негіз болатын үш келісімді денонсациялау туралы заңдарды екінші, соңғы оқылымда қабылдады.
Қандай құжаттар күшін жойды?
Шешімге сәйкес – 1991 жылы қабылданған ТМД-ны құру туралы келісім, оған қатысты хаттама, 1993 жылы қабылданған ұйым жарғысы күшін жояды.
Бұл шешімді парламенттің 101 депутатының 60-ы қолдады.
Қарсы пікірлер де болды
Заң жобасын биліктегі «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы және бірқатар депутаттар қолдады. Ал коммунистер мен социалистер оған қарсы шықты. Коммунистік партия жетекшісі Владимир Воронин бұл шешімді «елге жасалған сатқындық» деп бағалады.
Шығу процесі қашан басталды?
Молдова ТМД-дан шығу процесін 2026 жылдың қаңтарында бастаған. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеген. Наурыз айында үкімет бұл шешімді мақұлдап, парламент 20 наурызда алғашқы оқылымда қараған.
Қашан толық шығады?
Заңдар толық күшіне енгеннен кейін:
-
Молдова ТМД атқарушы комитетіне ресми хабарлама жібереді;
-
12 айдан соң елдің ұйымдағы мүшелігі тоқтатылады.
Барлық келісімдерден бас тартпайды
Попшойдың айтуынша, Молдова ТМД аясындағы барлық келісімдерден толық бас тартпайды.
Егер келісімдер экономикалық пайда әкелсе, азаматтар үшін маңызды болса, елдің еуропалық бағытына қайшы келмесе — олар сақталуы мүмкін.