Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:18

Моңғолиядағы наразылық. Ереуілшілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етті

Моңғолия шеру
Фото: MiddleAsianNews

11 қаңтарда Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда жергілікті тұрғындар түтін, жоғары салық, кедейлік пен жұмыссыздық мәселелеріне шағымданған наразылық шеруі басталды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, акцияны ұйымдастырушылар – «Бостандық альянсы» партиясы. Шерушілер ауаның ластануы мен салық саясатына наразылық білдірген. 11 қаңтар күні сағат 11.00-де олар Сүхбаатар алаңына жиналып, орталық даңғылды жауып тастаған.

Шеруге 3000-ға жуық адам жиналған. Алаң арқылы өтетін 15 автобус бағыты тоқтаған. Акция барысында наразылар парламент депутаттарын Моңғолия үкіметін отставкаға жіберуге шақырған.

Әлеуметтік желідегі бейнежазбалардан наразылық білдірушілердің үкімет ғимаратына басып кіруге тырысқанын, бірақ оларды тәртіп сақшылары тоқтатқанын көруге болады.

Шерушілер алаңға «Үкімет отставкасы» деген плакатпен шыққан.

News.mn агенттігінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де басталған шеру билік оны тек сағат 17:00-ге дейін өткізуге рұқсат бергенімен, кем дегенде он сағатқа созылған.

«Монгольский узел» Telegram-арнасының хабарлауынша, үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен наразылықтар кем дегенде 22 қаңтарға дейін жалғасуы мүмкін.

Айта кетейік, 2022 жылдың желтоқсан айында Моңғолияда жаппай наразылықтар өткен болатын. Олар сыбайлас жемқорлық дауына байланысты басталды. Жиналған жұрт Қытайға экспортталған 12 миллиард долларлық көмірді ұрлағандарды жазалауды талап етіп, үкіметтің отставкаға кетуін сұрады. Қақтығыс салдарынан бірнеше қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындар жарақат алды.