Моноқалалар жырында Жұманғарин ғана өседі
Қазақстанда 89 қала бар. Соның ішінде ірі мегаполистердің проблемасы, үлкен қалалардың жайы жиі айтылады.
Ал елдегі өнеркәсіптің 40 пайызын құрайды делінетін моноқалалардың ахуалы көлеңкеде қалып кете береді. Осыған дейін 1,4 млн халқы бар 27 моноқала тізбектелсе, қазір олардың саны 20-ға қысқарды. Тұрғындар саны 2000 жылдармен салыстырғанда екі есе азайған, совет кезінен қалған инфрақұрылым әбден тозған. Үкімет болса, уәде мен жол карталарының айналасында айналшықтаған күйі әлі жүр.
Моноқала статусын екі критерий айқындайды: негізгі кәсіпорын қала өндірісінің 20 пайызын құрауы керек; ондағы халықтың 20 пайызы сол кәсіпорында жұмыс істеуі қажет. 2012 жылдан бері мұндай 27 қала аталып келді. Бәрі дерлік советтік кезеңде құрылып, дамыған. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика саласындағы ірі кәсіпорындардың айналасында қалыптасқан қалалардың көпшілігі тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде күйзелісті еңсере алмай қаңырап қалды, тоқырауға ұшырады. Кейіннен дағдарыс аяқталса да, шағын қалалардың жағдайы жақсара қоймады. Үкімет ұдайы кешенді жоспарын, жол картасын жасап, миллиардтап бюджет қарастырып жатырмыз дегенімен, моноқалаларда прогресс байқалмай қойды.
Моноқалалар Назарбаев кезінде
Мәселен, Риддер мен Жаңатаста инфрақұрылымның ескіргені сонша, жылу қазандықтарында қаншама апат болып, тіпті бірнеше рет төтенше жағдай жарияланды. Дәл сол секілді Екібастұз да 30 градус аязда жылусыз қалғаны есімізде. Саран қаласының жайына да куә болдық. Осындай қиыншылыққа тап болған Кентау жақында ғана экологиялық апат аймағы деп танылды. Өткен наурызда Теміртаудың жартысына жуығы ауыз сусыз қалып, табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ режимі жарияланғаны тағы бар. Көгілдір отын тартылмағандары да кездеседі. Айта берсе әрбір моноқалада мұндай проблема жеткілікті. Тұрғындардың базалық қажеттіліктерінің өзі қанағаттанбай жатқанда әлеуметтік сала мен өмір сапасы туралы сөз қозғаудың да қажеті болмас. Сондықтан да өзі советтік сұрғылт кейпінен арыла қоймаған, ал болашағы бұлыңғыр қалалардан жұмысқа қабілетті жастағы азаматтар көшуге асығып тұрады. Оны да статистика дәлелдейді. 2012 жылы ҚР халқының саны 17 млн кезде моноқалалықтардың саны 1,5 млн болған. Енді халық саны 20 млн-нан асса да, моноқалалардағы халық саны 1,4 млн-ға түсіп кетті. Кері кетудің бұдан асқан мысалын таба алмассыз...
Қазақстан үкіметі моноқалаларды дамытатыны жөнінде әр жыл сайын айтады. Әуелде бірнеше жыл шеңберінде үлкенді-кішілі бағдарламалар аясында тыпырлаған болды. Моноқалаларды дамыту тақырыбына шындап кіріскен кезі (!) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың моноқалаларды дамыту жөніндегі жолдауынан кейін басталды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған президент-елбасының емеурінінен кейін-ақ үкімет атқа мінді. «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» бекітіп, жер де, су да, аспан да моноқала деп жаңғырды да тұрды. Бірақ бұл шабылыс екі-ақ жылға жетті. Жетті де ұмыт болды. Ақ болды, көк болды деп, ақыры жаңа қаулы қабылдап, бұл бағдарламаны жоя салды. Сол екі жылдың ішінде 48,4 млрд теңге бөлініп үлгерген, оның нәтижесі қандай болды, қателігі неде болды деп індеткен пенде баласы болған жоқ. Бірді-екілі депутаттар сынаған болды: моноқалалардың инфрақұрылымына деп берілген ақшаның желге ұшқаны; ШОБ-ты дамытуға арналған шағын несиелердің иесін таппағаны; 12 қалада өндіріс көлемі артудың орнына қысқарып кеткені... Айтылған да қалған, соншама науқанды құр дабырамен өткізгендер тергеліп, ұсталып, жауап беріп жатқанын көрген ешкім жоқ.
Аты дардай бағдарлама жойылған соң 2015 жылдан бастап моноқалаларды дамыту «2020 жылға дейін өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы» аясында жүретін болды. Нәтижесі қалай деген сауалға бас қатырып керегі жоқ, 2021 жылғы жағдай бойынша моноқалалардағы инженерлік, көліктік инфрақұрылымдардың ескіруі – 45,5 пайыз, Теміртау, Арқалық сынды қалаларда тіпті 90 пайызға дейін жеткенін айтсақ та жеткілікті. Жұмысшылар саны кері динамика көрсеткен. Білікті мамандар тапшылығы арта түскен.
Моноқалалар Тоқаев кезінде
2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарауды тапсырды. Осыдан кейін моноқалалардың қатары сиреп кетті. Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Саран, Серебрянск, Текелі сияқты қалалар жаңа тізімге кірмей қалды. Әйтпесе, осы аталғандардың қай-қайсысы да алдыңғы науқанда ауыздан түспей тұрған, қаншама үміт артылған, ақша жұмсалған қалалар еді.
Жезқазған Ұлытау облысының орталығы болды. Текелі және Саран экономикалық әртараптандырудың сәтті жүргізілуіне (!) байланысты тізімнен шығарылған. Ал қалған төрт қаланың сызылып кетуіне қатысты мұндай позитивті сылтау табылмады. Арқалық пен Серебрянсктегі қала құраушы кәсіпорындар жабылып, өңірде жұмыс істеп келген Торғай боксит кен басқармасы және Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауыты жұмысын тоқтатты. Ал аудандық маңызы бар моноқала саналып келген Жаңатас пен Қаратауды кішірейтіп, шағын қалалар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдана салды. Өндірісі жоқ, тек жұрт көбірек шоғырланғаны үшін ғана қалқиып тізімде тұрған қос қала экономикаға үлес қоса алмаған, қысқасы, қалай созса да моноқала статусына «тартпай» қойған.
Бірақ бұл қалалар тізімнен шығып қалды деп, ұмытып кеткен жоқ. Ең қызығы, тағы бір тізім пайда болды: 2023 жылдың күзінде ұлттық экономика министрлігі бұрынғы моноқалалар мен қазіргі моноқалалардың бірнешеуін қосып, 10 қаланы бөліп алды. Осы қойыртпақ негізінде тағы бір жол картасын әзірледі. Оған сай, 2027 жылға дейін әлгі 10 қаланы (Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск, Степногорск, Жаңатас, Қаратау және Риддер) дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінеді деді (қазір осы негізде жұмыс жүріп жатқан болу керек, көп естілмейді). Ұраны да, мақсаты да сол баяғы: «Белгіленген сома денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен салу және жөндеу де жоспарда бар. Бұл қалалар 10 кешенді жоспар аясында 608 тармақтан тұратын іс-шаралар негізінде жүзеге аспақ», – делінеді ресми хабарламада.
Кезекті жол картасы қабылданғалы да бір жыл өтті. Былтыр бұл бағытта бюджеттен 62,8 млрд теңге ғана қарастырылыпты. Соған қарағанда, 2027 жылға дейін 1,7 трлн теңге жұмсалып үлгермейтін сияқты. Былтырғы бюджет тапшылығын есепке алсақ, мақсатты 2027-нің есік қағып тұрғанын ескерсек, биылғы жағдайымыздың былтырғыдан көш ілгері ұзай қоймайтынын шамалай отырып, бұл жол картасының да алдыңғының заңды «мұрагеріне» айналатынын болжауға мәжбүрміз. Не де болса, Назарбаевтың кезінде қанша көпіртіп баққанмен жетекке жүрмей қойған моноқалалар Тоқаевқа тіпті ауыр салмақ артатын түрі бар. Оның басты себебі, жаңа айтқан бюджет тапшылығы болғалы тұр.
Экономист Шолпан Әйтенова:
«Моноқалаларды дамыту бағдарламалары дұрыс бағытта жасалғанымен, олардың тиімділігі жоспардың сапасына, жергілікті биліктің әлеуетіне және бөлінген қаржыны игеру деңгейіне тәуелді. Экономист ретінде ұсыныс – әртараптандыруды тездету, инвестиция тарту және нақты нәтижелерге негізделген мониторинг жүйесін құру. Бұл моноқалалардың тек шығын көзі емес, экономикалық өсімнің драйверіне айналуына мүмкіндік береді. 2027 жылға дейін моноқалаларды дамыту үшін бөлінеді деген 1,7 трлн теңге мен 2024 жылғы 62,8 млрд теңгені игерудің тиімділігін мұқият бақылау қажет. Моноқалалардан халықтың ірі қалаларға жаппай көшуі экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Жастардың кетуі жергілікті еңбек ресурстарының азаюына әкеледі. Бұл үдерісті тоқтату үшін тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және жұмыс орындарын ашу маңызды. Саран мен Текелі қалаларын экономикалық әртараптандыру қалай жүрді? Міне, осы тәжірибені басқаларына да пайдалану керек. Әйтпесе, моноқалалар мемлекетке қаржылық жүк қана болып қала береді», – дейді.
Назарбаевтың кезінде моноқалаларға жауапты болған Жұманғарин Тоқаевтың кезінде министр болды
Урбанист маман Диас Маратұлы моноқалалар мәселесі негізінен урбанистиканың емес, экономиканың объектісі дейді. Әрине, өңірлерді дамыту да, шағын өнеркәсіптік қалалардың шаруасы да алдымен экономикалық процесс. Оның бар шаруасы ұлттық экономика министрлігіне жүктелген. Өңірлік даму департаменті де осы ведомствоға қарайды. Бір қызығы, бұрынғы экономикалық даму және сауда министрлігінің өңірлерді дамыту комитетін басқарған Серік Жұманғарин жақында ғана ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 2012-2013 жылдары моноқалаларды дамытуға тікелей жауапты болған ол БАҚ-қа қызықты сұхбат беріпті:
«Моноқалаларға қатысты түйіні томардай, шешілмеген мәселелер шаш етектен. Шағын қалалар «шаршап-ақ» тұр. Елбасы үкіметке тапсырма берді, ең әуелі, бір кәсіпорынға тәуелді болған моноқалалардың экономикасын әртараптандыру қажет. Ауыз су, жарық, жылу, газбен қамтамасыз ету, кәрiз және телекоммуникация инфрақұрылымдарының жағдайы да сын көтермейді. Проблемаларды стихиялық және құтқарушылық сипатта емес, жүйелі және ұзақ мерзімді шешуді жоспарлап отырмыз».
Шын мәнінде бұрынғы комитет басшысы, қазіргі министр Жұманғарин мырзаның 12-13 жыл бұрын айтқан осы сөздері әлі де актуалды. Қарттардан «совет кезінде керемет қала едік» деген естеліктерді қазір де естіп жүрміз. «Сонау 2020 келсе, 2025 келсе» деген орта буынның да үміті сөнуге айналды. Ал жастар жағы моноқала түгілі, Қазақстаннан көшіп кетуге ынталы. Өйткені өзгерген дәнеңе де жоқ. Балқаш, Жаңатас сынды қалалар кинематографияда 90-жылдарды таспалауға арналған локация күйінде келе жатыр. Басқа моноқалалардың да кейпі сол шамалас. Бұл туралы экономист Құралай Сакибаева пікір білдірді:
«Әлем елдерінде де біздегі сынды проблемалар кездеседі. Әрбірінде қолданылатын әдіс әртүрлі. Ресейде 15 млн-дай тұрғын тұратын 300-ден аса моноқала бар. Қытай, АҚШ, Канадада да моноқалалар көп. Соның ішінде Германияның моноқалаларды дамыту мысалы жақсы. Ал бізде өнеркәсіп негізінде ашылған қалалар сол өнеркәсіптердің құлдырауына қарай бірге регреске ұшырауда. Себебі ол өнеркәсіптен басқа жұмыс орындары қала халқын асырауға, толық жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермейді. Осының әсерінен еңбекке қабілетті азаматтар, олармен бірге бүтін отбасылар мегаполистерге немесе облыс орталықтарына көшеді. Кешенді жоспарлар да дәл осы негізгі факторға негізделіп жатыр. Мақсат – жаңа жұмыс орындарын көбейту, экономиканы әртараптандыру. Дейтұрғанмен диверсификация қарқыны керемет емес. Кей өңірлерде «входной барьер» кедергі келтіреді. Оған қоса, техника мен технологияның, жоғары білікті мамандардың жоқтығы қолды байлап жатады.
Әрине, бұл бір күндік іс емес, ұзақ мерзімді перспективада назарда болуы тиіс процесс қой. Масштабты жоспарлар, бірнеше жылдарға, онжылдықтарға ыңғайланған бағдарламалар бар да. Негізінен, концепциялары миға қонымды. Алайда мәселе мақсатта емес, оның жүзеге асуында. Айтуға да, қайталауға да ыңғайсыз... Бірақ берілген мақсат пен бюджетті игеруде сыбайластық пен жемқорлық бәрін құртады. Түптеп келгенде, проблематика басқару жүйесіндегі олқылықтарда».
Баян Мұратбекқызы