Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:25, 20 Наурыз 2025

Моноқалалардың саны қысқарып, тұрғындары азайып жатыр

Моноқала
Фото: википедия

Елімізде өңірлер мен қалаларды дамыту жағы қарқынды түрде жүріп жатыр. Әсіресе ескірген инфрақұрылым мен демографиялық өсім фонында әлеуметтік нысандарды дамыту жағы, азаматтарға экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы орта жасауға тырысу жағы жіті назарда.

Қазір елімізде 17 облыс пен 3 мегаполис бар. Республика бойынша ең көп аудандар саны Ақмола облысында, ал облыстық маңызы бар қалалар мен кенттік әкім аппараттары Қарағанды облысында. Ақмола және Қостанай облыстарында ауылдық әкім аппараттары көп болса, ауылдық елді мекендердің саны ең көп облыс – Түркістан облысы. Бұл орайда, ірі қалалар Астана, Алматы, Шымкенттің дамуы өз алдына. Ал өңірлердің жағдайы бөлек тақырып. Қазіргі таңда Қазақстандағы ең бақуатты облыс – Атырау облысы. Одан кейінгі орында Алматы қаласы. Бұл өңірлердің жан басына шаққандағы кіріс көлемі салыстырмалы түрде өте жақсы. Ал антирейтингте Қызылорда облысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жасалған жолдаудан кейін Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Олардың орталығы болған Семей, Жезқазған және Қонаев қалалары жаңа мәртебесі арқылы дамуға серпін алды. Бүгінде аталған қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жолдардың сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар бар. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестициялар ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің неғұрлым ұтымды есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді деген болжамдар айтылады. Өз кезегінде мұндай оң бетбұрыстар байқалып та отыр.

Қазақстанда 89 қала бар. Соның ішінде ірі мегаполистердің проблемасы, үлкен қалалардың жайы жиі айтылады. Ал елдегі өнеркәсіптің 40 пайызын құрайтын моноқалалардың дамуы жайлы көп сөз қозғалмайды. Осыған дейін 1,4 млн халқы бар 27 моноқала тізбектелсе, қазір олардың саны 20-ға қысқарды. Тұрғындар саны 2000 жылдармен салыстырғанда екі есе азайған, кеңес кезінен қалған инфрақұрылым әбден тозған. Сондықтан бұл елді мекендер ерекше назар аударуды қажет етеді. Негізінен, моноқала статусын екі критерий айқындайды: негізгі кәсіпорын қала өндірісінің 20 пайызын құрауы керек; ондағы халықтың 20 пайызы сол кәсіпорында жұмыс істеуі қажет. 2012 жылдан бері мұндай 27 қала аталып келді. 2023 жылы президент моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарауды тапсырды да, тізім жаңарды. Енді Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Саран, Серебрянск, Текелі қалалары моноқала санатында емес. Себебі Жезқазған Ұлытау облысының орталығы болды. Текелі және Саран экономикалық әртараптандырудың сәтті болуына байланысты тізімнен шығарылған. Қалған қалалар бөлек дамытуды қажет етеді. Осыны ескере отырып, 2023 жылдың күзінде ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды да, бұрынғы моноқалаларды да дамыту мақсатында жол картасын әзірледі. Оған сай, 2027 жылға дейін 10 қаланы (Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск, Степногорск, Жаңатас, Қаратау және Риддер) дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінбек.

Ақжол Мейірбек

Тегтер: